Нығматуллин жайлы не білесіз?

Oinet.kz 26-01-2012 1116

Screenshot_17.png

Бесінші  шақырылымдағы Мәжілістің су жаңа спикері болып «Нұр Отан» партиясы жетекшісінің бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин сайланатынын саясаттанушылар күні бұрын болжаған. Болжам «артығымен» орындалды. Нығматулин әрі спикер атанды, әрі «Нұр Отандағы» қызметін де сақтап қалды. Мәжілістің экс-спикері Урал Мұхамеджановтың кейде бар-жоғы білінбейтін. Осы жауапты лауазымға жаңадан сайланған Нұрлан Нығматулин жайлы не білесіз? Тарқатып айтайық, оқып көріңіз.  

Еңбек жолын қарапайым инженерліктен бастаған Нұрлан Зайруллаұлы талай жыл түрлі қызметте орынбасарлық қызмет атқарғанын бірден байқадық. Орынбасардың да орынбасары бар. «Нұр Отан» партиясының жетекшісі Елбасының орынбасары деген қызмет екінің біріне бұйыра бермес.

Н. Нығматуллиннің биліктегі баспалдағына зер салсақ аудандық компартия хатшысы болыпты. Комсомол ұйымдарының басшылығында жүрді. Иманғали Тасмағамбетовпен тығыз қарым-қатынастардың негізі осы кезеңде қаланған. 1995 жылы ол Президент әкімшілігіне жұмысқа тұрды.  Әуелі мемлекеттік инспектор, кейін бөлім меңгерушісінің орынбасары болды.  1999 жылы Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып, Әділбек Жақсыбековтың командасында Елорданың ажарын кіргізуге атсалысты. Үш жылын әкімдікте өткізген соң көлік және коммуникация министрлігіне ауысады. Мұнда да сол байырғы орынбасар.

Үкіметте орынбасарлардан аяқ алып жүре алмайсыз. 16 министрлік, он шақты агенттіктің әрқайсысында 3-4 орынбасар бар. 2002 жылы көлік және коммуникацияның жаңа вице-министріне алғашқыда көпшілік аса назар аудара қоймаған. Бірақ, Нығматулин өзге вицелер секілді емес, амбициясы тым жоғары, стратегиясын алдын ала айқындаған  менеджер еді. Арада екі жыл өтер-өтпестен вице-министрдің Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып шыға келуі осының айғағы. Бұл тағайындау Нығматулиннің ұпайын қас пен көздің арасында арттырып жібергені рас. Министрліктегі күйбең тіршілік бір бөлек те, Президенттің командасында жұмыс істеу мүлдем басқа деңгей. 

Жалпы, Президент әкімшілігіне ешкім «адасып бармайды». Ақорда талай шенунік үшін мықты трамплинге айналды.  Мұндағы қатардағы мамандардың өзі біраз уақыттан соң   ірі қызметтерге көз тіге бастайтыны ақиқат. Орынбасар ретінде жылдар бойы қызмет етіп, тәжірибе жинақтаған, саяси ойындардың қыр-сырын жетік меңгере бастаған Нығматулиннің енді «зам»  ретінде емес, «сам» болып та жүріс жасайтын кезі де келді. Бұл 2006 жыл болатын. Елбасының жарлығымен Нұрлан Зайруллаұлы Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл өңірді басқарудың өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, Қарағанды - еліміздегі ең ірі өңірлердің бірі. Әрі Астанаға қол созым жерде орналасқан. Екіншіден, Елбасы өзінің еңбек жолын осында бастағандықтан Қарағандыға қашан да айрықша назар аударады.

Нығматулиннің әкім ретіндегі қызметін  күні бүгінге дейін әркім әрқалай бағалап жүр. Қарағандылық құқық қорғаушы Евгений Танков «облыс әкімі ретінде өзінің міндеттерін дұрыс атқара алмады. Сырт көз үшін арзанқолды пиар жасауға көбірек көңіл бөлініп, нақтылы іске келгенде олқылықтар жіберілді» деп пікірін білдірді. Нығматулинді әкім ретінде мақтайтындар да көп.  Әкімнің қызметін бағалаудағы алшақтық рейтингтерде да көрініс тапты.  Айталық, социологтар мен саясаттанушылар ассоциациясының 2006 жылы жариялаған рейтінгісінде Нұрлан Нығматулинкөштің соңында салпақтап жүр. Ал «Қазрейтинг» жүргізген  зерттеулерде Нығматулин сол кезде Алматыны басқарып тұрған Иманғали Тасмағамбетовтен кейінгі ең ықпалды әкім. Қоғамдық пікірдің де, рейтингтердің де осылайша екіге жарылуының негізгі себебі – Қарағандының қордаланған  проблемалары болса керек. Бір жағынан жұмыс жағдайының төмендігіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, жалақының төмендігіне  наразы кеншілер мен металлургтер, бірінен соң бірі орын алған апатты жағдайлар,  банкрот деп танылған «Валют-Транзит» банкінің алданған мыңдаған салымшылары алқымнан алса, екінші жағынан «АрселорМиттал», «Еуразиялық топ», «Қазақмыс» секілді азуын айға білеген  алпауыт империялардың мүддесі бар. Әкім Нығматулинге екі жақтың арасында шапқылап, жұмысшы таптың да, жұмыс беруші монополистердің де көңілін табуына тура келді.

Көпшіліктің көңілін аулап, ұран тастап соңынан ерте білетін қасиет  әкімдік жүйеден гөрі партиялық қызметте аса жоғары бағаланатыны заңды.  Сондықтан, 2009 жылдың қарашасында Нығматулиннің «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалуы экс-әкім үшін де, партия үшін де сәтті қадамға айналды. Турасын айтқанда, «Біз  билік партиясымыз!» деп кеудені керіп шіренетін, марқаятын кезеңнің келмеске кетіп бара жатқанын мемлекет басындағылар жақсы түсінді. Саяси элитадағы ауыр салмақты ойыншылардың бірі Әділбек Жақсыбеков те кезінде партия төрағасының бірінші орынбасары қызметіне келгенімен, бір жыл өтер-өтпестен өзге салаға ауысып тынғаны осының айғағы. Жауапты қызметке Нығматулин келгелі «Нұр Отанның» жұмысында бірқатар өзгерістер байқалды. Әсіресе оның коррупцияға қарсы  ымырасыз күрес жариялаған дүркін-дүркін мәлімдемелерін ақпарат құралдары тынбай жариялап жатты. Әйткенмен, базбір сарапшылар Нығматулиннің «Нұр Отандағы» жіберген кемшілігін де жіпке тізіп отыр. Соның негізгісі жуырда Жаңаөзенде орын алған қайғылы оқиғаларға қатысы бар. Былтыр тамыз айында наразылық акциясына қатысқан  мыңдаған жұмысшы «Нұр Отаннан» шығатыны жайлы мәлімдеді. Бұл жайтты партия төрағасының орынбасары ретінде Нығматулин білмеді емес, білгені анық. Бірақ, жанжалды басуға қатысты  шаралар қолға алынбады. Нақты нәтиже беретін оң қадам жасай алған жоқ.  

Ағайынды Нығматулиндер қазір отандық саяси элитада айтарлықтай күшке айналды. Нұрланның егізі-сыңары Ерлан мәжілістің екі шақырылымында депутаттық қызмет атқарды. Мәжіліс тарардан сәл бұрын сенатор атанған ол Парламенттегі белсенді де ықпалды депутаттардың бірі. Ерлан мен Нұрланның екі ағасы Арғын және Арын Нығматулиндер де облыстық деңгейде лауазымды қызметтерді атқарған.

Енді қос егіздің соңынан ерген ұрпағы да үлкен аренаға шыға бастады. Нұрлан Нығматулин Нұржан, Нұрхан және Мәди атты үш ұлдың, Ерлан – Мәдина, Малика және Карима атты үш қыздың әкесі. Ерланның Мәдина мен Малика атты екі қызы да мектепті 15 жасында тәмамдап, Америкада білім алды. Қазір екеуі де жауапты қызметте.   Малика 19 жасында министрлікте жетекші маман, 22 жасында бөлім бастығы, 23 жасынан бастап Астана қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын басқарып келеді. Ал экс-премьер Даниал Ахметовке жиен болып келетін оның жұбайы Азат Бектұров көлік және коммуникация вице-министрі.  Мадина экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің қызметкері.  Нұрлан Нығматулиннің үлкен ұлы Нұржан бүгінде «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігінде атқарушы директор.

Р.S. Сөз жоқ, Нұрлан Нығматулиннің карьерасында жаңа кезең басталды. Су жаңа спикердің есімі бұған дейін кланаралық тартыстармен былғанбаған. Өзіне жүктелген міндеттерді орындады, әрі Елбасының ең сенімді серіктерінің бірі саналады. Саяси амбициясы жоғары Нығматулин үшін бұдан артық не керек?  Оның Иманғали Тасмағамбетовпен тығыз байланыста екені де көпшіліктің назарында.  Қайсыбір жиында «Нұр Отан» партиясы  төрағасының орынбасары Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовты «жерден алып, жерге салғаны»  тағы бар. Мұндай ашық, әрі ауыр соққыдан соң Имекең  «өзім өсірген күшігім өзімді таладының» күйін кешкен де шығар. Солай бола тұра, сарапшылар Нығматулин мен Тасмағамбетовтың ат-құйрығын біржола үзіскеніне аса сенбейді.

 

Жандар Наурызбайұлы


ОҚО-да 12 ауылда ауыз су, 15 ауылда жарық мүлдем жоқ
Кандидат Оразалы Қамбаров айтқан сөзінен неге айнып қалды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу