«Аяқталмаған трагикомедия...»

Oinet.kz 18-07-2013 701

«Мәсхатшыны ауыстыру бандиттер шешетін мәселе ме?». «Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде осы тақырыппен Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұхарбаевтың атышулы мәлімдемесіне қатысты мақала жарияланған болатын. Мәлімдемеде Н.Бұхарбаев әлдебіреулердің оның отбасын «қырып кетеміз» деп қорқытқанын және бұл жағдайдың депутаттық өкілеттікпен байланысты екенін айтып, облыс әкіміненен, құқық қорғау органдарының басшыларынан көмек сұраған. Осы мақалада аталған жәйттың Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаровты қызметінен кетіру жөніндегі мәселеге барып тірелуі мүмкін деген болжамымызды да білдіргенбіз. Бұл кезде хатшының қызметтік мәселесін «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының белсенділері өздерінше кесіп-пішіп, оны кезектен тыс сессияның күн тәртібіне қоюға жолдап та қойған болып шықты. 

Screenshot_5.jpg

Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы кешегі аптаның жұмасында өтті. Депутаттар бюджетке өзгеріс енгізу туралы мәселені қарады. Ал, Н.Бекназаровтың қызметтік мәселесін қараған да, оны күн тәртібіне қойған да ешкім болған жоқ. Атқарушы биліктің қазынасын бекітіп берген депутаттар у-шусыз, ың-шыңсыз тарап кетті... «Апам да аң-таң, мен де аң-таң».

Біз алдымен қалалық мәслихаттың екі-үш депутатымен хабарласқанбыз. Олар хатшыны қызметінен кетіру депутаттардың ішкі мәселесі екенін айтып, оған енді нүкте қойылғанын, бұған қайтып оралудың қажеттілігі жоқ деген пікір білдірді. Нұрлан Бекназаровтың өзімен де жолықпақ болғанбыз. Бірақ ол еңбек демалысына шығып кетіпті. Ары-бері ізденіп жүріп білгеніміз, сессия болардың алдын депутаттарға қалалық мәслихат хатшысы, сессия төрағасы және тұрақты комиссия төрағалары қатысқан мәжілістің хаттамасы таратылып берілген. Осы құжаттың бір данасы біздің де қолымызға түсті. Әңгімемізді осы хаттамада жазылған жәйттармен сабақтайық.

5 шілде күні жоғарыда аталған азаматтардың қатысуымен өткен мәжілісте сессия төрағасы Ж.Омаров қатысушыларға  «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы Саяси Кеңесі Бюросы мен оның мәслихаттағы фракциясының 16 маусымда болған кеңейтілген отырысының хаттамасын таныстырып, онда сессия қарауына қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамына өзгеріс енгізу, қалалық мәслихат хатшысын қызметінен босату және жаңа хатшы сайлау туралы үш мәселенің ұсынылғанын мәлімдейді. Н.Бекназаров осы мәселелер бойынша прокуратура және әділет департаменті мамандарынан түсіндірме алғанын тілге тиек етіп, мұндай ұсыныс алдымен мәслихаттағы депутаттық өкілеттік, этика, әкімшілік-аумақтық құрылым жөніндегі тұрақты комиссиясында қаралып, одан кейін мәслихатқа түсуі тиіс дейді. Ал аталған тұрақты комиссияның төрағасы Ғ.Ташқараев өздеріне бұл жөнінде ешқандай өтініш келіп түспегенін айтады. Осылайша регламент сақталмағандықтан алғашқы мәселе сессияның күн тәртібіне енбей қалады. Енді негізгі мәселеге көшсек. Н.Бекназаров «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға сәйкес хатшы мәслихат  сессиясында сайланатынын және оның мәслихаттың өкілеттігі біткенше жұмыс істей беруге құқылы екенін айтады. Оның өкілеттігі қызметінен кету жөніндегі арызы бойынша тоқтатылатын көрінеді. Нақты мысал де келтіреді. Мәселен мәслихаттың өткен шақырылымында хатшы болған Н.Жарболов денсаулығына байланысты, ал одан кейінгі хатшы Ж.Махашев мемлекеттік қызметке ауысына байланысты өз еріктерімен хатшылық өкілеттіктерін тапсырыпты. Н.Бекназаровтың өзі қызметінен кету туралы арыз бермегенін, жұмысын одан әрі жалғастыра беруге мүдделі екендігін және хатшылық қызметінде ешқандай кемшіліктерге жол бермегенін білдіреді. Айтқандай «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалымен байланысы нашар деген айыптауға  Н.Бекназаровтың айтар уәжі бар екен. Ол соңғы екі жылда  партияның төрағасы, Елбасы Н.Назарбаевтың алғыс хатымен екі мәрте марапатталыпты. Мұндай марапат партияның облыстық, қалалық филиалының басшылары тарапынан да беріліпті. Осыны алға тартқан ол  партиялық міндетін орындамаған адамға мұндай марапат не үшін беріледі дегенді аңғартады. Енді мәслихаттағы фракцияның шешіміне келсек. Заңгерлер «Нұр Отан» партиясы фракциясының типтік ережесін зерттеп шығыпты. Онда мәслихат хатшысын қайта сайлау немесе мерзімінен бұрын өкілеттігін тоқтатудың құқықтық негізі көрсетілмепті. Фракция мүшелері тек мәслихат хатшысының кандидатурасын талқылайды және бұл хатшының орны бос болған жағдайда ғана жүзеге асырылады екен. Осыдан кейін мәжіліске қатысушылар хатшыны орнынан босату туралы мәселені сессияның күн тәртібіне қоюға ешқандай негіз жоқ деген бірауыздан келісімге келеді. Қайталап айтайық, біз тек хаттамада жазылған жәйттарды қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Жұма күні өткен сессиядан кейін депутаттар жеке қалып, өзара түсіністік туралы ашық әңгіме жасасқан. Н.Бекназаров «Өкпе-ренішіміз болса, осы жерде айтайық, бір-бірімізге хат жазып, бәле іздеуді қояйық, онсыз да елге масқара болдық, қасиетті оразада жаға жыртысқанымыз естіген елден ұят, халық қалаулысы үшін ең бастысы елдің жүктеген аманаты» дегенді де айтады. Хатшының бәтуа сөзін әріптестері де құп көргенге ұқсайды. 

Болған оқиғадан түйгеніміз мынау. Біріншіден, хатшыны орнынан алу Н.Бекназаровтың қызметтік, партиялық мәселесінде емес, оның партияның қалалық филиалы жетекшілерімен арадағы салқынқандылығында жатқан сияқты. Партия жетекшілері хатшылыққа өздерінің ыңғайындағы кандидатты дұрыс көреді. Бірақ мәслихаттың соңғы екі шақырылымында хатшы болып келе жатқан Нұрлан Бекназаров «айқай-шудан шаршадым» деп, орнын босатып бере салатын, онша-мұншадан ыға қоятын адам еместігін байқатты. Бұл жерде оның биліктегі басшылармен жақсы қарым-қатынаста екендігі, олардың да қазіргі хатшының қызметіне қала бергенін дұрыс көретіндігі басты роль ойнап тұр деуге болады. Екіншіден, егер хатшыны кетіру туралы бастама «Нұр Отан»  мәслихаттағы фракциясында қаралып, депутаттар оны сессияның күн тәртібіне ұсынған болса, оған жеткілікті негізді неге шегелеп алмаған? Бастамашы топ осыменен бітімге келе ме әлде өздерінің әрекетінің дұрыстығын дәлелдей ме? Фракцияның жетекшісі, Н.Бекназаров кеткен жағдайда оның орнына бірден-бір кандидат ретінде аталып жүрген Бекайдар Төлегенов енді қандай қадамға барады?

Осылайша мәслихат хатшысын ауыстыру мәселесі саясат сахнасындағы «аяқталмаған трагикомедиялық пьесса» болып қалды. Трагедия болатын себебі, осы дау-дамай елге тарап, бір депутаттың ақпарат құралдары арқылы мәлімдеме жасауына мәжбүр етті. Комедия болатын себебі хатшы ауыстырудың ақыры «аққу көкке, шортан көлге...» тартқан тірлікке ұласты. Бір айта кетері, хатшының мәселесін сессияның күн тәртібіне қоюды талқылаған мәжіліске комиссия төрағаларының үшеуі қатысып, екеуі қатыспаған (олардың бірі іс-сапарда, бірі еңбек демалысында болған көрінеді). Ал қатысқан үш төрағаның пікірі басқа да, бұл мәселені күні бұрын фракцияда қарап, басым дауыспен шешім қабылдаған комиссия мүшелерінің пікірі басқа болғаны ма?  Болған жәйт биліктің партиясында ауызбіршіліктің жоқтығын көрсетпей ме?! Саяси партия құрудағы мақсат елді ұйыстыру, біріктіру емес пе? Ал, биліктің партиясындағы қазір тірлік, бір-бірінің соңына түсу, іріткі салу... Мәслихатта «нұротандықтарға» айналысатын басқа шаруа қалмағаны ма? Ал сонда партияның абыройын, депутаттық беделді ойлаған кім бар?  

"Рейтинг" газеті

Шымкенттегі шошқа бағудың шуы
Альмира Орманшина қайда жүр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу