Мә, Мәми мәледес екен

Oinet.kz 02-02-2012 1179

Screenshot_21.png

Жолдауды насихаттап, әрі бажасы Құдайбергенді құттықтап...


Соңғы кездері Шымкент жақта билігі мен байлығы бар азаматтар дәл дүркіретіп той өткізетін күндері Астанадан атқамінерлер де, Парламент депутаттары да осы өңірге опыр-топыр келіп, әр алуан жиындар ұйымдастыруды кеңінен қолданатын әдемі дәстүрге айналдырып алды. Күндіз көпшіліктің көңілін алдандыратын пайдасы жоқ «для галочки» жиынды ойлап тауып, көзбояушылыққа барады. Ал кешке қарай шақырылған  тойдың ең төрінде арқа-жарқа отырып, негізгі келген шаруаларын бітіріп қайтады. Қулықтарын асырған болып қутыңдап жүргендерімен олардың осылайша бақай есеппен ел аралауға шығатынын бүгінде екінің бірі біле бастады. Сондықтан ба қайдам, осы аптаның дүйсенбісінде қасына бір топ сенаторды ерткен спикер Қайрат Мәми Шымкент шаһарына табан тірегенде ел тағы ду ете қалды. «Мә, оңтүстіктің күлшелі күйеу баласы Мәми мәледес екен, әлі сиясы кеппеген Жолдауды насихаттап, әрі жуырда ғана облыстық мәслихаттың хатшылығына жаңадан сайланған туған бажасы Құдайберген Ержанды құттықтап осы өңірге арнайы келудің ебін тапты» десті ел. Жыл сайын жарияланатын Жолдауды жарнамалап бұрын-соңды Сенат төрағасының өзі арнайы ат басын бұрғанын бұған дейін кездестіріп көрмеген елдің бұлайша көріпкелдік жасауының да өзіндік себебі бар. Өйткені мәслихат сайлауы мәресіне жетпей жатып-ақ депутаттық корпусты Мәми мырзаның бажасы басқаратыны жайлы мәселе түбегейлі шешіліп қойғаны туралы әңгіме ел ішінде гу-гу тарап кеткен еді.

Әй, жарайды, жұрт не десе о десін, атам қазақ айтпақшы «бір жағы нағашыға қыдырып барып, әрі тайды үйретіп қайтқанның» несі айып?! «Төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бажа тату» дегендей, бажамен сыйласып тұрғанға не жетсін. Егер бажаң Конституция бойынша мемлекетте президенттен кейінгі екінші тұлға болса, оның үстіне сонау Астанадан нөкерлерімен бірге келіп, мерейіңді өсіріп, жүрегіңді елжіретіп жатса оған қалайша риза болмассың?!  Облыстық филормониядағы Жолдауды талқылаған жиында кілең ығай –сығайлардың жанында иық теңестіріп ең алдыңғы қатарда жадырып отырған су жаңа хатшының, бақытты бажаның жүзінен осыны аңғардық.

Айтпақшы Қайрат Мәмидің қайын жұрты Мақтаралдағы мәслихат хатшысы  болу  ұзақ жыл аудан әкімі қызметінің қызығын көріп «незаменимый кадр» атанған Омарбек Нұржановтың сыбағасына бұйырды. 


Ғалымжан Елшібай

Мақтаралда Батыр аналар аштық жарияламақ
Мырзахметов сын сағатта халықтың қасынан табылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу