Әли Көмекбаев: «Елбасы тапсырмасына сәйкес мансаптық модуль енгізілді»

Oinet.kz 19-11-2017 888

Әли Көмекбаев.jpg

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әли Көмекбаев жақында Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Брифингте негізгі тақырып Елбасы Жолдауында баса назар аударылған "Кәсіби мемлекеттік аппарат құру" жөнінде болды. 

Әли Амантайұлы мемлекеттік қызметтің мансаптық моделінің тиімділігі ұшан-теңіз екенін жеткізді. Себебі, бұл жүйе енгізілгелі бері мемқызметшілердің командалық ауысымы 4 есеге жуық төмендеген. Нәтижесінде ахуал жақсарып келеді.

- Мысалы, бір мекемеде 10 адам жұмыс істейді делік. Олар тәп-тәуір жұмыс істеп жатады. Бірақ, біраз уақыт өткесін, бастықтары ауысып кетеді. Орнына жаңа бастық келеді. Міне, мәселе осы жерден басталады. Ол жалғыз келмейді. Командасын ертіп келеді. Сөйтіп, мекемеде бұрыннан істеп жатқан 10 адамның 6-ын қызметтен босатады. Орнына өз адамдарын қояды. Ал, әлгі адамдар жұмысқа төселіп, игеріп кеткенше, біраз уақыт өтеді. Енді жұмыстарын алып кетті-ау деген кезде, тағы бір жаңа бастық келеді. Ол да бұрынғыдай өз командасымен келеді. Осылайша, жалғасып кете береді. Бекерге кадрлар ауысып, осының салдарынан жұмыс жүрмей қалады. Өнімділік жоғалып, нәтиже төмен болады. 

Міне, енді Елбасының тапсырмасына сәйкес, мапсаптық модуль енгізілгеннен кейін командалық ауысым зор қарқынмен жойылып келеді. Жаңа келген бастық бұрынғыдай қызметкерлерді жұмыстан еш себепсіз босата алмайды. Бұрын мемқызметшілерден тестілеуде тек заңдар сұралса, қазір оның жеке қабілетін анықтайтын сұрақтар қойылады. Тестілеуде әрбір қызметкер қай жағынан мықты, қай жағынан әлсіз екені анықталып, оған нақты бағыт-бағдар сілтеледі. 2000 жылдары мемқызметшілерді қызметтен босату - 60 пайыз болса, қазір 4,7 пайызға дейін төмендеп келеді.Демек Елбасы Жолдауындағы «мемлекеттік аппарат құру» бағытындағы тірлік бұлайша түзелуге бет бұрса елдің ертеңгі әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетіні даусыз.

Әрине, бұл қуанарлық жайт. Осы арқылы кадр бизнесі жойылуы бек мүмкін. Тестілеуге қатысты барлық жауапты memkyzmet.kz сайтынан алуға болатынын департамент басшысы қайта-қайта айтумен болды.

Брифингте Әли Амантайұлына сұрақтар тестілеу жөнімен шектелмей Әдеп кеңесінің жұмыстарына қатысты қойылды. Осыған байланысты "Рейтинг" газетінің тілшісі сұрақ қойды:

- Әли Амантайұлы, сіз бір ауданда жер мәселесіне қатысты заңсыз факт тіркелгенін айттыңыз. Соған байланысты нақты қандай шара қолдандыңыздар? Егер осындай заңсыздық қайта тіркелсе, салдары не болмақ?

- Мен осы жерде облыс прокуроры Ибраһим Имановтың мына бір сөзін мысалға келтіре кетсем. Бағдаршам! Оның үш түсі бар. Қызыл, сары, жасыл. Жасыл - жұмысын адал істеп жүрген адамдар. Оларға ақ жол. Қызыл - жұмыс істемейтіндер. Оларға бір айтасың, екі айтасың, үш айтасың. Нәтиже жоқ. Оған сәйкес іс-шара қолданылады. Ал, сары - орташалар. Ондайлар өте көп. Біз қазір сондайлармен жұмыс істеп жатырмыз. Біреулері - жасылға, біреулері - қызылға тартады. Қызылға тарта бастаса, оған іс-шара қолданылады. Бірақ, біздің мақсат - жаппай қырып-жою емес, алдын алу. 

Ал әлгіндегі жер мәселесіне келсек, бұл күрделі мәселе. Кез-келген адам жер алуды армандайды ғой. Қазаққа жер керек емес пе? Сосын ол ана мекемеге бір, мына мекемеге бір барады. Ақыры, біреуі "жоқ, сізге жер бөлінбейді" деп протокол шығарып береді. "Жер бөлінбейді" дегенге тоқтап қалғысы келмей, әлгі кісі қисық іс-әрекеттерге барады. Яғни, сондағы бір қызметкерді өзіне жақын тартып, парасын беріп, "жер бөлінсін" деген протокол үзіндісін шығарып бергізуін сұрайды. Пара алған әлгі қызметкер жолын тауып, жерге құда түсіп жүрген азаматқа жерді бөліп береді. Дұрысы, үзінді шығарып береді. Бұл дұрыс емес. 

Біз осы фактіден соң, барлық аудандарға "осы үзінді тәжірибесін қолданып жатырсыздар ма?" деп хат жазып шықтық. Сөйтсек, бес-алтауы "иә, қолданамыз" деп жауап жазды. Біз дереу "бұл тәжірибе мүлдем болмайды. Мұны жою керек" барлығына айттық. Ал, осы тәжірибені қолданып жатқан 5-6 аудан әкімін Әдеп кеңесіне шақырттық. Есебін тыңдадық. Неге мұндай заңсыздыққа жол бергендігін түсіндіріп берді. Кеңес соңында бәрін реттейтіндерін айтып, уәде берді. Яғни, олар – сары түстер еді. Енді жасылға қарай тарта бастады. Бұл қуанышты жай. Қайталап айтамын, біздің мақсат - қырып-жою емес, алдын алу. Әйтпесе, біз жылына 10 адамды жазалап, жоғарыға есеп берсек болады. Бірақ, бұдан ештеңе өзгермейді. Сондықтан да алдын-алып, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Сонда ғана ахуал жақсарады, - деп жауап берді.

Дат тыңдап көріңізші, Дүйсенова ханым!
«Президентпен селфидің» құны қанша?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу