Мысырда жұмбақ күйде көз жұмған дипломаттың жұбайы президенттен көмек сұрауда (видео)

Oinet.kz 20-12-2019 1779

13 желтоқсанда Каирде жұмбақ жағдайда қайтыс болған Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасовтың әйелі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, еліміздің бас прокуроры, ішкі істер министрі мен сыртқы істер министрінің атына үндеу жолдады, деп жазады Oinet.kz порталы Nur.kz-ге сілтеме беріп .

Мысырда қайтыс болған Еламан.jpg

Марқұмның жұбайы Айнұр Молдабаева Қазақстанның билік өкілдері мен халқынан көмек сұрауда.Ол 13 желтоқсан күні таңертең Каирдегі пәтерінің маңынан күйеуінің денесін тапқанын айтады.

"Басының тұсында қан көп болды. Мойнына жіп тартылып, баспалдақтың тақтайшасына байланған. Подъезде қанның, аяқ киімнің іздері көрініп тұрды. Бұл оның біреумен арпалысқанын білдіреді және өз-өзіне қол жұмсау нұсқасын жоққа шығарады", – дейді қара жамылған келіншек.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін елшілік өкілдері Еламанның жұмыс бойынша PR шараға ақша алғанын, ол қаражаттың жоғалғанын және осы жайттың қылмысқа себеп болуы мүмкін екенін жеткізген.

Жергілікті полиция дипломат өз-өзіне қол жұмсады деген нұсқаны ұстанып отырған көрінеді. Осыған орай марқұмның жұбайы Еламанның тәжірибелі дінтанушы, діндар адам болғанын, Ислам дінінде өз-өзіне қол жұмсаудың ауыр күнә екенін атап өтті. Ол бала-шағасы, сүйікті жұмысы, болашаққа деген үлкен жоспары бар адамның ондай қадамға баратынына сенбейтінін алға тартты.

Айтуынша, қайтыс болар күннің қарсаңында күйеуін жергілікті журналист араб инвесторларымен кездесуге алып кеткен. Содан кейін Еламан үйіне оралмаған.

Айнұр Молдабаеваның сөзіне қарағанда, Мысыр саяси тұрғыда дипломаттың кісі қолынан қаза табу нұсқасының жария болуынан қорқуы мүмкін. Ол қазіргі уақытта күйеуінің денесі Мысыр прокуратурасындағы медициналық сараптамада жатқанын айтады.

Бұдан соң, марқұмның жұбайы Еламанның дипломатиялық өкілдік қызметінде атқарған елеулі еңбектерін атап өтіп, тергеудің ашық әрі әділетті өтуін қалайтынын жеткізді. Ол Қазақстан билігінен бұл мәселені бақылауға алуын сұрап отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Каирде Қазақстанның Мысырдағы дипломатиялық өкілдік қызметкері Еламан Жолдасов жұмбақ жағдайда қайтыс болғанын хабарлағанбыз.

Кейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі елшілік қызметкерінің зорлықпен өлтірілгені туралы қауесетке пікір білдіріп, бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтқан еді.

Тәжіксіз қырғызға күн жоқ па?
Шымкенттегі шошқа бағудың шуы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу