Мақтаралда Батыр аналар аштық жарияламақ

Oinet.kz 02-02-2012 1027

ертис.jpg

Өзге өңірлермен салыстырғанда бай өлке есептелетін Мақтаралда әлеуметтік мәселелер шешімін таппай шиелінісіп кеткені, әкімқаралардың әділетсіздігіне өкпе-реніштің тым көп болуы өкінішті-ақ. Тұрғындардың жазған арызына атқамінерлер құлақ аспайды. Мектеп жетіспейді. Ауыз судың азабы жанға батып бітті. Ағын су да тапшы. Жол жөнделмеген. Қылмыс өршіп тұр. Қысқа дайындық көңіл көншітпейді, тағысын тағылар.  Жергілікті тұрғындар әкімнің сөзіне сенбейді. Әлі бір рет те көрмегендіктен өзін танымайды да. Қызық, сонда аудан әкімі Серік Тұрбеков қызметке барғалы бері ел аралауға шықпай креслосының қызуына жылынумен шектеліп отыр ма? Іскер, тәжірибесі мол деп әбден мақтап-мақтап мақталы өңірге апарған Серік Тұрбековтің сенімді ақтаған сиқы осы ма? Ең сұмдығы сол көтерген мәселелеріне көңіл аударылмайтынына ашынған бір топ Батыр ана аштық жариялауға дейін белдерін бекем буғаны тұла бойымызды түршіктіріп жіберді.  Қысқасы Мақтаралдың тізбектесең таусылмайтын  машақатын «халықтың көзі, тілі һәм құлағы» бұқаралық ақпарат құралдары бірінен кейін бірі жарыса жазып жатыр. Солардың бірсыпырасына тоқталайық.

                   Қылмыс өршіп тұр

  Өткен жылы Мақтарал ауданында 862 қылмыс тіркеліп, көрсеткіш былтырғыдан  10,2 пайызға өскен. Ал қылмыстың кейбір аса қауіпті түрлері күрт көтерілген. Қасақана ауыр дене жарақатын салу 58,3 пайызға өссе, оның салдарынан адам өлімінің орын алуы бес есе артып кеткен. Ауданда алаяқтардың да алшаң басуын осы қылмыс түрінің 4,5 есеге артқандығынан аңғаруға болады. Атыс қаруын қолданумен болған, қарақшылық, тонау, ұрлау секілді қоғам үшін ең қауіпті қылмыстар да әлдеқайда көбейген. Кәмелетке толмағандардың тарапынан жасалған қылмыс та өршіген. Қылмыстың мас халде, қоғамдық орындарда, көшелерде орын алу оқиғалары жиілеген. Қылмыстың ашылу деңгейі 88,4-тен 68,4 пайызға дейін төмендеуі ел арасында үлкен үрей туғызары сөзсіз.

 Хали Маматаев басқаратын аудандық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, шалғай жатқан елді мекендерде ішкі істер органдары мен жергілікті атқарушы билік арасындағы байланыстың төмендігі, қылмыстың алдын алуға, жолын кесуге бағытталған іс-шаралардың, яғни ішкі істер органдарын қаржыландыру, көшелерді жарықтандыру және басқа да тетіктердің мүлдем қарастырылмауы, ниеттің болмауы қылмыстық ахуалдың күрделенуіне бірден-бір себеп болған. Жергілікті атқарушы биліктің қылмыстың алдын алуға, болдырмауға деген ниеті не себепті төмен екенін аудан басшысы Серік Ордабекұлының өзі түсіндіре ала ма, жоқ па?


                     Мектептер жылымай жатыр

 

    Мақтаралдық мектеп оқушылары оқу кабинеттерінде сырт киімдерін шешпей отырып дәріс алуда.  Себебі мектептегі жылу мардымсыз. Білім беру мекемелерінде қатты отын жеткілікті болғанмен, көмірдің сапасы сын көтермейді. Тасымалдаушы «Сигорос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылдың қыркүйегінде көмірмен жылытылатын бірқатар білім ордаларын қара маржанмен жеткілікті түрде қамтамасыз еткен. Алайда саны бар, сапасы жоқ қатты отынның салдарынан  білімге бет бұрған жас ұрпақ қақаған қыста бүрсең қағып отыр.

    Саршұнақ аязда сапасыз көмірдің зардабын шеккендердің қатарында  Дәрімбаев және Қызылтаң орта мектері де бар. Оқу кабинетерінде ауаның температурасы небәрі 8-10 градусты көрсетіп тұр. Ал кейбір сыныптарда  суықтан термометрлер мүлдем істен шыққан. Осындай  жағдай өңірдегі қатты отынмен жылытылатын 93 білім ұясында орын алып отыр.            

 

    "Халықтар достығы" ауылында халықтың халі нашар


     «Халықтар достығы» ауылында Жеңістің елу жылдығы атындағы орта мектеп бар. Оның екі ғимаратының арасы төрт шақырымдай екен. «Бір мектептің екі ғимараты ауылдың әр шетіне орналасқанын осынша жасқа келгелі бірінші рет көріп отырмын, – дейді ауыл тұрғыны Оразгүл Балтаева. – Екеуі де ескі. Өзім ата-аналар комитетінің төрайымы болсам да қыркүйек айынан бері директорды көргенім жоқ. Ауылға жаңа мектеп салып, оған басқа директор тағайындау керектігі жөнінде ауданға жазған арызымыз белгісіз себептермен созылып келеді».

      Әңгімемізге арқау болған ауылдағы екінші бір күрделі мәселе жол. Ауылдың ортасына тас төселмегендіктен жауын жауса, адам түгілі көліктердің жүруі қиын. Сондықтан жүргізушілер көліктерін ауылдың шетінде қалдырып, өздері үйлеріне жаяу баратындарын айтады.

«Біздің ауылға автобус немесе «Газель» қатынамайды, – дейді Садық Баршымбетов. – Сондықтан өз көлігіммен жолаушы тасимын. Жауын күндері ауыл ортасына бара алмаймыз. Ондай кезде сырттың таксистері үш жүз теңгелік жерге мың теңге алады. Әсіресе, той мен құдайы беретін кезде қиын. Келген қонақтар машиналарын ауылдың шетіне қалдырады. Оны ауылдың жастары тонап кеткен кездері де бар. Әйтпесе күннің суықтығына қарамастан қасына біреуді қалдырып кетуге мәжбүр болады. Кейде есек арба алдыртып, заттарын соған салады».

Біз ауыл әкімі Дінмұхамед Колхозовпен хабарластық.

«Екі ауыл арасында үш шақырымдай жердің жолын жөндеуге ұсыныс бердік, – деді ол кісі. – Қалғанын бөлінген қаржыға байланысты жоғары жақ шешеді. Біздің ауылдың тұрғындары су мәселесін де жиі айтып жүр. Ауылда бір көшемен мектепке дейін су тартылған, бірақ жұмыс сапасыз жүргізілгендіктен мен оны қабылдамай тастадым. Енді жоғарғы жаққа бір су ұңғысын орнату керек, сонда ауыз су мәселесін де шешеміз. Тұрғындар каналды тазаласа ағын суды да молынан алып, бақшаларын жайқалтып қояды. Тек өздері ұйымшылдық танытуы тиіс».

 

    «Біз әкімнің сөзіне сенбейміз, – дейді Батыр ана Роза Базарымбетова. – Сөзіне сенбек былай тұрсын, оның өзін танымаймыз да. Өзін танымаған соң атын қайдан білейік? Жалпы, бізге әкім тұрақтамайды. Біреу келіпті, барып танысайық деп жүргенде оның кетіп қалғанын естиміз. Барлығы сырттан келген соң халыққа қайдан жаны ашысын? Әкімді қызметтен кетсе де сол ауылда тұра беретін азаматтардан тағайындау керек қой. Шынын айтсам, ауылда ауыз су да, ағын су да жоқ. Осында екі жүзден аса отбасы бар. Барлығымыз орталықта орналасқан бір «кашкіден» су аламыз. Басқа жерлер дамыса, дамып, өркендеп жатқан шығар, ал бізде барлығы бұрынғысынша. Әйелдер иін ағашпен су тасиды. Қазіргі уақытта бұлай істейміз деп айтудың өзі ұят екен».

Біз бұдан кейін Мақтаарал ауданының әкімі Серік Тұрбековпен хабарластық.

«Ол мәселенің барлығынан хабарым бар, – деді аудан әкімі. – Тұрғындар келген. Алдағы уақытта да қабылдап, шағымдарын тыңдауға дайынмын. Мен ол кісілерге барлық проблеманың бірден шешілмейтінін түсіндіргім келеді. Ауданда 122 мектеп бар. Оның барлығы жыл сайын жөндеуден өтеді. Биыл 14 мектеп салынады, бірақ «Жеңістің елу жылдығы» мектебі олардың ішінде жоқ. Дегенмен, алдағы уақытта ол ауылдың су, жол, мектеп мәселесі шешіледі. Жалпы, егістік суы жетерлік».

«Халықтар достығы» ауылының тұрғындары аудан әкімінің бұл сөзіне сенімсіздікпен қарайды. Тіпті, он баланың анасы Тойдық Ахметова: «Мен әкімдердің сөзіне тойып болдым, олар өтірік айта береді», – дегенді айтып қалды. Қысқасы, бұл ауылдың тұрғындары өздері көтерген мәселені аяқсыз қалдырғылары жоқ. Тіпті айтқандарын тыңдайтын адам болмаса, бірнеше Батыр ананың көктем шыға аштық жариялау да ойларында бар. Олардың талабы – ауылдың жолын жөндеп, мектеп салдыру ғана емес, су мәселесін де шешу.

...Батыр аналарға аштық жариялатып қойғаны мақтааралдықтардың елдігіне сын болатын шығар-ау...


"Рейтинг" газеті №5, 2 ақпан 2012 жыл 

 

                                                                                             

«Ақжолдықтарды» төраға Азат Перуашев алдап соқты ма?
Мә, Мәми мәледес екен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу