Кандидат Оразалы Қамбаров айтқан сөзінен неге айнып қалды?

Oinet.kz 26-01-2012 967

Screenshot_18.png  

«Тұрбековке де қалталы үміткерлер ұнайды» («Рейтинг» газеті, 2012 жылдың 11 қаңтары). «Рейтинг» газетінде осындай тақырыппен жарық көрген мақалада шалғайдағы Мақтарал ауданынан редакцияға арнайы келген  оқырманымыз Оразалы Қамбаровтың да ой-пікірі жарияланған еді. Осы мақалаға орай редакцияға Мақтарал аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Пердеш Есенбековтен хат келді. Бөлім бастығы мақала авторы Оразалы Қамбаровтың қарсы өкініш хат жазғанын, онда ол аталған мақалаға қол қоймағанын, ондай мақалаға жазбағанын мәлімдегенін білдіріпті. Бұған дейін қызметтік хат, ұсыныс хат дегендерді білуші едік, өкініш хат дегенді естіп отырғанымыз осы шығар. «Өкініш» деп тақырып қойған Оразалы Қамбаровтың хатын да қоса салып жіберіпті. Не біреуге өкініш артатыны,  не өзіне-өзі өкпелейтіні түсініксіз хаттың мән-жайына тоқталайық.

Хат «пәленше маған фактісін берді,түгенше маған үгіттеп қол қойдырды, соның және сол ертіп барған журналистің құрған қақпанына түсіп қалдым» деген мағынада  қапалығын білдіріп басталыпты. «Ақкөңілділік пен алаңғасарлықтың арасы бір-ақ қадам екен-ау» деп ақталғаны ақылға қона ма?  Одан әрі «Нұр Отан» партиясының бағытының дұрыс екенін білемін. Ауданға Серік Тұрбеков әкім болып келгелі халықтың тұрмысы түзеліп, әл-ауқаты артты. Шымкенттен Жетісайға келетін жолдың бойына тәуелсіздік жылдары ауданның қол жеткізген жетістіктері жазылған. Сырдария өзенінен «Тәуелсіздік» каналы тартылды. Осының бәрі «Нұр Отан» партиясының бағытының дұрыс екенінің жарқын көрінісі. Кешегі сайлауда «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған азаматтардың кейбіреулері қажетті дауыс жинай алмады. Бұл да демократияның шынайы бет-бейнесі деп білемін. С.Тұрбековтың де, А.Мырзахметовтың де халық үшін қалтықсыз қызмет етіп жүргенін білемін... Газетте жарық көріп кеткен мақала үшін қатты күйінемін. Мақаладағы ой да, идея да менікі емес, мен тек осы жағдаяттың құрбанымын. Егермен өзім жазған болсам онда текстің соңында өз қолымды қояр едім ғой. Текст соңында қолы жоқ мақала қалайша басылып кетеді?» деп өкініш танытқанына не күлерімізді, не жыларымызды білмедік.    

Оқырманның жазған хатын мағынасын, мазмұнын өзгертпей өңдеу әрбір редакцияда қалтқысыз орындалатын қатаң тәртіп. Редакцияның ішкі тәртібі бойынша хаттағы жазылған жайттардың мән-мағынасы өзгертілмей өңделгені де рас. Ондағы әкімді қаттырақ кінәлаған кейбір тұстарын жарияламай қысқартқанымыз да рас.  Оразалы Қамбаровтың күні кеше даттап келген аудан әкімі Серік Тұрбековті, «Нұр Отанды» мақтай жөнелгені қай сасқаны?! Сауаты бар, көкірегі ояу адам мақтауды да келістіріп айтушы еді. Аудандағы халықтың тұрмысының жақсарғанын Жетісайға кіре беріс жолдағы көрнекі материалдармен өлшегені кісі күлерлік тірлік.  «Тәуелсіздік» каналының салынуында Тұрбековтың де үлесі бар шығар, бірақ ғасыр жобасы атанған құрылыстың салынуы біріншіден, Елбасының, екіншіден, Астанадағы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің арқасы емес пе еді?

Бірден айтайық, сайлау науқаны қызып тұрған тұста «Рейтинг» газетінің редакциясына  арнайы бас сұққан, алыс жолдан өз аяғымен келген  Оразалы Қамбаровты ешкім желкесіне мылтық тақап немесе жетектеп әкелген жоқ еді. Сайлауға байланысты ой-пікірі газетте жарық көруі үшін жалынып, жалпайып өтініш жасағаны, әсіресе мақала шыққан соң редакцияға ешкімнің жетелеуінсіз тағы ат басын бұрғаны, жазған дүниесі жарияланғанына қатты қуанып ағыл-тегіл алғыс айтқаны, тіпті қатты риза болғаны соншалық қарсылығымызға қарамай редакцияға торт әкелгені...бәріне, бәріне диктофонға, бейнекамераға жазылған бұлтартпас айғағымыз бар.

Өкініш хат иесінің редакцияға тапсырған арызының соңына қол қоймадым дегені тіптен қиянат. Өкініш хаттың басында «руымыздың президенті Жолбарыс Тілеуұлының айтуымен хат жазып қол қойдым» деп өзі жазып отырып, артынша өз сөзін өзі жоққа шығарған адамға сенуге бола ма? Оның шиырып  қол қойып жазған хаты редакцияда сақтаулы. Сақталып тұра береді. Орындыққа отырып та, тікесінен тік тұрып та қайта-қайта суретке түсті.  «Рейтинг» газетін қолына ұстап түскен сол суреттің бірі газетте жарияланғанын  қайда қоямыз? Осының бәрін көріп, біліп тұрып аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Пердеш Есенбеков өкініш хаттың газетте жариялануы қажеттігін айтып мазамызды алды. Онымен қоймай басқа әріптестерімізден де осы өкініш хаттың жарық көруін сұрануы, сөйтіп өз арамызда салқындық орнатуға тырысуы қынжылтады. Оларға да, бізге де әкімнің тапсырмасы екенін тықпалап тықақтауы қытығымызға тигені жасырын емес.

Қалай болған күнде де оқырманымыз Оразалы Қамбаровқа ренжудің де, ренжімеудің амалын таппай аң-таңбыз. Өйткені автордың өзі әлі күнге дейін хабарласқан жоқ. Сондықтан ол хатты өзі жазды ма, әлде өкінішке душар еткен әлдебіреулердің қолдан ұйымдастырған сценарийі  ме, осы жағы белгісіз. Мәселенің түп-төркінін өзіңіз де түсініп отырған боларсыз, мәртебелі оқырман. Бұл жайлы алдағы уақытта бөлек әңгіме қозғайтын боламыз. 

P.S. Мақтарал ауданында кейінгі кездері келеңсіздіктер неге көбейіп кетті? “Рейтинг» газетінің алдағы сандарында осы жайлы кеңінен жазып, журналистік зерттеулер жүргізбекпіз. Редакцияның хат-қоржынына топырлап түсіп жатқан оқырман хаттарын да жариялайтын боламыз.

«Рейтинг» газеті №4, 26 қаңтар 2012 жыл 

Нығматуллин жайлы не білесіз?
«Незаменимый» Нұржанов енді хатшы болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу