Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
«Классикаға көз салсақ, саясат - экономиканың жалғасы. Дәл сол сияқты мен де саясатқа экономикалық себептерге байланысты қайтып келіп отырмын». Былтыр «Нұр Отан» партиясындағы әжептәуір қызметін тәрк етіп, «Ақжол» партиясының төрағалығына топ ете қалған Азат Перушев осылай деп еді. Саясаттағы өзінің бет-бейнесін қаржылық алпауыттардың мүддесіне қызмет етіп, солардың сойылын соғатын тұлға ретінде қалыптастырған төраға «Ақжолды» қалталылар мен зиялы қауымның партиясына айналдырамын деген. Шыны керек, сайлау кезінде Алаш идеясын ту етіп, ұлттық мүддені, мемлекеттік тіл мәселесін қозғап, біраз ұпай жинаған, сайлау кезінде кейбір басылымдар «қазақты жаудан қорғаған бас қолбасшы, Абылай ханның бас батыры Қанжығалы Бөгенбай батырдың 9-шы ұрпағы» деп әспеттеген Азат Перуашевтың сайлаудан кейінгі әрекетіне бүгінде басқасы басқа партия белсенділерінің өздері де аң-таң. Неге?
Сайлауға дейін
Азат Перуашев, «Ақжол» партиясының төрағасы:
- «Алаш» партиясының идеялары - либерализм, демократия, жеке адамның құқықтары мен бостандықтары, этностар мен діндердің теңдігі--Ақжол» партиясының басым бағыты болып қала береді. Мұны біз партияның сайлауалды тұғырнамасында да, нақты іс-шаралармен де көрсетіп келеміз. Біздің партия мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге әрдайым баса назар аударып келеді, алдағы уақытта да осылай болмақ».
Партияның ақылдастар алқасының төрағасы, дәлірегі ақсақалы, экс-мәжілісмен, ұлт жанашыры, ғалым Амангелді Айталы сайлау алдында баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде былай деп еді:
- Қазаққа ұлтшыл депутат керек, ал ұлтшыл адам кәсіпкерлікті қолдайды. Кәсіпкерлердің таза, еңбекқор, патриот бейнесін қалыптастыру, кәсіпкерлерді мойындату, кәсіпкерлердің де ұлтты сыйлауына қолжеткізу «Ақжолдың» алдындағы үлкен парыз. Сонымен, «Ақжол» күдігі мен сенімі мол жаңа жолға қадам жасады. Ақ жолда ақиқаттан айнымайық.
Сайлаудан кейін
Күні кеше өткен мәжіліс сайлауында жеті пайыздық кедергіні еңсеріп, Парламенттің төменгі палатасынан 8 орынды иеленген «Ақжол» партиясы мәжіліске тек кәсіпкерлерді жіберді. Бірі «Атамекен одағы» Ұлттық экономика палатасының басқарма мүшесі, бірі осы одақтың облыстық өкілдігінің жетекшісі, бірі серіктесік немесе корпорация директоры, бірі директорлар кеңесінің төрағасы. Араларында жұрт білетін, есімі ел аузына іліккен ешкім жоқ. Олар ұлтшыл депутат атанып, күні ертең ұлт мүддесіне қызмет ете алады ма? Күмәніміз бар. Өкінішке қарай, буржуазия мен зиялы қауымның партиясы атанып, ол екеуін партияның қос қанатындай көретін «Ақжол» мәжіліске тек бір қанатымен сапар шекті. Мұның ақыры ұзаққа бара ма?
Мәжіліске баратындардың тізімі бекітіліп болған соң партия төрағасы Азат Перуашев депутаттардың қандай қағидаларға сәйкес таңдағанын түсіндірді.
«Біздің партияның Орталық Кеңесі Парламентте отандық экономика мен кәсіпорындарды қорғаудың нақты іс-шараларын кәсіби түрде жасай алатын адамдарды таңдады. Алайда, Парламенттегі орын біреулер үшін «өмір бақи» бекітіліп қойылған деп ойлауға болмайды. Олар «АҚ ЖОЛ» партиясының еншісінде және партия Парламенттегі өкілдерін заңмен белгіленген тәртіп бойынша анықтайтын болады. Экономикалық дағдарыс қаупі сейіліп, бірінші кезекке әлеуметтік, ұлттық ой-сана, мәдениет пен тіл мәселелері шығып жатса, біз бұл сұраққа қайта ораламыз. Бұл менің ұсынысым болатын және Орталық Кеңес екі сағаттық талқылау мен пікірталастан соң басым дауыспен осы ұстанымды қолдады», --деді төраға.
Сайлаудан кейін Амангелді Айталы былай дейді:
- Ең бастысы, адамның депутат болу-болмауы емес. Бiздiң ұсынған депутаттарымыз Алаш идеясына сай жұмыс iстей ала ма? Ертең үдеден шыға алмай қалып, “Әлихан Бөкейханнан садаға кетсiн” деп халық ренжiсе, бiз де ренжимiз. Алаш идеясына селкеу түсiрiп, халықтың мұң-мұқтажын тиiстi деңгейде көтере алмасақ, партияның болашағы бұлыңғыр. Менiң ойымды сол отырыста азаматтар одан әрi жалғастырып, Алаш идеясы қасиеттi ұғым екенiн баса айтты. Әйтсе де, ол жерде пiкiр таластырсақ, жеке бастың пендешiлiгi болар деп аталған азаматтарды қолдайық деген ойға келдiк. Ұлттық идея мен рухани өмiр дағдарысқа ұшыраса, қаржылық-экономикалық дағдарысты одан әрi тереңдете түсiп, елдiң одан әрi ашу-ызасын туғызады. Бұл жерде экономиканы рухани жағдайдан бөлiп алуға болмайды. Осы сияқты өзге де пiкiрлер сол отырыста айтылды. Алдағы уақытта сол депутаттарды партияның орталық кеңесiне шақырып, үмiттi ақтамағанды басқалармен ауыстырармыз деп өзiмiздi-өзiмiз жұбатқан болып тарастық».
Бұдан кейін қандай ой түйесіз? Бұған дейін көптеген сарапшылар айтқандай, «Ақжолдың» төрағалығынан Әлихан Бәйменовтың кетіп, оның орнына Азат Перушаевтың келуімен партия өзінің бағыт-бағдарын күрт өзгертті. Енді ол мәжілісте қағаз жүзінде «Нұр Отанға» бәсекелес, ал шын мәнінде биліктің айтқанын қалт еткізбей орындайтын кәсіпкерлердің партиясы болады. Ал мәжілістен тым құрығанда бір орын бұйырмған зиялы қауым мұны мойындамасқа амалдары жоқ. Буржуазия мен зиялы қауымның бір топта қатар жүре алады ма, әлде екіге айрылады ма, оның уақыт көрсетер. Дәл қазір «Ақжолдың» басына сын сағат туып тұрған сияқты.
Қалай болғанда да А.Перуашевтың Алаш идеясына сеніп қалған зиялы қауым өкілдеріне обал-ақ. Дүниеде өзінің дәрменсіздігін мойындап, өзін-өзін жұбатқаннан жаман не бар дейсіз?!
Сіз не дейсіз?
Алтынбек Кәттебеков, «Ақжол» партиясы төрағасының кеңесшісі:
«Жүнісәлиев тәжірибесінің аз екенін байқатты, денсаулығы да болмай кетті»
- Оңтүстік Қазақстан облысы халқы көп, әрі қазақтың көп шоғырланған жері. Республикадағы әрбір алтыншы сайлаушы бізде. Қажет кезінде пайдаланады... Қалай болғанда да «Нұр Отаннан» үш-ақ адамның, ал «Ақжол» мен Компартиядан бірде-бір алдамның өтпегені дұрыс емес.
«Ақжол» партиясының Орталық сайлау комиссиясына ұсынған үміткерлер тізімінде біздің облыстан Ермек Аббасов, Еркебұлан Ильясов, Ханбибі Есенқарақызы, Әбдірахман Жүнісәлиев, Шолпан Жарасова болған. «Елге қаржы дағдарысы келе жатыр, сондықтан Мәжіліске экономиканы түсінетін кәсіпкерлер өтсін» деді. Оған мақұл дедік. Бірақ мәжіліске кәсіпкерлігімен танылған Ермек Аббасов пен Еркебұлан екеуінің біреуі өтуі керек еді ғой.
- Жалпы «Ақжол» партиясының сайлауалды үгіт-насихат шараларын қай деңгейде жүргізді деп ойлайсыз? Әбдірахман Жүнісәлиев төраға ретінде өзін қалай көрсете алды?
- Партияның сайаулды шараларын жаман жүргізген жоқ. Дегенмен халықтың арасына барып, сайлаушылармен кездесу аз болды. Облыстық мәслихатқа партияның атынан түскен Амангелді Сопбеков жеңіске жетті. Аудандық мәслихаттарға өткен да бірлі-жарым депутаттарымыз бар.
Әбдірахмен Жүнісәлиев партия жұмысында тәжірибесінің аз екендігін байқатты. Оның үстіне, науқан кезінде ол кісінің денсаулығы да болмай кетті ғой деймін.
"Рейтинг" газеті №4, 26 қаңтар 2012 жыл