Құлдыққа түскендердің жанайқайына министр құлақ аспай отыр
Осыдан бір жыл бұрын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының өзінің есеп беру жиынында қырғыздың жас қыздарының Мәскеудің дәретханаларын тазалап жүргенін мысалға келтіріп, құдай қосқан көршімізді мүсіркегендей сөз айтқаны бар. «Нағыз жастық шағында неліктен олар дәретхана жуып жүр деп ойлайсың? Елінде жұмыс немесе болашақ болмаса әрине, қырғыздар өзге қалаларға барып күнелтуге мәжбүр» деген біздің мәдениет министріміз. Алатаудың арғы жағындағы айыр қалпақты ағайынды былай қойғанда елдегі зиялы қауымның да ренішін тудырған осы сөзден кейін Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандық әріптестеріне наразылық нотасын тапсыруға дейін барған. Абырой болғанда кейінірек Арыстанбек Мұхамедиұлы орынбасары арқылы кешірім сұрап, бар кінәні өзінің сөздерін халыққа үзіп-жұлып берген журналистерге жаба салғаны есте... Бақсақ, қырғызға күлетіндей жағдайда емес екенбіз.
Жуырда «Қазақстан» Ұлттық арнасының «Айтуға оңай» бағдарламасының кезекті саны Мәскеудегі Голянов ауданындағы дүкендердің бірінде ұзақ жылдар бойы құлдықта болған төрт қыздың тағдырына арналды. Төрт қыздың өз аузымен айтқан әңгімесі кім-кімді болса да бейжай қалдырған жоқ. Бұл қоғамда қызу талқылау тудырды. Алыстағы Мәскеуге жұмыс іздеп кету қайбір жетіскен адамның тірлігі дейсіз? Қыздардың бірі тұрмыстың төмендігінен, бірі оқуының ақшасын шығару үшін, бірі енесінің алдап-арбауымен жолға шыққан. Арғы жағы нағыз жыртқыштық тірлікке ұласқан. Қожайындар барған қыздардың құжаттарын алып қойып, өздерін қара жұмысқа жеккен. Қатқан нан мен шіріген қызанақтан басқа дым татырмаған. Ұрып-соғып, үнемі үрейде ұстаған.
Жалпы Мәскеудегі Голянов ауданындағы апалы-сіңлілі Ыстанбековаларға (олардың Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында туғаны, кейінірек Ресей азаматтығын алғаны айтылуда) тиесілі дүкен қоғам назарына бірінші рет ілігіп отырған жоқ. 2012 жылың қазан айында «Альтернатива» қозғалысының мүшелері мен журналистердің араласуымен осы жерден қазақстандық және өзбекстандық 12 қыз-жігіт құлдықтан босатылған. Олардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған балалар да болған. Алайда құл иелеріне қарсы қылмыстық іс қозғау мүмкін болмаған. Мәскеу прокуратурасы дәлел жоқ деген негізбен Ыстанбековаларды жауапқа тартудан бас тартады. Құзырлы органның бұл шешімімен «Альтернатива» қозғалысының жетекшісі Олег Мельников та келіспеген. Ол "Билік өкілдерін осы қылмыстың ізін жасырып, ашылуына барынша кедергі келтіріп жатыр. Тіпті жергілікті ақпарат құралдары да осы іске мейлінше назар аудармай жатыр" деп мәлімдеген екен. О.Мельников сол жолы ақпарат құралдарына берген сұхбатында апалы-сіңлілі Ыстанбековалардың үлкені Шолпанның бұған дейін адамдарды құлдыққа салғаны үшін жауапкершілікке тартылғанын айтыпты. Бірақ арада бір жыл өтпей жатып ол рақымшылыққа ілігіп кеткен көрінеді. Ыстанбековалар 2012 жылы жауаптан құтылып кетті. Бірақ қаншама жанның обалы мен көз жасынан құралған кәсіптерін тоқтатпай, ары қарай жалғастыра берген. 2017 жылы дүкендегі құлдықтан тағы бірнеше шымкенттік қыз-жігіт қашып шықты. Олар қаңтар-ақпан айларынан бері ақпарат құралдарына сұхбат беріп, бастарынан өткерген сұмдықты айтып, кінәлілерді жазалауды сұрануда. Алайда құзырлы органдар тарапынан нақты бір әрекет байқалмайды. Неге?
Біз алдымен әйелдердің құқығын қорғаумен айналысатын, бағдарламада аты аталған үкіметтің емес ұйым- «Сана сезім» орталығының басшыларымен хабарласқан болатынбыз.
-Бағдарламаға қатысқан қыздардың барлығы да бізге жақсы таныс. Оларға заң шеңберінде тиесілі көмектерін бергенбіз. Тәртіп бойынша біз көмек сұраушыларды уақытша баспанамен қамтамасыз ете аламыз. Ауырған жағдайда дәрі-дәрмегіне көмектесеміз. Бұлардың барлығы Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы аясында бөлінген қаржымен жүргізіледі. Ал енді қыздардың жазған арызы Ішкі істер министрлігіне берілген. Ары қарайғы шаруаға араласа алмаймыз. Кінәлілерді жауапқа тартумен министрліктің мамандары айналысады,-деді бізбен сөйлескен орталық жетекшісінің орынбасары Шахноза Хасанова.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз хатшысының міндетін уақытша атқарушы Спабек Жарқынбеков те барлық мәселемен Ішкі істер министрлігінің айналысып жатқан алға тартты:
-Өйткені қылмыс шет елде орын алған. Осы себепті жәбірленушілердің жазған арызы Ішкі істер министрлігіне жолданған,-дейді С.Жарқынбеков. Ал облыстық прокуратураның баспасөз қызметі бұл мәселе бойынша алдағы уақытта облыс прокуроры Ибраһим Имановтың жазбаша жауап беретінін айтты.
Қысқасы, апалы-сіңлілі Ыстанбековаларды заң алдында жауапқа тарту, құлдықта болған қыз-жігіттердің тапталған құқығын қорғау енді ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа қарап тұр. Бұл мәселеге бүкіл Қазақстан алаңдап отыр десек қателеспейтін шығармыз. Ал қарындастың тағдыры министрді қаншалықты алаңдатады, қаншалықты толғандырады? Министр неге құлдықта болғандардың жанайқайына, жазылған арызға құлақ аспай отыр? «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» демей ме? Қасымовтың қасында басың ауырмасын...Оған арыз жетпеді дейтіндей емес, таяуда Ұлттық арнадан көрсетілген «Айтуға оңай» бағдарламасынан әлдеқайда бұрын құлдыққа түскендердің жанайқайы еліміздегі жетекші телеарналарда, ақпараттық порталдарда айтылудай айтылды, жазылудай жазылды. Өкінішке қарай жанайқай әзірге жаңғырық болудан әріге аспай тұр. Енді министрліктің баспасөз қызметінен бір хабар күтеміз.
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,
«Рейтинг» газеті №14, 13 сәуір 2017 жыл