Пірімбаев алаяқ емес...

Oinet.kz 29-03-2019 846

Кезінде «Казкоммерцбанк» АҚ Шымкент филиалының директоры болған, облыстық мәслихат депуттары сайлаған тексеру комиссиясының төрағасы қызметін атқарған Алмабек Пірімбаев қайта ақталды. Қайта ақталды деп отырған себебіміз, осыдан бірнеше жыл бұрын банкке 800 миллион теңгеден астам шығын келтірген алаяқтық жүйе бойынша қайтарымсыз несиелер беру оқиғасы негізінде қозғалған қылмыстық іс бойынша осы былыққа қатысы бар деген бірнеше қаржы қызметкерлері сотталып, сол кезде филиал директоры қызметін атқарған А.Пірімбаев сүттен ақ, судан таза болып шыққан-тұғын. 

Пірімбаев.jpg

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының бұл үкіміне наразы болған талапкер мен мемлекеттік айыптаушы жақ, дәлірек айтқанда, банк пен прокуратураның талабы бойынша облыстық соттың апелляциялық, кассациялық алқаларында қаралып, үкім күшінде қалдырылған болатын. 

«Казкоммерцбанк» АҚ өкілдерінің ҚазТАГ агенттігінің тілшілеріне берген сұхбатында банк пен бас прокуратураның талабы негізінде Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша қадағалау алқасы шығарған қаулыда Оңтүстік Қазақстан облыстық соты апелляциялық және кассациялық алқасы қабылдаған қаулының А.Пірімбаевқа қатысты бөлігі ішінара өзгертіліп, жаңадан сот тергеу амалдарын жүргізу үшін қайтарылғаны айтылған. Банк өкілдері мен прокуратура алаяқтық әрекеттер А.Пірімбаев басшылық жасаған кезеңде орын алғанын сот назарына ұсынғанымен, үкім өзгеріссіз қалдырылды. Тіпті, осы іс бойынша сотталған байырғы менеджер Байқасымовтың филиал директорының көмегінсіз мұндай іс-әрекетті жүзеге асыру мүмкін еместігі жөніндегі уәжі де жаңғырық күйінде қалып қойған. 

Әдетте, өмірден озған адамдарға ғана қатысты өткен шақпен сөйлейміз. Ал, А.Пірімбаевтың қызметіне қатысты өткен шақпен сөйлеуге тура келіп тұр. Ол банк басшылығынан босағаннан кейін былайғы жұрт майлы жілік санайтын тексеру комиссиясының тізгінін қолға алғаны белгілі. Бірақ, өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Мұрын астында болып жатқан банктегі былықты байқамаған банкирді қайта тексеру комиссиясының төрағалығына ұсыну науқанында жайшылықта сайлаушыларының мұқтаждығы үшін оңайлықпен дау көтермейтін депутаттар өзара дауласыпжүріп әрең біршешімге келді. Мәслихат депуттары Пірімбаевты бірі қолдап, бірі қолдамай өзара қызылкеңірбек болып жатқанда оның кандидатурасына Астана жақтағы құзырлы мекемелер келісім бермей тексеру комиссиясының төрағалығына басқа адам сайланды.  

Бәлкім, А.Пірімбаевтың қызметтік карьерасына қатысты «әзірге» деп әңгімелеген дұрыс шығар. Өйткені, соншама былықтан таза шыққан Пірімбаевтың араға біршама уақыт салып, жұрт бұл жайтты ұмыта бастаған сәтте сарт етіп бір жайлы креслоға отыра салуы ғажап емес.

Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
Мырзахметов Елбасының алдында неге мүдірді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу