Әбдірахымов «семіз сөйлеп, арық шықты»
Күні кеше ғана ақпарат құралдарында «зың қаланың әкімі» атанып жүрген Ғабидолла Әбдірахымов енді экс-әкімдердің қатарына қосылды. Шымкенттің 13-інші әкімінің қызметтен кеткені сейсенбі күні белгілі болды. Ойда-жоқта болған бұл ауыс-түйістің астарында бір гәптің бары анық. Әбдірахымов сол сейсенбіде Астанада жаңа тағайындау алды. Кешегі күні Шымкентке келіп, өзінің командасымен қош айтысқан. Команда демекші, Әбдірахымовтың артынан келген бір қора кадрдың да біразы бұрынғы басшысымен бірге Елордаға кетуі әбден мүмкін. Жаңа әкіммен бірге жағдайдың да күрт өзгеретіні түсінікті. Қандай әкім келер екен деп, ескі кадрлардың күпті болып отырғаны да бесенеден белгілі емес пе?
Елді елең еткізуден жалықпайтын, ақпарат құралдарының жұлдызына айналған экс-әкімнің тағайындалған жаңа қызметі, жасыратыны жоқ, пәлендей дерлік емес сияқты. Шымкентке осыдан екі жыл үш ай бұрын Астанадан ат ауыстырып келген Әбдірахымов Астанаға қайта оралды. Бірақ Ақордаға оралған жоқ. Әбдірахымовқа Үкіметтен де жұмыс табылмады. Бұйырғаны «Нұр Отан» партиясының жауапты хатшысы қызметі. Кейбіреулер бұл креслоны билікте жасарын жасап, берерін беріп қойған кадрлардың отыратын жері дегенді де айтып жүр. Қайбір жылдары Мемлекеттік қызмет істері агентігінде Зауытбек Тұрысбековке орынбасар болған Әбдірахымов бұрынғы бастығының орнына барып отырды. Кездейсоқтық емес шығар, бәлкім. Десек те, Президенттің жасаған реформасынан кейін құзыры күшейіп, құрығы ұзарған, тіпті Үкіметті жасақтауға да белсене қатысады деген биліктің партиясына жауапты қызметке барғандар жерде қалмауы әбден мүмкін. Қысқасы, Әбдірахымов карерасында біраз «демалыс» алды. Мұның қанша уақытқа дейін созылатынын кім білсін.
Әбдірахымов әкім болған екі жыл үш айда не тындырды? Бұл сауалға келгенде экс-әкім «семіз сөйлеп, арық шықты» десек қаталеспейтін шығармыз. Әдетте адамдар «арық сөйлеп семіз шығуға» ұмтылушы еді. Әрине, Әбдірахымовтың алғашқы қарқыны жаман болған жоқ. Тіпті жобалары жұрттың аузын аштырып, есінен тандырғандай еді. Келген бойда Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын жасады. Осы тұжырымдама бойынша Шымкент ертегідегідей жұмақ қалаға айналуы тиіс болатын. Көлік кептелісін азайтатын айналма жолдар, әсем саябақтар, көріктендірілген аулалар, ойын алаңшалары, биіктігі көкпен тірескен зәулім тұрғын үйлер, өзге жұртта жоқ сауда орталықтары.... «Шымкентситидің» өзі неге тұрады?! Жетпіс мың халыққа арналған қалашықтың инфрақұрылымның өзіне ондаған миллиард теңге жұмсалды емес пе? Осы жобаларды облыстық мәслихат депутаттарының алдында ұсынған әкім «600 миллиард қаржыны қайдан табасыз?» деген сауалға «мен бала емеспін» деп, реніш білдіріп, қаржыны инвесторлардың есебінен шешетінін айтқаны бар еді. Алайда екі жарым жылға жуық уақыттың ішінде «Шымкентситиде» жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асып жатқан әйдік жобалардан ел хабарсыз. Салынған тұрғын үйлердің құрылысы мемлекеттік бағдарламалардың есебінен жүргізілді. Былтыр Әбдірахымов жұртшылықтың алдында «2018 жылы Шымкенттегі негізгі пробеламаларының бәрін шешемін» деп уәде берген. Алайда Әбдірахымовтың әкімдік дәуірі бұл мерзімге де жетпеді. Ал қазір Шымкенттегі негізгі проблема коммуналдық салада. Дәл сол «Шымкентсити» салынып жатқан «Тұран» мөлтекауданындағы халықтың құрттаған су ішіп отырғанын «Рейтинг» газетінде бұған дейін де жазған едік. Үшінші мегаполисте жарық, жылу, көгілдір отын саласында шешілмеген түйткілді мәселелердің көптігі жуырда облыс әкімдігінде тоғыз айдың қорытындысы бойынша өткен жиында айтылған. «Семіз сөйлеп арық шыққан» әкім өзінің әйдік жобаларын неге орындамады, әлде орындатпады ма? Бәлкім әкімдік қызметтің ыстық, суығын бұған дейін татып көрмеген Әбдірахымовтың тәжірибесі жетпеді ме?
Есесіне Әбдірахымовтың «хит» сөздері ақпарат құралдарын шарлап жүрді. «Шымкент Лас Вегастан да әдемі болуы тиіс» дегені жұрттың мерейін кәдімгідей көтеріп тастаған. Былтыр қызметіне велосипедпен барып жүрген әкімнің суреті әлеуметтік желіде кеңінен тараған. Алайда әкімнің имиджі осындай арзан дүниелермен жасалушы ма еді? Бұл да жұртты жалықтырған сияқты. Әбдірахымов осы жуырда қарамағындағы шенеуніктерді жұмысқа қоғамдық автобуспен қатынауды тапсырып, тағы да жылт еткен жаңалықты жасап еді. Алайда әкімнің орынбасарымен бірге автобустың соңынан жүгіріп жүрген видеосына жұртшылықтың бұған оң қабақ танытпағаны байқалды. «Показуха», «арзан пиар», «популизм» дегендер де табылды.
Әбдірахымовтың орнын басатын кадр бұрынғы әкімнің қолға алған жобаларын ары қарай жалғастыра ма, әлде жылы жауып қоя салады ма? Келген әкім тағы бір «ситидің» құлағын қылтитар ма екен? Қаладағы көлік кептелісін азайтатын айналма жолдар, саябақтар, жер асты өткелдері, базарларын қала сыртында көшіру, Қырғы базарды қайта жаңғырған шығыс базарына айналдыру жобаларының ендігі тағдыры не болар екен? Айтқандай Әбдірахымовтың брендіне айналған қаладағы велосипедтер желісі де ескі әкіммен бірге елдің есінен шығып кетуі де мүмкін.
Кешеден бергі аралықта Әбдірахымовтың орнына тағайындалатын кадр туралы алып-қашты әңгіме көбейіп тұр. Мұндай әңгіменің өршуіне бос тұрған орнынға жаңа кадрдың бірден тағайындалмауы себеп болған сияқты. Расында да түсініксіздеу әрекет. Кешегі күні жергілікті сайттардың бірі Алматы қалалық әкімдігінде жауапты қызметтерді атқарып жүрген шенеуніктің Шымкентке әкім болғаны туралы ақпаратты дүңк еткізді. Шымкентке кім әкім болар екен деп елеңдеп отырған республкиалық сайттың бірі мұны көшіріп баса салған. Кейінірек, әкімдікте әлі ешқандай тағайындаудың болмағаны белгілі болды. Артынша облыс әкімінің баспасөз қызметі Шымкентке жаңа әкімнің тағайындалғаны туралы ақпаратты теріске шығарды. Тіпті жалған мәлімет таратушылардың заң алдындағы жауапкершілігін де еске салды. Тағы да түсініксіздік. Шымкентке әкім бүгін, бәлкім ертең, ары барса бір аптадан кейін тағайындалары анық. Қала әкімінің креслосын сегіз ай бойы бос тұратын облыстық білім басқармасы басшысының креослосымен салыстыруға болмайтын шығар. Әбдірахымовты сол тағайындауға дейін орнында қалдыра тұруға неге болмады? Асығыстық астарында не бар?
Бүгін Шымкентке вице-премьер Асқар Маминнің іс-сапары жоспарланып отыр. Алдын ала мәлім болған ақпараттарға қарағанда премьердің орынбасары әкімі әлі тағайындалмаған қалада біраз нысандарды араламақ. Бәлкім жаңа әкімді Мамин өзімен бірге ерте келер ме екен?
"Рейтинг" газеті