Билік транзиті: Назарбаев неге келесі сайлауға түспейді?

Oinet.kz 20-06-2017 1343

«Әне-міне билік ауысады екен...» деген гу-гуді Нұрсұлтан Назарбаев президент болып сайланғалы бері естіп келеміз. Ширек ғасырдан астам уақытта не айтылмады дейсіз: «Назарбаевтың денсаулығы алаңдатуда...», «Күйеу баласы билікке таласыпты...», «Тізгінді үлкен қызы Дариғаға ұстатпақшы...», «Тақтан Мәсімов дәмелі екен...» тағысын-тағылар. Сол гу-гу жетер жеріне жетіп қалды. Олай деуімізге себеп – елдегі саяси оқиғалар.

Соңғы өткен президент сайлауы есіңізде ме? Бұл сұраққа қапелімде көп адам жауап таба алмайды. Салыстыра қарасақ, ең қызық президент сайлауы 1999 жылы қаңтардың 10-ы күні өтіпті. Осы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 79,78 пайыз дауыс жинап, президент болып сайланды. Негізгі үміткерді қарсыласы Серікболсын Әбділдин біршама әбігерге салды сонда. Нұрсұлтан Назарбаевтың ең аз дауыс жинаған сайлауы – осы. Бұдан кейінгі мерзімінен бұрын өткен президент сайлаулары көпшіліктің есінде жоқ. Татымды қарсылас болмаған соң қызығы да қалмайды.

Сайлау туралы заң бойынша президенттің кезекті сайлауы бес жылда бір рет тиісті жылғы желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізіледі және ол мерзімі жағынан Республика Парламентінің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуі тиіс (51- бап).Соңғы сайлау 2015 жылдың 26 сәуірінде өтті. Ендігісі 2019 жылы желтоқсанда өтуі тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік журналистерге сұхбат бергенде келесі сайлауға тағы түсетінін меңзейді. Бұған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заң мүмкіндік береді. Бұл заң бойынша Елбасына Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлану құқығына шектеу қойылмайды (1- бап). Тек денсаулығы сыр бермесе болды.

Screenshot_2.jpg

Соңғы жылдарда елде болған саяси оқиғаларды есепке алсақ, Нұрсұлтан Назарбаев келесі сайлауға түспейтінін, ың-шыңсыз билік транзитін қолай көретінін аңғаруға болатындай. Олай деуімізге бірнеше фактор себеп. 

Біріншіден, билік саяси алаңды қарсыластарынан әбден тазартып алды. Билікке қарсылас саналған тұлғалар жұмбақ жағдайда қаза тапты немесе шетелге қашуға мәжбүр болды.

Оппозицияның аты бар да, заты жоқ. Жармахан Тұяқбай басқаратын Социал-демократиялық партияны көзі ашық жұрт оппозиция деп есептемейді. Бұл партияның да ішінен жік шықты. Жуырда социал-демократтардың беделді мүшесі саналып жүрген Балташ Тұрсынбаев бір басылымға сұхбат беріп, Социал-демократиялық партияны оппозиция деп есептемейтінін айтты. Партия жетекшісін «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» деп айыптады. Саяси науқан жақындағанда тірі-өлік партияларға жан бітіп, жаңадан саяси ұйымдар пайда болады. Ендеше, ендігі оппозиция биліктің өз ішінен шығуы мүмкін.

Екіншіден, Қазақстанның шамасы келеді-ау деген халықаралық іс-шаралардың бәрін өткізді, өтіп жатқаны да бар. Бұлардың ең сүбелісі – ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мен ЕХРО халықаралық көрмесі. Мұндай шаралар Қазақстан Республикасының атынан өткізілгенімен, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың имиджіне тікелей жұмыс істейді. Енді қалғаны бір-ақ нәрсе, ол – Нобель сыйлығы. Егер Сирия мәселесі Астанадағы келіссөздер барысында оңынан шешілер болса, Нобельдің--Бейбітшілік сыйлығының да төбесі көрініп қалар еді. Алайда Астанадағы келіссөздер тығырыққа тірелгендей болып, Нұрсұлтан Назарбаевтың мазасын қашырып тұр. Келіссөз іске аспаса, көзден бұл-бұл ұша бастаған марапат мүлдем құйрығын ұстатпай кетуі мүмкін.

Үшіншіден, билік тепкішектерінің бәрінде «тәуменді тұлғалар» отыр. Қыл аяғы ауыл әкіміне дейін президент әкімшілігінің «батасын» алмай қызметке келмейді. Аса жауапты қызметтердің бәрінде Нұрсұлтан Назарбаев қалтқысыз сенетін қызметшілер тағайындалған. Мәселен, Сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев –президенттің үлкен қызы Дариғаның құдасы. «Мәңгілік көмекші» Кәрім Мәсімов – ҰҚК төрағасы. Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков те– ең сенімді адамдарының бірі. Осылайша жалғасып кете береді. Дәл қазіргі билікте өзгеше ойлайтындар жоқтың қасы. Бәрінің жадына бір бағдарлама енгізілген: Бәрі Елбасының арқасы! Шын пейілімен айтса да, бақай есебі болса да, әйтеуір, күндіз-түні қайталайтыны осы.Енді мұны халықтың жадына сыналап енгізбекке әрекет етіп жатыр. Президентті сүйкімсіз жасап, өздері тасада қалу үшін.Мұндай жантықтарға бүгінгі жүйенің өзгермегені керек. Адамы ауысса ауыса берсін, тек жүйе өзгермесін.

Төртіншіден, өткен жылдың аяғы мен биылғы жылдың алғашқы жартысында ғана бірнеше қылмыстық топ жетекшілері ұсталды. «Ағайынды төртеудің» серкесі делінген Еркін Ізбасарды «мұнай ұрлады, қару-жарақты заңсыз сақтады» деп қамады. Е.Ізбасардан бөлек осы іс бойынша тағы бірнеше адам тұтқындалды. Араларында мемлекеттік қызметкерлер де бар.

Көп ұзамай ҰҚК мен ІІМ бірігіп тағы бір арнайы операция жүргізді. Бұл жолы «Адыл Қытай» деген лақап аты бар А.Зайнаудин деген азаматты ұстады. Онымен қосып тағы он алты адам көгенделді. Бұлардың арасында Алматы қаласының Әуезов аудандық полициясын басқарған Бақыт Қасабеков те бар. Бұл қылмыстық топқа тағылған кінә мынау: кәсіпкерлерден ақша бопсалады, Қытайдан контробандалық тауар тасыды, адам ұрлады, өлтірді...

Осы аптада «ҚазСтройСтекло» зауытының иесі Мұратхан Тоқмәди тұтқындалды. Кейбір ақпарат көздерінің дерегіне сенсек, М.Тоқмәди «Депутаттық корпус» деп аталатын қылмыстық топқа жетекшілік жасаған. «КТК» арнасы «Депутаттық корпус» туралы былай деп хабарлады: «Бұл топтың атышулы қылмыстық істерге бірнеше мәрте қатысы болған, бірақ жазадан сытылып кетіп жүрді. Оған биліктің жоғарғы эшалонындағы байланыстары көмектесуі мүмкін...».

М.Тоқмәдидің аты бұған дейін де атышулы істерде бірнеше мәрте аталды. Тоқсаныншы жылдардың соңында қытайлық кәсіпкерлер осы азаматтан жәбір көргендерін айтып,құзырлы органдарға  арыз жазған. Арызда М.Тоқмәдидің кәсіпкерлерді ұрып-соққаны, ақша бопсалағаны айтылады.

2004 жылы М.Тоқмәди кезекті рет елді шулатты. «ТұранӘлемБанктің» төрағасы Ержан Тәтішев аң қуалап жүріп опат болды. Ресми ақпаратқа сенсек, көліктің артқы орындығында отырған М.Тоқмәдидің мылтығы абайсызда атылып кетіп, Е.Тәтішевке тиген...

Байқасаңыз, осы тұтқындалғандардың бәрі де сонау тоқсаныншы жылдардан бері жұртты шулатып келе жатқандар. Мұны құқық қорғау органдары білмеді дейсіз бе? Әрине, білді. Ендеше неге дер кезінде тұтқындамады? Мұны жоғарғы билікте отырғандардан сұрау керек.

Қоғамда үлкен өзгерістер басталғанда қылмыс әлемі мен билік жүйесінің қан-жыны араласып, астасып кетеді. Алтынбек Сәрсенбайұлының сөзімен айтқанда, «билік – қылмысқа, қылмыс – билікке айналады». Бұған кешегі тарих куә. Мұны жоғарғы билік те біліп отыр. Сол себепті үлкен өзгерістің алдында айналасын тағы бір тазартып алмақ. 

Бесіншіден, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жасы келді. Биылғы шілдеде 77 жасқа толады. Әлемде сексенге таяған мемлекет басшылары бар, бірақ олар бізге сабақ емес. Өйткені ол елдерде қоғам басқа, саяси жүйе басқа.

Қысқасы, алдағы жылы біздің елде үлкен саяси өзгерістер болуы мүмкін. Қарсыласқа мүмкіндік бермеу – Қазақстан билігінің көзірі. Қазақстанда президент сайлаулары өз уақытында өтіп көрмегенін ескерсек, билік 2019 жылғы президент сайлауын бұл жолы да күтпейді. Яғни, қандай да бір өзгеріс 2018 жылы күзде жасалады деген сөз.

P.S.Қазақ қоғамын азапты дилемма күтіп тұр. Өз болашағын таңдаудың азабы. Таңдау құқығы өзіңізде. Зайырлы қоғам құрамыз ба, әлде А.Сәрсенбайұлы айтқан «Үштағанға» бұдан әрі де жем боламыз ба, мұны қоғамның өзі шешеді.

Ерік Рахым

Сауат Мыңбаев: «Мұнай компаниясының 51 пайыз акциясын Қытайға сатамыз»
Қай президенттің қанша әйелі бар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу