Рамзан Қадыров: «Путин үшін 100 рет өлуге даярмын»

Oinet.kz 06-02-2014 903

- Грузия, Оңтүстік Осетия, Украина— Ресейдің қасіреті. Неге біз қасірет шегуге тиіспіз? Біздің қолымызда құртып жібере алатын құдірет бар. Армиямыз да, технологиямыз да күшті. Олай болса не кедергі келтіреді? Бізге шабуылға шығу қажет, - деді осы аптада британиялық басылымдардың біріне берген сұхбатында Шешенстанның президенті Рамзан Кадыров. 

Screenshot_20.jpg

Рамзан Кадыров әу баста шешен халқының тәуелсіздігі үшін Ресеймен соғысқан адам. Иә, бүгінде Ресейді жан-тәнімен қорғаштайтын Р.Кадыров әкесі Ахмад Кадыровпен бірге Ресейге жихад жариялаған сепаратистік топ жетекшілерінің бірі болған. Бірақ 1999 жылы әкелі-балалы Қадыровтар Ресей жағына өтіп кетті. Не үшін?  Кадыровтар Шешенстандағы сеператистерді өрттей шарпыған уаххабизмге қарсы болды. Ұлт-азаттық соғысқа уахабшылардың араласуы мұң екен, әкелі-балалы Қадыровтар күні кеше ғана өздері соғысып жүрген жау жағына өтті де кетті. Содан бері Рамзан Кадыров уахаб десе шайтан көргендей шошаң ете түседі.

Ресей әкелі-балалы Қадыровтардың қызметін жаман бағалаған жоқ. Ахмад Кадыров Шешенстанның тұңғыш президенті болды.  Рамзан құқық қорғау органдарында қызмет етті. Оның лауазымы күн санап өсе берді. 2004 жылы 9 мамырда әкесі қастандықтың құрбаны болған кезде Рамзанның жасы 28-де болатын. Бұл кезде елдің Конституциясы бойынша президенттікке үміткердің жасы 30-дан кем болмауы тиіс еді. Рамзан Путинге өтініш жазып, Конституцияны өзгертуді сұранды. Алайда «ақ патша» оның бұл өтінішін қанағаттандырмады. Дегенмен Кремль Рамзан Кадыровпен достық қарым-қатынасын жоғалтпаған сияқты. Ол әуелі Шешенстанның үкімет жетекшісі болды, 2007 жылы президенттік таққа отырды. Осы кезден бастап Рамзан үшін Путиннен жақсы адам жоқ, Ресейден артық ешкім жоқ. 

2004 жылдың тамызында Шешенстанның Шали деп аталатын жерінде бір үйге қаруланған төрт бандит басып кіріп, отағасын өлтіріп, оның әйелін соққыға жыққан. Бұдан кейін бандиттер көлікке отырып қашып кетпек болады. Осы кезде есін жиған әйел күйеуінің автоматын қолына алып, төрт бандитті жайратып салған. Былтыр Рамзан Кадыров өжет әйелдің еңбегін бағалап, оған елдегі ең үлкен марапаты—«Қадыров орденін» тапсырды.  

- Міне, бұл нағыз шешен қызы, бұл нағыз шешеннің анасы. Ол отбасының сақтаушысы,--деген Рамзан оған Грозныйдың ең әсем аудандардың бірінен үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Әлгі төрт бандиттің қай ағымның өкілі екендігі туралы ақпарат жоқ. Бірақ Ресей ақпарат құралдары «Кадыров төрт уахабистті өлтірген әйелге орден берді» деп жарыса жазды. Дәл қазір Қадыров үшін де, Ресей басылымдары үшін де Кавказда қолына қару алғанның бәрі уахабист. 

- Уахабизм –барып тұрған қатыгездік және біз оның қатыгездік екенін айтудан қорықпауымыз керек,--деген сөзді жиі ауызға алады шешен президенті.  Қазір Шешенстанда жергілікті халықтың тарихи тамырынан бастау алатын, салт-дәстүрімен біте қайнасқан сопылық ағым кеңінен насихатталып келеді. «Суфизмнің өне бойында жылылық, мейірім,-шапағат бар, оның жастардың бойына сіңіру қажет» дегенді дінбасылар ұдайы айтып отырады. «Суфизмнен бас тартсақ, онда біз радикализмге жол ашып береміз» дейді елдің саяси жетекшілері. Олардың ойынша уахабизм мен терроризм бір ұғым. Былтыр Шешенстандағы мешіттердің бірінде уағыз айтқан Рамзан Кадыров сопылық ағымға деген сүйіспеншілігін жеткізе отырып «Алланың атымен ант етемін, кез-келген уахабист және уахабистке ұқсаған өлтіріледі» деді. 

Сепаратистер жихад үшін өлуге құштар болса, Рамзан Путин үшін өліп-тірілуге даяр екен. 

- Мен Кремльдің сенім білдірген өкілімін. Ливияның жетекшісі Муаммар Каддафи маған «Ресейден іргесін аулақ салған ел ақымақ» деген болатын. Біз Ресейден кетіп қайда барамыз? Америкаға ма? ...Мен толығымен Путинге берілген адаммын. Мен Путинді нағыз ер азамат ретінде, ақылды саясаткер ретінде бағалаймын. Мен Путин үшін 20 рет өлуге даярмын. Ол бізге қиын кезде қол ұшын берді. Соның арқасында біз аяғымыздан тұрдық. Мен Путинді ешқашан да сатпаймын, тіпті оның өзі менен бас тартса да. Тағы да қайталап айтамын, Кадыров Путин үшін 100 рет өлуге даяр,-- дейді Рамзан ақпарат құралдарына берген сұхбатында. 

Ал енді шешен халқының тыныштығы мен бейбітшілігі үшін барын салып жүрген  Рамзан Кадыровтың «Украинаға шабуылға шығуымыз қажет» дегенін қалай түсінуге болады? 

Марқұм А.Сәрсенбайұлына қатысты сот пен Ж.Темірәлиев және А.Хасенов өлімінің не байланысы бар?
Саясат аренасынан кеткендер қазір қайда жүр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу