Мырзахметов сын сағатта халықтың қасынан табылды

Oinet.kz 16-02-2012 1173


Screenshot_1.png

Әкімнің әкімдігі, жауапкершілігі ел басына ауыр жағдай түскен кезде сыналады. Халқы тығыз қоныстанған Оңтүстік өңірінде төтенше жәйттар болмай тұрмайды. Соңғы 3-4 жылдың көлемінде Сырдариядағы қалыптасқан жағдай, Сарыағаш пен Ордабасы ауданындағы су тасқыны сияқты табиғи апаттар сол кездегі облыс әкімі Нұрғали Әшімовты біраз әбіржітіп тастағаны рас. Биылғы қаһарлы қыс, сақылдаған сары аяз Мырзахметовтың де мойынына оңай жүк артқан жоқ.

       Кентау қаласындағы жылу орталығында апат орын алып, соның салдарынан 326 көпқабатты және 1000-ға жуық жеке сектордағы тұрғын үй  жылусыз қалды. Сонымен біге Бәйдібек ауданы Шақпақ елді мекеніндегі елуге тарта үйді мұржасына дейін қар басып қалды.

  Кентау қаласында төтенше жағдайда орын алған күннің ертесіне-ақ облыс әкімі Асқар Мырзахметов Төтенше жағдайлар министрi В.Божкомен бірге Кентауға келіп, мән-жаймен танысты.  Қалалық әкімдікте шұғыл жиналыс өткізіп, апат салдарын жою үшін мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.  

Облыс басшысының жағдай тұрақталғанша жаураған кентаулықтармен бірге болғанына қуандық. Ол осында құрылған штабты да өзі басқарды. Мамандар апат салдарын жоюға он күн уақыт кетеді деп еді. Бірақ Мырзахметовтың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында төртінші күнен бастап қалаға жылу беріле бастады. Ең бастысы, білім мекелеріндегі сабақтар тоқтатылған жоқ. Облыс басшысының өзі ауруханалар мен мектептерді аралап ондағы жағдаймен танысты. Көпқабатты тұрғын үй аулаларында тұрғындармен кездестi.

Кентаудағы жағдайға байланысты бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбет берген Асқар Исабекұлы апаттың себептерін көпшілікке ашып айтып, жасырып-жабуға жол берген жоқ.

— Ең басты себеп--адам факторы. Жылу орталығының басшылары  температураның күрт төмендеуі кезінде орын алуы мүмкін апаттарды күні бұрын есепке алмаған. Осындай жауапсыздықтың салдарынан қала жылусыз қалды. Бүгiнгi таңда №5, 6 қазандықтардың жөндеу жұмыстары бiттi. Одан бөлек №7-шi қазандық та жөнделiп бiтiп, қосылуға дайын. Қаланы жылумен қамтуға 3 қазандық жеткiлiктi. Сонымен қатар, қосалқы №11 қазандықты күрделi жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазiр қалаға келiп тұрған жылудың температурасы +38-ны көрсетiп тұр. Көмiр мен мазут та жеткiлiктi, – дедi облыс әкiмi теледидарда сөйлеген сөзінде.

Сонымен бірге облыс басшысы Кентау қаласының жылуына байланысты мәселеге де тереңірек үңіліп, оны біржақты шешуге кірісті.

--Алматы қаласындағы ғылыми-зерттеу институты мен облыс мамандары Кентаудан болашақта жаңа жылу энергоорталығын салу немесе осы орталықты күрделi жөндеу  мәселесiн қарастырып жатыр, — деген ол қала тұрғындарынан орын алған төтенше оқиға бойынша кешiрiм сұрады.

Бәйдібек ауданы Шақпақ елді мекенінде қалың қар мен ұйытқып соққан желдің салдарынан 53 үй қарға көмілді. Кентаудағы төтенше жағдайға қарамастан, облыс басшысы аталған ауылға арнайы барып, құтқару жұмыстарына қозғау салды. Осында сала басшыларымен кеңескен соң, облыс басшысы үйлерді қардан тазалау үшін арнайы бригада мен кезекшiлiктiң ұйымдастырылу керектiгiн айтты. Бүгiнде Шақпақта 22 техника мен 62 адам қардан аршу жұмыстарымен белсендi түрде айналысуда.

Қар құрсауындағы ауылды аралап көрген облыс басшысы төтенше жағдайлар департаментi мен жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының мамандарына алда күннiң жылып келе жатқандығын естерiне салып, қысқа мерзiмде жұмыс кестесiн жасау  және үйлердiң айналасын тез арада қардан тазарту керектiгiн қатаң тапсырды. Шақпаққа барған сапарында Асқар Исабекұлы ауылдық ауруханада болып, осында ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайымен танысуды да ұмыт қалдырмапты.  

Осыдан кейін Шымкентке келген облыс басшысы Кентаудағы орын алған апат бойынша тексеруді мұқият жүргізуді және аудан, қала әкімдерінің қысқа дайындығы туралы мәліметтеріне қайта сараптауды тапсырды. Сонымен бірге қалың қар мен Сырдария өзеніндегі қалыптасқан жағдайға байланысты орын алуы мүмкін апаттардың алдын алуды қазірден бастап кетті.

Қысқасы, қаһарлы қыс Мырзахметов үшін сын болды. Бұл сыннан облыс басшысы сүрінбей өтті. Күні ертең елдің алдында есеп беретін әкімнің жүзі енді жарқын сияқты.


Айдар Әбдімәжитұлы, Түркістан қаласы

Мә, Мәми мәледес екен
Министр Әбдіхалықова қызметтен кетуі керек еді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу