Шымкенттегі шошқа бағудың шуы

Oinet.kz 04-07-2013 831

Өткен аптаның сәрсенбісінде Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті сессиясы өтіп, депутаттар күн тәртібіне қойылған қадау-қадау 21 мәселені у-шусыз, ың-шыңсыз қысқа уақыттың ішінде барлығы бірауыздан бекітіп тастады. Мәселе болғанда да қандай дерсіз, төтенше жағдайлардың алдын алу, сайлау комиссиясының мүшелерін сайлау, тегін дәрі-дәрмек, діни бірлестіктер, шалғайдағы балаларды мектепке тасымалдау, жұмыспен қамту... тағысын тағылар.  Бұған дейін бұл мәселелер тұрақты комиссияларда талқылағандықтан шығар, әйтеуір, шенеуніктер айтқан ұсыныстарға депутаттар дүркін-дүркін қол көтеруден шаршаған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, «құда да риза, құдағи да тыныш». Бірақ сессия аяталар тұста... «Күтпеген жерден басталған төбелес қызық» демекші,  әлгі күн тәртібіндегі  21 мәселеге де кірмейтін тосындау тақырыптан шудың шеті шықты. 

786bacf575c9eeaf75fad5cd13ad7277.jpg

- Жаңа біз ауыл шаруашылық басқармасының ұсынысымен Оңтүстік Қазақстан облысының қалаларында және басқа да елді мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау қағидаларын бекіттік. Ал, шошқа бағудың тәртібін кім белгілейді? Шошқа бағудың тәртібін түзу ит-мысықтыңкінен қиын болып па?Маған Шымкент қаласы Түркістан көшесінде тұратын халық осы мәселеге байланысты арызданды. Олардың талап-тілектерін құзырлы органдардың құлағына жеткізгеніммен әлі еш нәтиже жоқ, - деп депутат Рәшкүл Оспаналиева ой қозғады. 

Шошқа десе шоршып түсетін көп қазақтың бірі екеніміз рас. Депутат Оспанәлиеваның ойын қостап, содан бірнеше депутат шошқаға шүйліккен шу көтерді. Тек Шымкент емес ауылдардан да осындай шағымдар көптігі көлденең тартылды. Айтпақшы, қайсыбір жылы «Оңтүстік» әлеуметтік корпорациясы бюджеттің қомақты қаржысын шошқа ферма ашуға жұмсап, оны қазақ үшін аса қасиетті атау «Ордабасы» деп атағанда ел не күлерін, не жыларын білмей дал болған. Әрине, қанша жерден жиіркеніп, теріс айналсаңыз да шошқа да үй жануары. Талпақ танау жануарды асырап, нәпақасын содан ажыратып отырған отбасылар қалың қазақ қоныстанған оңтүстікте жетерлік. Шошқаның тұрған жерден шыққан күлімсі иіс қолқаны қабатыны, оның көрші-қолаңға, жалпы қоршаған ортаға тигізетін қолайсыздығы айтпаса да түсінікті ғой. Яғни, депутат Рәшкүл Жәлелқызы көтерген  мәселе орынды. Атқарушы билік бұған не жауап қайырды дейсіздер ме? Сөйтсек... 

Облыста шошқаны бағудың тәртібін белгілейтін ешқандай ереже жоқ екен. Алғашқыда бұған мамандардың өздері аң-таң болыпты. Құқық қорғау органдарына да сұрау салыпты. Олар да ештеңе жарытпаған. Ары-бері сұрастырып жүріп, шенеуніктердің түсінгені мынау болыпты: облыста шошқа ұстаудың тәртібін белгілеу үшін Парламент арнайы заң қабылдау қажет. Бұдан басқа жол жоқ көрінеді. Ол заң қабылданбайыша, шошқа бағушыларға шара көру мүмкін емес. Атқарушы билікте ондай құзырет жоқ. Саниэпидемиологтардың, яғни СЭС-тің де шошқаның шуын тоқтатуға пәрмені жеткіліксіз. Мәссаған, сонда байлардың қымбат көлігінен түспейтін, үйінде бірге тұратын  асыл тұқымды ит-мысықтан гөрі, шалшық судан шықпайтын сасық шошқаның қадірі артығырақ болғаны ма?!  Кім үшін қадірлі? Депутаттар үшін бе, әлде шенеуніктер үшін бе? Талпақ танауға мұндай артықшылықты беріп қойған кім? Онсыз да абыройы айрандай төгіліп, мең-зең күй кешіп келе жатқан Парламент енді Шымкенттегі шошқа мәселесіне араласса, масқарасы сонда шығар еді-ау. 

Мысырда жұмбақ күйде көз жұмған дипломаттың жұбайы президенттен көмек сұрауда (видео)
«Аяқталмаған трагикомедия...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу