Кәмелетке толмаған қызға үйленсең, сотталасың
Иә, Шымкент қаласында жаңа технологиялар колледжінде "Кәмелетке толмағандар арасында нәпсіқұмарлық сипаттағы қылмыстардың алдын алу" тақырыбы аясында студенттермен өткен кездесуде құзырлы органның қызметкерлері осындай ескерту жасады. Бұл кездесуге қалалық ішкі істер бөлімі қызметкерлері, облыстық тері-венерология диспансерінің мамандары, психологтар және Әл-Фараби аудандық прокуратурасының қызметкері Лаура Жақыпова арнайы келіп қатысты.
Көктемде қозатын қылмыс
Лаура Жақыпованың айтуынша, нәпсіқұмарлық сипатындағы қылмыстар көктем айларында күрт көбейіп кетеді екен. Көктемде қыздар жеңіл киініп, кешқұрым жиі серуендей бастайды. Ойы бұзықтар қысқа киінген қыздарды жиі көріп, ойы бұзылады, оларға зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстар жасауға бейім тұрады. Сондықтан да, көктемде қыздар сақтық шараларын ұмытпау керек.
- Жігіт пен қыз танысады. Шынайы өмірде һәм виртуалды өмірде. Сөйлеседі. Әңгімелері жарасып, бір-біріне бауыр басады. Осылай уақыт өте береді. Қыз бен жігіт бір-бірінсіз күн көре алмайтын дәрежеге жетеді. Бір күні жігіт қызды кездесуге шақырады. Қыз қуанып үйінен жасанып шығады. Сол кездесуде жігіт қызды жалдамалы пәтерге мәдениетті түрде "сүйрейді". Қыз келіседі. Арты не болды? Қыз жалдамалы пәтерде не болатынын ойламайды дейсіз бе? Ойлайды ғой. Түсінеді. Бірақ, сонда да келіседі. Бәлкім, нәпсісін жеңе алмады ма екен? 15-30 минуттық қызық үшін бар өмірінінің тас-талқанын шығарады. Болашағына балта шабылады. Жарқын өмірі лезде түнекке айналып шыға келеді. Жігіт те оңбайды. Кәмелетке толмаған қызбен боламын деп, байқамай аппақ өміріне қара таңба салдырып алады. Өйткені баяғыда кәмелеттік жасқа толмаған қызбен отау құрып, екі жақ өзара келісіп жатса, біз ешқандай қылмыстық іс қозғамайтынбыз. Қазір екі жақ қанша жерден келісіп тұрса да, кәмелеттік жасқа толмаған қызбен жыныстық қатынаста болғандар некелерін қиғалы жатса да, өткен жылы енген жаңа кодекстерге сәйкес, «күйеубаланың» үстінен қылмыстық іс қозғалады. Абақтыға қамалмаса да жігіттің құжаттарына "сотталды" деген таңба басылады. Бұл таңба өмір бойы кетпейді. Ондай азамат ешқандай мемлекеттік қызметке орналаса алмайды. Әскерге бара алмайды. Қысқасы, оған дейін ашық тұрған бүкіл есік жабылады. Сол себепті, жігіт те, қыз да тереңірек ойналуы тиіс. Қыз баласы ақ босағадан аттағанша арына дақ түсірмегені абзал, - деп Лаура Хамитқызы жастарға әпкелік ақыл-кеңестерін айтты.
Тоқшылық пен жоқшылық
Жалпы кәмелетке толмағандар арпасындағы қылмыс та қазір өте өзекті. Наурыз айының басында Шымкенттегі Ворошиловка аталып кеткен елді мекенде 14 жасар баланы тапа тал түсте атып өлтіргені ел есінен әлі шыға қойған жоқ. Басқа басқа, ауыздарынан ана сүті кеппеген жасөспірімдердің бір-біріне отты қару кезенуі қалыпты жағдайға айналаса бастады. Құрдастарын жалдамалы пәтерге апарып, қоқан-лоқы көрсеткен 15-16 жасар жасөспірімдердің әрекетін де интернеттен көрдік. Бас шайқадық. «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалып кеткен қылмыстар қаншама?!
Сонымен, мұндай қылмыстар қайдан шығады? Қылмысқа кінәлі тоқшылық па, әлде жоқшылық па? Осы жөнінде психолог мамандардың пікірін сұрап көріп едік:
Балабек Сақтағанов, «Астана» университетінің психолог қыметкері:
-Бұның себебі көп. Көктен жауатын әр тамшы – әр түрлі ғой. Сол секілді әр жасөспірім өзінше жеке бір әлем. Бәріне жалпылама бір диагноз қоюға болмайды. Ал, кең тараған гипотезаларға келсек - мұнда бірінші кезекте тұрмыстық жағдай әсер етеді. Қатарынан қалып кеткесін өмірге деген көзқарасы дұрыс қалыптаспайды. Осының салдарынан жасөспірім клептоман (ұрлыққа бейімділік) болып кетеді және басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Сол үшін мектеп қабырғасында психологтар жасөспірімдермен псиxологиялық жұмыс жүргізу керек.
Гүлназ Пармантаева, Қызылорда қаласындағы №122 мектебінің психологы:
-Әрбір адам - жеке тұлға. Жеке тұлғаға тура сол кезеңде әсер етуші жеке факторлар себеп болады. Өтпелі кезеңде жасөспірімдерде психологиялық ауытқулар болады. Өтпелі кезеңнен өту оңай емес. Осы жерде мектеп психологтарына артылар жүк ауыр. Егер баласы тым қияли немесе тым агрессивті болып кетсе, онда ата-ана бұл жайлы бірден бізге, мектеп психологтарына хабарласу керек. Себебі, көптеген оқушылар мектепте өзін тым жақсы ұстап, үйде мінез көрсетеді. Бала неден қиналып жүр? Оған біреу тиісіп жүр ме? Әлде бір нәрсеге көңіл толмай ма? Ол неге өмірден түңілді? Бұны біздің көмегімізге жүгіну арқылы анықтауға, одан соң сол қылмысқа итермелеуші фактор себебін анықтап, жоюға жұмыстар жүргізу керек. Әйтпесе, бала қылмыс жасап немесе өзіне қол салуы әбден мүмкін.
Абылай Есімбай
Мұрағаттан, 2017 ж