Ресей, Белоруссия, Қазақстан арасында «ҮШТІК ОДАҚ» құрылды
Бұған дейін Ресей, Қазақстан және Белорусия елдерінің Кедендік одақ құрады деген әңгімелер расқа айналды. 27 қарашада Минскіде өтетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың саммитінде үш елдің Президенті осы жөніндегі мәселені талқылап, маңызды құжатқа қол қояды. Талқылайды дегеніміз жай ғана сөз. Өйткені үш елдің Үкіметі бұған дейін де Кедендік одақты құру жөнінде 51 құжатты мақұлдаған болатын. Минскі кездесуі осы мәселеге соңғы нүкте қоймақ. Одақ алдағы 1 қаңтардан бастап өзінің жұмысына кіріседі.
Жалпы, «Үштік Одақты» аталған үш елдің кешегі Кеңес одағы кезіндегі үзілген байланыстарын қайта жалғайды. Бұдан кім ұтады? Сарапшылар алдымен Қазақстан мен Белоруссияға қарағанда аумағы үлкен, халқы көп, тауар өндіру әлеуеті жоғары Ресей ұтады деген пікірлерін айтып жатыр.
«Кедендік одақтың жұмыс істеу механизімін қалыпқа түсіру үшін бізге кемінде бір жыл уақыт қажет. Алдағы 1 шілдеден бастап, белорус-ресей шекарасындағы кедендік бекеттер жойылады. Осы кезден бастап қазақ-орыс шекарасындағы барлық кедендік рәсімдер тоқтатылуы тиіс. Тек шекаралық бақылау бекеттері ғана қалады». Күні кеше ғана Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының бас хатшысы Тайыр Мансұров осылай деп мәлімдеді.
Кедендік одаққа мүше болған үш елдің ішкі нарығы кеңейеді. Яғни, Қазақстан үшін 16 миллион тұтынушының саны 170 миллионға көбейеді деген сөз. Мұны бір деңіз. Екіншіден, ортақ Кеден кодексіне сәйкес бірыңғай жеңілдетілген салық режимі, кәсіпкерлікке қатысты барлық рәсімдер жеңілдетілген тәртіппен жүргізіледі. Бұл ішкі инвесторлардың қызығушылығын шикізаттық емес салаға деген тудыруы мүмкін. Тұтынушының да ұтар тұсы көп. Мәселен, барлық Ресей мен Белоруссиядан шығарылатын таурларға кедендік баж салығы салынбағандықтан, Қазақстан нарығындағы олардың бағасы арзандайды. Өйткені Кедендік одаққа мүше үш елдер сыртқы саудаға қатысты бірдей саясат ұстанады (импорт, экспорт, таурларды әкелуге тыйым немесе шектеу салу).
Кедендік одақ елдегі кәсіпкелерге де жаңа мүмкіндік ашады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мемлекет жасап берген мүмкіндікті қалт жібермеуі тиіс. Олар жаппай Ресей нарығын жаулауға ұмтылады. Мәселен, Ресей Латын Америкасынан жылына 3 млрд. доллардың етін импорттайды екен. Ал, Қазақстанда мал шаруашылығы біршама дамығанмен жылына экспорттайтын еттің көлемі 200-300 тоннадан аспайды. Яғни, енді етті Ресей асыруға болады деген сөз. Бірақ ол үшін алдымен өндірілетін өнімнің сапасы Ресей белгілеген талапқа сәйкестелуі керек. Егер тауарларды осылайша халықаралық талапқа сәйкестендіру үрдісі кең етек жайса, ертең Дүниежүзілік Сауда ұйымына өтуде де қиындық аз болады.
Ресей ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, интеграцияның мұндай түрі Ресейдің ішкі өнімін 16,8 пайызға, Қазақстандікін 14,7 пайызға, Белоруссиянікін 16,1 пайызға өсіруге мүмкіндік беретін көрінеді. Кедендік комиссияның жауапты хатшысы Сергей Глазевтың мәлімдеуінше Кедендік одақтың нәтижесінде 2015 жылы үш елдің жалпы ішкі өнімі 19 пайызға өсетін болады.
«Кедендік одаққа өткеннен кейін баға тағы қымбаттайды деген сөз желдей есіп тұр. Газеттердің жазуына қарағанда, оның жөні де бар сияқты. Өйткені, Кедендік одаққа өткеннен кейін шетелдерден, мәселен Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін өнімдерге салынатын баж салығы әлденеше есеге көбейеді. Бұдан кейін ішкі нарықтағы импорт тауарлардың бағасы өспегенде қайтсін?!» Қазір осындай пікірлі екінің бірі айтып жүр. Мұны негізссіз дей алмаймыз.
Расында да Кедендік одақ қымбатшылық қаупін әкелуі мүмкін дегенді Белорус елінің кәсіпкерлері жиі ауызға алуда. Тіпті, ел президентінің өзі де осы мәселеге алаңдаушылық білдірді.
--Кедендік одаққа өтуге белорус экономикасы дайын ба, жоқ па?! Біз Ресей экономикасының өркендеуіне басымдық берілген «Үштік одақтан» ұтылып қалмаймыз ба? Өйткені бұл одаққа кіруден Белоруссия өзінің экономикалық егемендігінен айрылып қалуы мүмкін?—деді жуырда А.Лукашенка. Осыған байланысты Белоруссия Кедендік одақтан біршама жеңілдіктер алуды көздеп отыр. Мәселен, ол Ресейден жеткізілетін мұнай өнімдеріне баж салығын салмауды, Ресей көліктеріне баж салығын керісінше көбейтуды сұранып отыр. Себебі Белоруссия алдағы уақытта өз елінің аумағында жеңіл автокөліктерді құрастыратын кәсіпорындар салуды мақсат етіп отырған көрінеді.
Мұндай жеңілдіктерді Қазақстан Үкіметі да алуы мүмкін. Мәселен, Кедендік одаққа кіру Қазақстандағы дәрі-дәрмек нарығына үлкен соққы болып тиеді екен. Өйткені елімізде қажетті дәрі-дәрмектің тек 12 пайызы ғана өндіріледі. Қалғаны импорт. Тығырықтан шығу үшін Индустрия және сауда министрлігі импорт дәрі-дәрмекке және экономикаға әсер ететін кейбір тауарларға кедендік баж салығы нөлдік көрсеткішпен салуды көздеп отыр. Ал, экономикаға әсер ететін мұндай тауралардың тізімі қазірдің өзінде 400-ге жеткен. Индустрия және сауда вице-мнистрі Ж.Айтжанованың мәлімдеуінше, кедендік баж салығын өзгеріссіз немесе жеңілдетілген тәртіппен салу Кедендік одаққа мүше елдерде өндірілмейтін өнімдерге ғана қолданылады.
Бұл жерде мәселенің түйінен тарқату үшін қарапайым тәсілге жүгінейік: Маркстің «Капиталында» еңбек бөлінісінің тәртібін түсіндіру үшін түйреуштің мысалға алынғаны есіңізде болар. Біз де түйреуішті алайық. Дәл қазір Қазақстанға түйреуіш Қытайдан әкелінеді. Бағасы 5 теңге. Енді ол 10 теңге болады деген сөз. Бұл ішкі нарықта сол түйреушті әкеліп сатып жүрген кәсіпкерге (алыпсатарға) тиімсіз болады. Ал, енді сол түйреуіш жасауды қолға алған кәсіпкерге жаңа мүмкіндік береді. Ол түйреуіш шығаратын кәсіпорын ашып, өз өнімін бұрынғысынша 5 теңгеден сатады. Нәтижесінде қытайлық өнімді нарықтан ығыстырып шығарады. Үкіметтің кәсіпкерлерден күтіп отырғаны да осы. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Б. Сұлтанов жуырда өткен үкімет отырысында «Егер қазақстандық кәсіңпорындар жанталаса қимылдап, нарықты кері қайтарып алуға күш салудың орнына тағы қосымша әлденелерді күтіп, қол қусырып қарап отырса, берілген мүмкіндіктен айырылады. Бұл жерде Үкімет те, бизнес те мынаны түсінуі қажет: бұл артықшылық уақыты өте-мөте шектеулі. Өйткені бәсекелестеріміз жаңа жағдайға бейімделе бастайды. Сондықтан біз мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалуымыз керек»
Енді Үкіметтің отандық тауар өндірушілерімізге жасайтын бірінші кезектегі міндеті—сырттан келетін контрабандалық тауарларға тосқауыл қою. Кедендік одақтың құрылуынан кейін біздің нарықты жаулап алған Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай сияқты елдерден келетін контрабандалық таурлардың көбейетінінін алдын ала болжанып отыр. Онсыз да Оңтүстікте Өзбекстаннан келетін заңсыз тауарлардың легі көп. Ертең Кедендік одаққа өткеннен кейін оның қарасы тіптен артуы мүмкін. Ішкі нарықты шырмауықша шырмап алған контрабалық өнімдерге тосқауыл қоюды Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те тиісті органдарға нақты жүктеп отыр. Айтқандай экономика сарапшылары Кедендік одақтың құрылуынан Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдердің эконмикасы зиян шегуі мүмкін дейді. Осы қауіптің алдын алу үшін, қазірдің өзінде Қырғызстан мен Тәжікстан Кедендік одаққа кіруге өтініш жасап отыр. Олай болса ертең «Үштік Одақтың» «Бестік Одаққа» айналуы ғажап емес. Ал, әзірге Құдай қосқан көршіміз Өзбекстан қашағы әдетінен танбай экономикалық саясатын дербес жүргізуді мақұл көрген тәрізді.
Жәнібек Тархан