Шөкеев команда жасақтап жатқанын айтты

Oinet.kz 07-03-2019 1403

7_main.jpg

Түркістан облысының әкімі қызметіне өткен аптада тағайындалған Өмірзақ Шөкеев сәрсенбіде алғаш рет ауданға іс-сапармен шықты. Өңір басшысы Ордабасы ауданындағы өндіріс орындарын аралап, Темірланда ардагерлермен кездесті. Қазақы дәстүрден аттамай ақсақалдардың батасын алды. 

Ардагерлермен кездесу барысында Шөкеев:

-Команда жинап, жұмысты бастайын деп жатырмын,-деді. 

Шөкеевтің барған жерінде жаппай ауыс-түйіс жасайтыны, Түркістанда да осы әдетінен жаңылмайтыны бұдан бұрын да айтылған болатын. Қазір Шөкеевтің соңынан,  Астанадан, Ауыл шаруашылығы министрлігінен Түркістанға келіп жатқан кадрлар туралы түрлі әңгімелер гулеп тұр. «Пәленше келіп қойыпты, түгенше ана қызметті алады екен» дегендей. Ал кешегі сәрсенбіде Елбасының өкімімен Асылжан Мамытбеков Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылды. 

Асылжан Мамытбеков пен Өмірзақ Шөкеевтің қызметтік жолы тоқсаныншы жылдары Қостанайда түйіскен. Шөкеев облыс әкімі, Мамытбеков басқарма басшысы, кейін оған орынбасар болған. Шөкеев-әкім, Мамытбеков –орынбасар, Шөкеев-министр, Мамытбеков-жауапты хатшы. Бұл жағдай  Астанада, Оңтүстік Қазақстан облысында, ауыл шаруашылығы министрлігінде жалғасты. Сәтін салса, Түркістанда да осы үрдіс сақталатын сияқты. Мамытбековтың қызметінен босатылуы да отқа май құйып жатыр. 

Алдын ала болжам бойынша ол Шөкеевтің қаржы жөніндегі орынбасары болуы мүмкін. Сонымен бірге оның Түркістан қаласының әкімі болуға  биографиясы да, географиясы әбден сұранып тұр. Айта кетері, Мамытбеков 1968 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген.

Командасын жасақтап жатқан Шөкеев ауыс-түйісті алысқа ұзатпауы мүмкін. 

Қарағандыда барымташылар құрықталды
Жексембиннің командасы «кризиспен» қалай күресіп жатыр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу