Сапарбаев сауапты іспен көзге түсті, ал Әбдіхалықова әлі үнсіз
Oinet.kz хабарлайды - Су тасқынына ұшыраған Мақтаарал ауданына өңірлердің ішінде алғаш болып Бердібек Сапарбаев басқаратын Жамбыл облысы көмек қолын созды. Бекең осы жолы да көрегенділігімен көзге түсті. Бір кездері өзі басшылық еткен облыстың халқы қиналып жатқан кезде қарап отыра алмаса керек. Оның үстіне тасқынның тақсіретін Ақтөбеде, Шығыс Қазақстан облысында жүрген кезінде резеңке етігімен су кешкен Сапарбаев жақсы білсе керек. Көмек жағына келгенде әулиеталықтар тіпті Түркістанмен ауылы аралас жатқан Шымкентті де арттf қалдырып кетті. Жұрт «бәрекелді» деп жатыр. Көршілік ақының, міндет, парызды қалай атқарылатынын жамбылдықтардан үйрену керек екен.
Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен 30 тоннадан аса азық-түлік тиелген керуен киелі Тараз қаласынан мақталы Мақтаарал ауданына жетіп келді. Көне шаһардың жақсыларынан жылу жинап, көмекке асыққан жамбылдық кәсіпкерлер 10 тонна ұн, 10 тонна күріш, 5 тонна қант, 1 тонна гречка, 2 тонна сұйық май, 2 тонна макарон өнімдері мен 5 тонна гигиеналық заттар жөнетілген.
Бүгін бас-аяғы 10 миллион теңгеден астам демеушілердің есебінен жиналған көмек қызыл судан зардап шеккен азаматтарға үлестіріледі. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календияров сарқын судан жапа шеккен мақтааралдықтарға мұнымен көмек тоқтап қалмайтынын айтты.
Ал Түркістанмен көрші отырған Қызылорда облысы әлі үнсіз. Жуырда аталған облыстың әкімі Қуанышбек Ысқақовтың істі болып, қызметінен кеткені белгілі. Ақпарат құралдарында экс-әкімнің сыбайластарымен бірге былтыр Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен халыққа арнап жиналған қаражатқа қол салғаны айтылды. Қызылордалықтардың енжарлық танытуы осымен байланысты ма? (қайырымдылық шарасы жиналған ақшаны бәрібір әкімдер жеп қояды ғой). Бұл Ысқақовтың орнын басқан әкім Гүлшара Әбдіхалықованың іскерлігімен де байланысты шығар, бәлкім. Бұған дейін министр, вице-премьер, мемлекеттік хатшы лауазымдарын атқарған Әбдіхалықова қанша дегенмен әкімдік қызметтің дәмін енді татып жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында облыс тізгінін қолға алған тұңғыш әйел Әбдіхалықова әкімдік қызметтің қыр-сырына әлі қаныға алмай жатса керек. Әйтпесе, тасқынның тақсіретін басқа білмесе де Сырдариядағы су деңгейінің көтерілуінен көп зардап шеккен Қызылорданың халқы жақсы білуі тиіс еді.