Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев жуырда имамдардың және діни қызмет өкілдерінің қатысуымен өткен жиында көп әйел алу жөнінде пікірін білдірді. Ол екінші әйелдің некесін қиған молдалардың заң алдында жауапқа тартылатынын ескертті. Президенттің сөйлеген сөздері YouTube-та қызу талқыға салынып жатыр. Бұл жаңалықты ВВC арнайы көрсетті.
-Соңғы уақытта шариғат заңы бойынша екінші әйелге үйленіп жатқан оқиғалар көбейіп кетті. Әсіресе, тиісті органдарға тіркелмей, тек мешіттерде некесін қидыратындар Ташкентте өте көп. Екінші әйелден заңсыз туылған балалардың ертеңгі тағдыры қалай болады? Құрметті имамдар, мұндай балалар сіздердің арларыңызға сын, - деді президент. Ш.Мирзияев алдағы уақытта ресми тіркеусіз некесін қиған имамдарды жауапқа тартатын заң қабылданатынын айтты.
Жалпы Орталық Азия елдерінде екінші әйел алуға заңмен рұқсат берілмеген. Ол үшін алғашқы әйелімен ажырасу қажет. Алайда бұл заңдылықты сақтай бермейтіндер көбейіп келеді. Ал мұны президенттер қаншалықты сақтап жүр? Орталық Азия елдері президенттерінің қанша әйелі барына тоқталсақ...
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің жұбайының есімі Зироатхон Хошимова. Ол Ферғана облысында дүниеге келген. Президенттің әйелі бұған дейін ресми іс-сапарларда көзге түспеген. Оның ресми өмірбаяны былтыр Өзбекстанның либералды демократиялық партиясының сайтында жарияланды. Күйеуі сайлауда жеңіске жетіп, президент атанған соң Зироатхан бірте-бірте көлеңкеден шыға бастады. Ш.Мирзияев өзінің жарымен Ташкенттегі ирригация және мелиорация институтының қабырғасында танысыпты. Бұл кезде Шавкат аталған оқу орнында оқытушы әрі комсорг, ал Зироатхан студент екен. Бейресми мәліметтерге қарағанда Зироатханның әкесі Мухмуджан Хошимов одақ кезінде темір жолдағы вагон-мейрамханалар желісіне жетекшілік еткен. Ол өте ықпалды әрі асып тасыған бай болған деседі. Мамыр айында Ш.Мирзияев жұбайын Қытайға жасаған ресми сапары кезінде алып барды. Өзбек президентінің әйелінің сұлулығына көпшілік тәнті болды. Шавкат Мирзияев пен Зироатханның екі қыз, бір ұлы бар.
Түркіменстанның президенті Ғұрбанғұлы Бердымұхамедовтың бір ұлы, үш қызы және төрт немересі бар. Осы уақытқа дейін президент өзінің жұбайын көпшілік ортаға алып шыққан емес. Ол туралы мәліметтер де жоқ. Кейбір деректерге қарағанда, Ғ.Бердымұхамедов екі рет үйленген. Оның алғашқы әйелі түркімен, ал кейінгісі орыс көрінеді.
Тәжікстанның президенті Эмомали Рахмонның тоғыз ұл-қызы бар. Оның әйелі Азизамох Саадуллоева да осы уақытқа дейін көлеңкеден шыққан емес. Көпшілікке президенттің әйелінен гөрі көңілдестері танымал. Ел арасында президенттің әнші, биші сұлулардан гарем ұстайтындығы жөнінде әңгімелер көп айтылады. Көңілдестері Рахмонның шетелдерге жасаған іс-сапарларында бірге ілесіп жүретін көрінеді. Құжат жүзінде олар журналист, әнші ретінде тіркеледі. Соңғы жылдары президенттің ең танымал сұлуларының бірі эстрада әншісі Гулру Табарованың аты-жөні көп аталады. Қазір ол Душанбедегі тәжік-үнді мәдени орталығының «Рухшона» би ансамблінің режиссері болып істейді. 2015 жылы ақпарат құралдарында Гулру Табарованың мемлекеттік 7111 АО 01 нөмірлі «Лексус-gх470» көлігін мас күйінде айдағаны, сонымен бірге оның басқа да әдепсіз қылықтары туралы мақалалар жарияланған.
Қырғыздарда «озбек байыса там салат, кыргыз байыса катын алат» деген сөз жиі айтылады. Қырғыздың мемлекет басшылары да көп әйел алумен аты шыққан. Мәселен, елдің бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің бірнеше әйелі болған көрінеді. Оның ішінде молдован қызы Татьяна Бакиева және өзінің күйеуінен 30 жас кіші Назгүл Толомушова жиі ауызға алынады. Қазір Бакиев Беларусь елінде осы Назгүлмен тұрып жатыр. Қырғызстанның қазіргі президенті Алмазбек Атамбаев та екі рет шаңырақ көтерген. Оның алғашқы әйелі Буажардан екі ұлы және егіз қыздары бар. Президент 1988 жылы екінші қайтара үйленді. Оның қазіргі әйелі татар ұлтының өкілі. Раиса Атамбаева медицина ғылымдарының кандидаты. Алмазбек пен Раисаның араларында бір ұлы мен бір қыз бар.
Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Алпысқызы туралы соңғы уақытта мүлдем ақпарат жоқ. Тіпті президент туралы кітаптарда да оның аты-жөні кездеспейтін болған. Н.Назарбаевтың соңғы жылдары екі қайтара төсек жаңартқаны туралы әңгімелер көп айтылады. Үшінші әйелінің президентке ұл сыйлағаны да ақпарат құралдарында жазылып жүр.
Жасы биыл жетпістің жетеуіне келетін Елбасының немерелері де, шөберелері де бар.