Шығыс Қазақстан Облысы (ШҚО) – Шымкент, Қызылорда Облысына (ШҚО) айналыпты...
Тегінде қызмет, жер ауыстырған бір қызық қой... Бұрын көрмеген, білмеген ел-жұртпен танысасың. «Бұл қандай адам болды екен?» деп ел де саған сынай қарайды. «Қандай жерге келдім?» деп бұл да көптің алдында сызылып, сыпайы болып жүреді. Әйтеуір, екі жақ бір-біріне сыр алдырмауға тырысады. Еңбек жолын Оңтүстікте бастап, осы өлкеде тамыр жайып, осы жерде өсіп-өнген Ислам Әбішев үстіміздегі жылдың наурыз айының соңында аяқ астынан Өскемен қаласының әкімі болып ауысып кетті. Өткен жылдың соңында Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып тағайындалған Асқар Мырзахметовпен Ислам Әбішевтің байланысы қаншалықты алыс-жақын болғанын қайдам, бірақ, мұның алдындағы әкіммен Әбішев соңғы кездері сыйыса алмай жүргені жасырын емес-ті. Сол кезде «Әбішев қызметтен кетеді екен» деген әңгіме шығып, шынында облыстың экс-әкімі Н. Әшімовтің бірінші орынбасары И. Әбішевтің май ішкендей мазасы болмай кеткені анық еді. Құдай жарылқап, өткен жылдың соңындағы ауыс-түйісте Шығыс Қазақстан облысына әкім болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Кезінде комсомолдың талқанын жеп, тәуелсіздік жылдары кәсіпкерлікпен шұғылданған Ислам Әбішевті кезінде мемлекеттік қызметке тартқан осы Бердібек Сапарбаев болатын. Сапарбаев Оңтүстікті басқарып тұрғанда Әбішев Ордабасы ауданының әкімі болды. Яғни, екеуі де бір-бірін өте жақсы таниды, бірге қызметтес болған. Сондықтан, облыс әкімінің бірінші орынбасары болса да, билігін басқаға беріп қойып, соңғы кездері Оңтүстіктен «ұшып» кетуге қанат таппай жүрген Әбішевті Сапарбаев Шығысқа қызметке шақырғанда бірден келіскені анық.
Сонымен Ислам Әбішев бүкіл ел Наурыз мейрамын тойлаған күннің ертеңіне Өскемен қаласының әкімі болып тағайындалды. Әбішев бұл қаланы бұрын-соңды көрді ме, жоқ па, халқын қаншалықты біледі, ол жағынан хабарсызбыз. Бәлкім Әбішев біраз жылдан бері мемқызметте жинаған тәжірибесіне де арқа сүйеген шығар... Әйтсе де Исламның Шығыстағы қызметі оңай басталған жоқ. Көктемде Өскеменде жаңбырдың көп жауғаны салдарынан сел, тасқын болып, төтенше жағдай жарияланды. Әрине, бұл Әбішевтің көрмей жүрген құқайы емес. Оңтүстікте облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тұрған кезде де Сарыағаш ауданында сел тасқыны болып, көптеген үй, мектептер құлап, төтенше жағдай жарияланғаны бәріміздің есімізде. Яғни, Өскемен қаласы әкімінің табиғаттың тосын мінезінен шошып, тосылып қалды деу қиын. Тек «мен жүрген жерден су шығып, тасқын бола беретіні несі?!» деп іштей түңіліп, мүжіліп кетпесе болғаны...
Әдетте, қызметке жаңа тағайындалған әкімдер баспасөз беттеріне жұмыс істегеніне жүз күн толғанда барып шығып жатушы еді. Ал Әбішев туралы ақпарат құралдары ертерек шулады. Шулағанда да Өскемен қаласының әкімі жайлы әңгіме тым жайсыз шықты. Қызметке тағайындалғанына екі ай өтпей жатып «бәсекелестікке қарсы іс-әрекет жасады (Ойбай, не дейсің, Өскемен қаласының әкімі заңсыз жер сатыпты, үстінен әкімшіліктік іс қозғалып жатыр екен) деген ақпарат бірқатар республикалық газет беттерінде жарық көрді. Тіпті, бір газеттер Ислам Әбішевтің аты-жөнін бадырайтып тұрып жазды. Әбішевтің қалаға әкім болғаны кеше ғана ғой, тек оның әбжілдігіне, бұл істе тым жылдам қимылдағанына таң қалғаны болмаса, былайғы жұрт Өскеменнің су жаңа әкімінің заңсыз тірлік істегені туралы ақпаратқа имандай сенгені анық. Ел арасында «әне, шымкенттіктерге билік берсең осы...» деген әңгіменің де гулегені рас. Құдай жарылқағанда, газет беттерінде жарық көрген бұл ақпарат артынша терістеліп, шындыққа сай келмейтіні анықталды. Сөйтсе, заңсыздықтың болғаны рас, бірақ, оған жол берген Өскемен қаласының экс-әкімі Т. Қасымжанов екен. Тексеру органдары ақпарат таратуда Өскемен қаласы әкімінің аты-жөнін көрсетпегендіктен, журналистер қауымы өз беттерінше жорамалдап, заңсыз жер сатушы Ислам Әбішев деп жазыпты. Артынша ақпарат құралдарында кешірім сұраған мақалалар жарық көрді. Осылайша, Ислам Әбішев Шығыстың Шымкент емес екенін, Шығыстың да шырғалаңы көп екенін анық сезінді ғой деймін.
Жоғарыдағы ақпарат терістелді, әйтсе де Шығысқа барған Сапарбаевтың командасына баспасөз шабуылы осымен пышақ кесті тоқтады деп айтуға болмайды. Енді газет беттерін қызметінен айрылып қалғандардың мұң-зары толтыруда. Соның бірі -- «ОблШығысЖол» кәсіпорнының бастығы Александр Федосов қызметінен босатылған соң жүрек ауруымен кардиология бөліміне түскен көрінеді. Енді ауруханада жатып, республикалық басылымдарға шағымданып, жақында ғана облыс басшысы оның жұмысына оң бағасын беріп, артынша қызметінен босатып жібергенін айтып, зар илеуде. Сапарбаев Шығысқа Шымкент пен Қызылордадан бірнеше кадрларды шақырғаны рас. Қазіргі заманда кез-келген жоғары лауазымды шенеунік өз командасымен жүретін болды ғой. Мұны кезінде президент те сынады, бірақ, әзірге нәтиже жоқ. Кезінде Сапарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып тағайындала салысымен Қызылордадан 2-3 кадр алдырғанда, Оңтүстіктің кейбір басылымдары «Төрлетіңдер, қызылордалықтар» деп бұл кадрлық көші-қонды сынап жазған-ды. Бірақ, Сапарбаевтың сол кездегі «көші-қоны» кейінгі әкім Шөкеев пен Әшімовтікінің қасында ойыншық болып қалды. Енді, міне, Сапарбаев Шығыста да осындай сынға ұшырауда. Қарап отырсақ, Сапарбаевтың әкелген кадрларынан басқа Шығыс Қазақстан облысының прокуроры, облыстық МАИ бастығы, тағы бірнеше ірі мекемелердің бастықтары осы Оңтүстіктен көрінеді. Ел ішінде де, биліктің қазанында жүргендердің арасында да қыршаңқы тілділер көп қой. Солардың бірі «ШҚО, яғни, Шығыс Қазақстан облысы дегенді – Шымкент Қызылорда облысы» деп өзгертіп алыпты. Бұл сөзге әрине, күлесіз... Бірақ, бұл күлкінің астарында зіл жатқаны анық. Қызылордадан кадр тартты деген Сапарбаев Оңтүстікте көптеген жұмыстар жасап, абыроймен Астанаға жоғарылап кеткен еді. Ал, бұл жолы қалай болады? Әрине, басқа-басқа Шымкентті басқару өте қиын деп жатса да, Шығыстың да өз «тонькосттары» бар екені талассыз. Былайша айтқанда, Шымкент Шығыс емес немесе керісінше - Шығыс Шымкент емес. Қалай болғанда да жергілікті халықтың сырттан келген басшыға деген назы, кекесіні, әйтеуір бір көңіл толмастығы болады. Халықты бұл «аурудан» сауықтыру үшін Сапарбаевтың сырттан келген командасына көп салмақ түседі. Бір қызығы Сапарбаевтың қазіргі командасының арасынан кезінде Оңтүстікке алып келген кадрларын көре алмадық. Соған қарағанда Бекең командасын жаңадан жасақтаған сияқты. Ендеше жаңа команда Бердібек Сапарбаевты жаңа белестерге көтере алады ма? Оны тақсыр уақыт көрсетеді...
"Рейтинг" газеті