Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
2007 жылғы қаңтар айының ортасында Алматыдағы «Кең дала» іскер орталығында қарапайым тұрғындарды айтпағанда, құзырлы орган қызметкерлерінің өздері түсінбеген алабөтен оқиға өтіп жатты. Бір жағынан Алматы қалалық ішкі істер басқармасының полициясы, екінші жағынан қаржы полициясы бірін бірі ғимаратқа кіргізбей өзара қырқысқа түсті. Соңы қайғылы, қанды оқиғамен аяқталған бұл жағдайға сәл кейінірек тоқталармыз.
Алдымен бүгінде ел ерекше назар аударып отырған жайтқа тоқталсақ, Ержан Өтембаевқа қатысты Қаскелең қаласында өткен, осы аптаның дүйсенбісінде аяқталған соттың шешімі қашқында жүрген Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевқа қосымша соққы болғандай. Бастапқыда жиырма жылға бас бостандығынан айырылған Е.Өтембаев енді кісі өлтіруге емес, ұрып-соғуға ғана тапсырыс беруші деп танылды. Сотталушы өзінің бұл қылмысына бола он үш жылға жазаға кесілгенін қисынсыз деп санады. Ал, көрнекті мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары мен жақтастары бұл соттан да әділдік таппағанын, нақты жауаптан гөрі сансыз сұраққа жолыққандарын, соттың бір жақты асығыс жүргенін айтып қала берді. Жәбірленуші жақтың сот шешіміне көңілі толмауы, ал сотталушылардың сөзі прокурордың ойымен, судьяның қалауымен үндесіп жатуы әрине ақылға сыймаса да, болған факт осы.
Осындай көңілге қаяу салар көріністерден кейін «сегіз жыл бұрын жабылған қазанның қақпағын қайта ашып не керегі бар еді?» деген сұрақ туындайды. Іштегі және сырттағы саяси жағдайларға зер салсақ, нақты жауабын таппасақ та, біраз болжамдарға кездесеміз. Мәселен, алдағы екі-үш жылда Қазақстанды ЭКСПО көрмесі ғана емес, парламенттік және президенттік сайлау күтіп тұр. Н.Назарбаевтың сол сайлауда тағы да бағы мен бабын сынар-сынамасы бізге әрине белгісіз. Бірақ, қалай десек те, осы президенттік сайлауда қазіргі элита үшін іштегі және сырттағы тыныштық ауадай қажет. Яғни, олар үшін «бүйректен сирақ шығарушы»--40 жылға сырттай сотталған, президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев. Жүрген жерінде елді, елбасыны жаман атты жасайтын қашқынның үнін өшіру әрекетінде осы күнге дейін қазақ билігі айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Оның бір себебін, былтыр мәжілістің бір отырысында Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель айтып қалды. Әрине, И. Меркель Р. Әлиевтің атын атап, түсін түстеген жоқ. Бірақ, «қашқындарды күтіп отырғанша сырттай неге соттай бермейміз?» деген депутаттың сұрағына «Кісіні сырттай соттау халықаралық заңнаманың тәжірбиесі бойынша құптарлық емес екен» деген болатын. Бұл сөздің астарында «қашқынды сырттай соттағаннан оны елге алдыруымыз аса қиын» деген жауап жатқандай болды. Биліктегілер атын естісе селк ете қалатын көрнекті мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің қазасына қатысты істің сегіз жылдан кейін бір ашылып, жабылуы да үлкен сайлау алдында, болуы мүмкін өтпелі кезеңнің қарсаңында Р. Әлиевке алдын ала құрық тастаудың бір амалы секілді. Әйтпесе, 2006 жылғы Талдықорғандағы сотта А.Сәрсенбайұлының жақтастары сот ісіне АҚШ-тың федералды тергеу бюросының қорытындысын тігуді өтінген (кісі өлтіруші деп танылған Р.Ибрагимов ФБР-дің «детектр лжи» аппаратынан тексерістен өткен болатын-Р.Е). Бірақ, сол кезде судья Мерекенов шетелдік құзырлы органдардың құжаттарын іске қосу заңға қайшы дегендей миығынан күлген еді. Енді сегіз жыл өткен соң «іске жарамайтын» сол тексерісті бас прокуратура АҚШ елшісінің азуына салып айтқызып, халықарлық дәрежеге шығарды. Сонда «айдаладағы елші білген қылмыстық істегі құпия сәттерді сол кездері біздің тергеушілер, прокурорлар, судьялар қалай білмей қалды?» деген сұрақ туындайды. Біздегі құзырлы органдардағы қызметкерлердің кәсіби біліктілігі таяз дегендей бір жақты пікірге амалсыздан ден қойсақ та, соншалықты сорлап қалғандарына сенгің де келмейді. Себебі, А. Сәрсенбайұлының туыстары мен жақтастары күдікті тұлғаларды сотқа шақырып тергеуге бірнеше мәрте өтініш жасаған (Басты күдіктінің бірі –Р Әлиев болатын). Бірақ, «ондай тұлғалармен тергеушілер тергеу кезінде оңаша кездескен» деген жауаптан таймаған судья сот отырысында күдікті делінген лауазымды тұлғаларға шақырту жіберуге жарамады.
Қоғамды дүрліктірген А. Сәрсенбайұлының қазасына қатысты соттың алғашқы үкімі шыққан сәтте Р.Әлиев «Қазақстанда монархия орнату керек» деген мақала жазып, шығармашылығын шыңдап жатты. Алайда, арада жарты жыл өтпей жатып оның қол астындағы «Нұрбанктен» кезекті шу шықты. Ресми қорытындыны қысқа қайырсақ, Р. Әлиев үйреншікті әдетіне салып, рейдерлік әрекет жасау арқылы дегеніне жеткен соң екі топ-менеджерді, яғни Ж. Темірәлиев пен А. Хасеновті айуандықпен өлтіріп тастаған. Ал ресми шешім «рейдрліктен» аспайды. Бірақ, көпшіліктің көкейінде және бір сұрақ қалды: өздері бірге құрған «Нұрбанктен» Иманғали Тасмағамбетовтің жиені Әбілмәжін Ғылымов әріптес достарымен бірге неге сол кездері қызметтен кеткісі келді? Бәлкім олар А.Сәрсенбайұлының қазасына қатысты соттан кейін ерте ме, кеш пе Рахат Әлиевке бір тықыр келерін сезді ме? Сөйтіп, Ж. Темірәлиев пен А. Хасенов алдын ала аш пәледен қашқанымен бәрібір қандықол Р. Әлиевтің жазалауынан қашып құтыла алмады. Әбілмәжін Ғылымов болса, оны құдай қақты ма, әлде жердегі жарты құдайлардың құдіретінен бе әйтеуір әупіріммен аман қалды. Қырық жылға сырттай сотталған Р.Әлиевтің соты қоғам үшін ашық өткенде біз бәлкім мұндай сұрақтарды қойып, басымызды қатырмас едік. Бірақ, қазіргі таңда түсінгеніміз Рахат Әлиевті әу баста Құдайдай еркелетпесе, Алтынбек Сәрсенбайұлы серіктерімен бірге оққа байланбас еді. Одан кейін, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің қазасына қатысты сотта прокурорлар, тергеушілер, судьялар табандылық танытып, қылмыстық істі толық аша білгенде «Нұрбанктегі» топ –менеджерлер Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов Р. Әлиевтің қолынан ит өліммен көз жұмып, туыстары зар еңіреп қалмас еді. Сонда, марқұмдардың қаны кімнің мойнында?
Руслан Ербота