Құл-Мұхаммед «бұлбұлша» сайраса...

Oinet.kz 20-03-2014 1389

     Screenshot_1.jpg

Ұзақ уақыт бойы ашығудың, авитаминоздың, түрлі заттардан уланудың соңы көтерем дертіне ұласады. Көтеремге іліккеннің еті арықтап, қабырғасы арсиып, терісі бүлініп, аяқтан тұру мұңға айналады. Оны дереу емдемесе...

     Қазіргі таңдағы қазақ қоғамының санасы  осындай көтерем дертіне шалдығып, тәлтіректеп тұрғандай. Бір қарасаңыз, осы сөзіміз астамшылдық секілді. Бірақ, үңіле түссеңіз, өзіңізге өзіңіз мынандай ащы сұрақ қойып көрсеңіз: бізде рухани аштық бар ма? Біздіңше, бар. Болғанда қандай! Бізде улану үрдісі байқала ма? Байқалғанда қандай! Бір ғана Украина мен Қырым тартысындағы Ресейден жеткен сыңарезу ақпараттың зілі қалайша әсер етті? Сор топырақтың астында судың бір келуін күтіп жатқан жылан балықтай кеше ғана Қарағандының коммунистері «Совет Одағы тірі екен!» деп бөріктерін аспанға атпады ма!? Бұл ненің белгісі? Оларға тойтарыс беретін қайраткер, қоғамдық күш, мемлекеттік қызметкер қайда? Мұндай құбылыс ертең басқа өңірде жалғаспасына кім кепіл? Жалпы, біздің санамыз неге көтерем дертіне шалдықты? Бір қарасаңыз, Құдайға шүкіршілік, руханятқа бет бұрған тәуелсіздік таңының жастары баршылық. Бірақ, олардың алаулатып-жалаулатып шығарған кітаптары бір тойдың қонақтарынан да артылмайды. Құм жиылып, тас болмастың нағыз кейпі. Тіл көзден сақтасын, қазақ газеттері, ғаламтордағы сайттары баршылық. Бірақ, ол жерлерде қоғамдық пікірді мұзжарғыштай алға сүйрейтін тұлғалар көрінбейді. Азғантай топтың күш-қуаты сарқыла бастағандай.  Негізі, жалынды, жігерлі нағыз қайраткерлер бізде болған еді. Маңдайға сидырмадық. Бірін оққа, бірін сотқа, бірін қызметке құлша байладық. 

   Шүкіршілік дейтіндей, қазақта телеарна да жоқ емес. Бірақ, «көкжәшік» танымдық, талғамдықтан жұрдай болды. Елдің санасын сілкілеп, шенеуніктерді қамшылайтын саяси қайраткерлер, партиялар, қозғалыстар өткен шақта аздау болса да, болған-ды.  Оларды да тұқыртып бітірдік. Билік қазір жар басындағы моладай жарбиып жалғыз қалғандай. Оны қолтығынан демесетін, ноқтасынан алға тартып сүйрейтін қоғамдық күш қалмады. Көтерем жылқыны жетектегендей көрінетін жасанды қолдау, жасанды талдау, жасанды науқан онсыз да жауыр қоғамды жиіркендіріп бітті. Қоғам санасында сенімсіздік орнықты. Жамағаттың билікке деген әлсіз шоқтай соңғы үмітін теңгенің құнсыздануы жалп етіп өшірді. Сонымен бітті. 

    Иә, күнделікті жаңалық жеткілікті. Пара бергіш, оны ұстағыш,  опасыз мұғалім, оңбаған дәрігер, алқаш жүргізуші, жеңілтек әнші, арзанқол күлкі эфир, газет бетін толтырғанға жеткілікті. Бірақ, бұл рухани аштыққа, қоғам санасының дамуына, ақыл-ой әлеміне нәр болмайды ғой. Яғни, қазақ санасына «қорек» керек. Шетелдік емес. Тұла тарихымыздан, өз ата-жұртымыздан. Қазақ көші, қазақ тарихы, қазақ саясаты, қазақ байлығы, қазақ мемлекеті, қазақтың болашағы... Осындай қазынаны қозғайтын күш қайда, пәрмен қайда?  Рас, Мәскеуге «айдауға» кетпес бұрын бұрынғы Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мақтаудан бас алмайтын мемлекеттік басылымдардың бағытын өзгертіп,  осы бағытқа бұрып көруге күш салды. Бірақ, «тарихты базарға» айналдырып, «мойыны бұралып» кете барды.  Рас, ғаламтордағы көзі ашық белсенділердің тізімі жасақталып, әркімге жауапты тақырыптар берілді. Бірақ, олар желкенсіз қайықтай ағысқа қарсы жүзе алмады. Рас, ел ішінен Мұхтар Тайжан секілді тәуекелшіл жастар шықты. Бірақ, «жалғыздың шаңы шықпады»,  ашық саясат алаңынан ол да кетті. 

  Ұят та болса айтайық, қазір елдегі саяси жағдайлар туралы мемлекеттік тілде сауатты сұхбат бере алатын саясаттанушы, экономиканың сүйегін жіліктейтін маман қалмады.  Өзі азғантай топтың жартысы тілдерін тістеп отыр. Сөйлеуі міндет һәм қызмет депутаттардың жыры бесенеден белгілі. Тіпті, тарихи тұлғаларды мемлекеттік басылымнан көру мұң болып кетті.  Сонда, бұл үнсіздіктен, бұл «ашаршылықтан» кім құтқармақ? Егер естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде Е.Ертісбаев деген біреу болды. Көпшілік оны «бұлбұл» десті. Соның сайраған «әнінің» мағынасы, әуені әр аптада әрқалай шығатын. Көп сөзінде береке болмаса да, әділдігін айту қажет, ол қоғамдық пікірдің көрігін қыздырды. Енді, сол «бұлбұлдың» орнына яғни, президент кеңесшілігіне жақында ғана Мұхтар Құл-Мұхаммед барды. Әрине, біздің  жеке түсінігіміз бойынша, М.Құл-Мұхаммед пен Е.Ертісбаевты тең қойып салыстыруға әсте болмайды. Себебі, біріншіден біздіңше Мұхаңның өресі әлгіден әлде қайда биік. М.Құл-Мұхаммед екі тілге де жорға, шешен. Таңнан кешке дейін кез-келген халықтың эпостық жырларын жатқа соға береді. Екіншіден, мәдениет пен өнерді тереңнен зерттеген. Үшіншіден, төл тарихымыз бен қоса шығыс, одан қалса, батыс тарихын ерінбей оқып, санасына түйген. Бекзадалық өнері, қыран баптап, тазы баққан жайы және бар. Төртіншіден, әкім болып, аумақтағы халықтың мұңын естіген. Бесіншіден, ақпараттық «пештің» «отымен  кіріп, күлімен шыққан» жанның нақ өзі. Яғни, Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекеттегі, қоғамдағы кемшілік пен жетістікті,  жүрер бағыт-бағдарды бір кісідей біледі. Осы «байлығымен» енді неге бөліспеске? Кешегі кеңесші Ертісбаев секілді неге баспасөздің бетінде түрлі ой айтып, қоғамды «аштықтан» құтқармасқа? Қақпағы жабылып қалған қазанды қайта ашып, ұлттық құндылықтарды талқыға салып, оған қабақ шыта қараған шенділерді неге сынға алмасқа? Жоғарғы оқу орындарына барып, студенттерге неге дәріс оқымасқа? Соңынан еркін ойлы, сергек саналы шәкірттерді неге тәрбиелемеске? Ел ішін алатайдай бүлдіргісі келетін «жылан балықтарға» неге тойтарыс бермеске? 

Айтыңызшы, осындай мәселелерді дәл қазіргі таңда Құл-Мұхаммед көтерсе әбден жарасымды-ақ. Біз ары  сұрастырдық, бері  сұрастырдық, сөйтіп,  халық ішінен де, биліктің ішінен де екі жаққа да тең өтімді Құл-Мұхаммед екенін жақсы түсіндік. Бәлкім, көтерем миымыздың жеткен жері осы ғана шығар...

Опера әншісі, үш баланың анасы, Рахат Әлиевтің жұбайы. Назарбаева туралы не білеміз?
Депутат Қаныбековтың қарқыны неге басылып қалды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу