Боралдайдың келіндері Түркістанға барып босанады ма?

Oinet.kz 16-10-2009 957

2310.jpg

ОҚО әкімі А.Мырзахметов осы  сұрақты облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловқа әкімдіктің кезекті мәжілісінде қойды. Басқарма бастығының айтуынша, солай болғалы тұр. Яғни, Бәйдібек ауданындағы Боралдай ауылының аналары дүниеге нәресте әкелудегі қиындықтан жуық арада құтыла алмайтын түрі бар. Ана мен бала өлімі бойынша көрсеткішті төмендету мақсатында кешенді бағдарлама енгізілуде екен. «Жалғыз облыстық перинатальдық орталықтың көмегімен бұл мәселені шешу мүмкін болмай тұр. Тамыз айында Түркістандағы емхананы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіп, қосымша қаражат бөлу арқылы перинатальдық орталық аштық. Оған 4 ауданды тіркедік», -- деді Ж.Исмаилов. Жоғарыдағы сұрақтың қойылуына Бәйдібек ауданының тұрғындары себепкер болған. Облыс басшысының Бәйдібек ауданына  барған іссапарында ауыл тұрғындары Боралдайдағы перзентхананың жабылуы қиындық тудырып отырғанын айтқан еді. Ол ауылдың келіндері дәрігерге көріну үшін аудан орталығына, ал босану үшін Түркістанға немесе Шымкентке баруға мәжбүр. Жалпы ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау нысандарының жайы да көңілдегідей емес. 

Кеше облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде қаралған қос мәселенің бірі облыстың жедел медициналық көмек көрсетуінің және ауылдағы  денсаулық сақтау ісінің жағдайы жөнінде болды. Бұл салада көлік аз, маман жетіспейді. Тарата айтсақ, халыққа жедел медициналық көмек көрсететін 115 бригада бар. Ал нормативтерге сәйкестігіне қарасақ тағы  127 бригада жетпейді. Дәрігер кадрлармен толықтыру облыс бойынша 89,2 пайыз. Бұл орайда Төлеби, Мақтаарал, Ордабасы аудандарында көрсеткіш төмен. Сондай-ақ, жедел медициналық көмек қызметінің 152 санитарлық көлігі бар, жарақтандырылуы 62,8 пайыз, оның 14 автомашинасы тозған. Медициналық құралдармен жарақтандырылуы да республикалық көрсеткіштен төмен, яғни 67 пайыз. Ж.Исмаиловтың айтуынша, жедел жәрдем бригадаларының барып жетуі орташа 30 минутты құрайды. Басқарма бастығы жедел медициналық көмек қызметі бойынша бригадалардың аздығы, дәрігерлердің категориялық деңгейінің төмендігі, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі, үй нөмірлері, жарықтың, ауыл жолдарының қанағатсыз жағдайы негізгі проблемалар екенін атап өтті.

Ауылдық медицина ұйымдарының 383-і жартылай тозған. Әсіресе, Сарығаш, Ордабасы, Бәйдібек аудандарында тозығы жеткен ғимараттар көп. Ал, 34 медициналық нысан апатты жағдайда. Облыс бойынша 370 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде ауылдық жерлер – 200 маманға, балалар анестезиолог-реаниматологтары, неонатологтар, педиатрлар, акушер-гинеколог, учаскелік терапевтерге зәру. Ауылда қалаға қарағанда сырқаттану 12,9 пайыз жоғары. Әсіресе, қант диабеті, қан қысымымен сипатталатын аурулар, жүрек аурулары көп. Ауыл әйелдері арасында биылғы 9 айда ана өлімінің көрсеткіші 100 мың тірі туғандарға шаққанда 70,5 пайыз (12 адам) болса, қала әйелдері арасында бұл көрсеткіш 29,4 пайызды (5 адам) құраған. Жұқпалы аурулар да ауыл тұрғындары арасында қалалықтармен салыстырғанда көп. «Биыл облыстағы көрсеткішті республикалық деңгейге жеткізу үшін 5,9 млрд. теңге қаржы бөлінді. Яғни, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, штат санын талапқа жеткізу мәселелері біршама шешілгелі тұр. Ендігі мәселе дәрігерлердің білім сапасын, қызмет көрсету сапасын жоғарылату» деді облыс әкімі А.Мырзахметов қорытынды сөзінде.  Облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде қаралған екінші мәселе де маңызды. 

Облыс әкімінің өнеркәсіпті тұрақтандыру және дамыту бойынша тиісті іс-шаралар мен бағдарламалар қабылдау жөнінде берген тапсырмасын Мақтаарал ауданынан басқа бірде-бір аудан мен қала орындамаған. Оңтүстіктегі өнеркәсіптік кәсіпорындарының қазіргі жағдайы мен оларды дамыту туралы баяндама жасаған ОҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Ғ.Ильясовтің айтуынша, қазіргі уақытта 774 өнеркәсіп белсенді жұмыс атқарып жатыр. Жыл басынан бергі 9 айда өндірілген өнім көлемі 180,3 млрд. теңгені құраған. Дегенмен, кей аудан, қалаларда өндіріс көлемі төмендеген. Мысалы, Кентау қаласы,  Түлкібас, Сарыағаш, Отырар, Ордабасы аудандарындағы кей кәсіпорындарда бұрынға қарқын жоқ. «Оңтүстік Қазақстан облысының 2009-2011 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарындағы» кәсіпорындарға жүргізілген талдау бойынша облыста 35 проблемасы бар және 6 келешегі жоқ кәсіпорындар анықталған екен. Бүгінгі таңда солардың 11-і тұрақты жұмыс істей бастаған. Ал алтауы кемшіліктері бар болғанымен жұмыстарын жалғастыруда, 18 кәсіпорын тоқтап тұр. Осы 18 кәсіпорын қашан қосылады, ол үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Облыста қандай тауарларды шығарып, қандай қызмет көрсете аламыз? Биыл қанша тауарды, қанша қызметті сатып алдық? Облыста өндірілген тауарлардың бағасы мен тендер бойынша сатып алған тауарлардың бағасы қандай? Неліктен біз облыста шығарылған тауарларды өзіміз сатып алмадық? Облыс әкімінің бұл сұрақтарына жауап болмады. Сондай-ақ, облыс әкімінің кезекті мәжілісінде кәсіпорындарға, ауыл шаруашылығына қажетті мамандар даярлау, мемлекеттік сатып алудағы «жолы болғыш» бір күндік фирмалардың әрекеттері жөнінде мәселе көтерілді.

"Рейтинг" газеті №37, 16 қазан 2009 жыл

Ресей, Белоруссия, Қазақстан арасында «ҮШТІК ОДАҚ» құрылды
Балғынбаев енді Елбасыға кеңес бермейтін болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу