Нұрғазы Бұхарбаев: «Донор болу туралы шешімді отбасымызбен қабылдап қойғанбыз»

Oinet.kz 28-02-2013 951

Қазақстанның медицинасы соңғы жылдары  адам ішкі мүшелерін ауыстыруда біршама жетістіктерге жетті. Астанада трансплатациялық орталық жұмыс істей бастады. Бүгінгі күні осы орталықта бауыр, бүйрек, ұйқы безін ауыстыру операциялары сәтті жасалуда. Енді алдағы уақытта осындай орталықтар облыстарда да ашылады. Бірақ...Иә бірақ бұл салада түйткілді мәселе көп. Жуырда бұрынғы денсаулық сақтау министрі, қазір Астанадағы республикалық трансплантологиялық орталықтың жетекшісі Жақсылық Досқалиев баспасөзге берген сұхбатында : «Бізде барлық мүмкіншілік бар, маман да, база да жеткілікті. Тек  донорлардың тапшылығы сезіледі» деді. Яғни, қажетті мүшесін беретін донор болмаса, медицинаның жетістігінен науқастарға келетін пайда жоқ. Ал донор мәселесі қалай шешіледі?

Screenshot_1.jpg

Қазір шетелден қажетті адам ағзасын алып келу тек қалталылардың қолынан келсе керек. Оның бағасын сіз сұрамаңыз, біз айтпай-ақ қоялық. Бірақ пайда үшін емес, адамгершілік үшін донор болуға келісімін беретіндер арамызда жоқ емес. Ондай жандар Шымкенттен де табылып жатыр. Солардың бірі Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұхарбаев. 

- Өркениетті елдерде донорларға қатысты жақсы үрдіс қалыптасқан. Дәлірегі дұрыс түсінік бар. Өмір болған соң түрлі жағдайдар болып жатады. Шындығы керек, ажал деген аяқ астынан ғой. Егер жол апатынан, басқа да жазатайым жағдайдардан қаза тапқан адамның ішкі мүшерлерін туған-туыстары ауыр дертке ұшыраған науқастарға берсе, бұл адамгершіліктің үлкені болар еді деп ойлаймын. Өз басым мұны қолдаймын және отбасымызбен осындай шешім қабылдап қойғанбыз. Егер айтқан жерден аулақ біреуміз жазатайым жағдайға ұшырап, ажал құшсақ, ішкі мүшелерімізді науқастарға беруге даярмыз,--деді ол.  

- Мұндай шешімге келуіңізге не себеп болды?

- Қазір ішкі мүшелерін ауыстыруды қажет ететін науқастар көп. Ресми ақпарат бойынша жылына олардың саны елімізде  5 мыңға жуық екен. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек бар. Бірақ сол көмекке қарап, кезек күтіп отырған адам қаншама?! Қаншама адам ішкі ағзалары айықпас дертке ұшырап, дәрі-дәрмектің көмегімен өмір сүріп жүр. Өз басым Пәкістаннан барып донор тауып келгендерді білемін.    Алайда шығынды барлық науқастың қалтасы көтере бермейді. Тапқан күннің өзінде ол науқастың ағзасына сәйкес келеді ме, жоқ па? Сондықтан мен мұндай шешімді науқас жандардың басындағы ауыр жағдайды түсіне отырып қабылдадым және жүрген жерімде көпшілікті осыған шақырып жүрмін.    

- Бірақ көпшіліктің таным-түсінігі бұған қайшы ғой. Қазақ тіпті мәйітті сот сараптамасына беруге қарсы. Марқұмдардың денесін  ауруханада сойдырмауға тырысады. Бұл пікіріңізді қолдай қоятын адам көп деп ойлайсыз ба?

- Бар гәп сол таным-түсінікте жатыр. Менің түсінігімде шариғат бұған қарсы емес. Егер жарық дүниеден дәм-тұзы таусылған адам, ішкі ағзасын өзге біреуге беріп, оның өмірін сақтап қалса, ол дінге де, адамгершілікке де қайшы болмауы тиіс. Шариғат адамды сауап жасауға шақырады емес пе?  Егер жол апатынан, басқа да бақытсыздықтардан қаза тапқан адамның ішкі мүшелерін туған-туыстары наусқастарға беріп жатса, бұдан келіп-кетер зиян жоқ. Қайта олар науқас жандардың, олардың жақындарының алғысын алады. Қазір ішкі ағзаларын ауыстыруға тиіс науқастарға көбіне жақын туыстары донор болады. Неге? Өйткені олар жақынының жан күйзелісін, шарасыздығын жақсы түсінеді. Бізге осы түсіністік, адамгершілік жетіспей жатыр. 

Жалпы, тәрбие, мәдениет мәселесі қазір қоғамда өте өзекті.  Саябақта отырып алып шемішке шағатын, шамдарды сындыратын жастар қайдан шықты? Өзінің пагонын жыртып, өзгеге жала жабатын, қылмыскердің кінәсі делелденсе де оны ақтап жіберетін судьялар қызметке қалай келді? Міне, осының бәрі де біздің мәдени деңгейіміздің төмендігін байқатса керек. Біздің болашағымыз жастар дегенді жиі айтамыз. Шындығында туу-өлу, жас-кәрі болу табиғаттың заңы. Біздің болашағымыз мәдениетімізде. Егер жастардың бойына дұрыс тәлім-тәрбие берсек, күні ертең қаланың тазалығына бөлінетін қаржы үнемделер еді. Құқық қорғау органдарында, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтарды мәдениетті, өз міндетіне адал атқара алатындай етіп тәрбиелей білсек, күнде қайталана беретін келеңсіздіктерге жол берілмес еді. Көшеде жүріп шемішке шағатындар көбіне ауылдан келген жастар дейді. Онымен келісуге де болады, бірақ қазіргі министрлердің, ғалымдардың көбісі сол ауылдан  шықты емес пе? Яғни, түптеп келгенде бәрі де тәлім-тәрбиеге барып тіреледі. Шын мәнінде біздің келешегіміз осы тәрбиеде,  мәдениетіміз бен түсінімізде жатыр.

Ал, біз сол мәдениетімізде көтеру үшін не істеп жатырмыз? Бұл салаға бөлініп жатқан қаржы қанша? Салыстырмалы түрде алсақ, тиын-тебен ғана. Тіпті, әкімдердің рейтингісіне жұртшылықтың адамгершілігін, сана-сезімін, мәдениетін көтеруді  де енгізген жөн. Әкім сол үшін не істеді, нендей жағдай жасады, нендей іс-шара өткізді, бәрі де сарапталып, тиісті бағасы беріліп отыруы керек. 

Қазір қарап отырсаңыз, мемлекеттік қызметке конкурс жарияланса, оған 40-50 адам үміткер болады. Сол қызметтің жалақысы мардымсыз. Олай болса жұрт оған неге таласады?  «Қолыңда билігің болса, әйтеуір бірдеме түседі ғой» дейді. Міне, мемлекеттік қызметке қатысты таным-түсінік осының төңірегінен ұзамай тұр. Ал, қарапайым халықтың сайлауға бармайтынын тіптен түсіну қиын. Депутат болған соң сайлаудың қалай өтетіні маған белгілі.  Тіпті жалынып, өтінгеннің өзінде жақын туысың да  дауыс беруге бармайды. Неге?

Мемлекеттік мықты болмағы мәдениеттен. Бүгінде ақпарат құралдарында газ, ауыз су, жылу туралы мәселелер жарияланып жатады. Бірақ ертеңгі күні бұл проблеманың бәрі де шешіледі. Ал, халықтың мәдени деңгейін көтеруді кім шешеді?

«Рейтинг»  газетінің редакциясына арнайы келген депутат Нұрғазы Бұқарбаев осылай дейді? Оның пікірін қаз-қалпында беріп отырмыз? Бұған сіздің не алып-қосарыңыз бар, оқырман? 

"Рейтинг" газеті

Бүгін Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның туған күні
Марқұм А.Сәрсенбайұлына қатысты сот пен Ж.Темірәлиев және А.Хасенов өлімінің не байланысы бар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу