Обал-ай! Үйі, жері, тіпті көлігі де жоқ басқарма басшылары бар

Oinet.kz 13-04-2017 896

Screenshot_1.jpg

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен лауазымды мемлекеттік қызметкерлер жыл сайын өзінің табыстары, жылжымайтын мүліктері, көліктері туралы мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдары немесе басқа да ашық ақпарат көздері арқылы халыққа жариялап келеді. «Өзіңнен баста» деп аталатын акция Президенттің тапсырмасымен жүзеге асып жатқандықтан басшылардың басым бөлігі қанша жалақы алатыны, басында қанша үйі мен қанша көлігі бары туралы мәліметтерді елеусіздеу болса да жұрттың назарына ұсынып қояды. Әрине, егер  рас болса.  «Осыдан басқа дүнием жоқ, тапсаңдар бұйырмасын» деп қарғанатындай емес. Бұл шараның ерікті түрде жүзеге асып жатқанын айта кетейік. Тапқан табысы туралы шенеуніктердің өздері не дейді? Жұрт Парламенттегі депутаттардың жалақыларының көбейгенін қызу талқылап жатқан кезде біз Оңтүстіктің шенеуніктерінің қанша табысы бар, жиған терген дүниесінің қанша екендігі туралы ақпараттарды жариялай кеткенді жөн санадық. Мәліметтер Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ресми сайтынан алынып отыр. Сонымен...  

Алдымен облыстағы басқармалардан бастайық. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы қызметіне жуырда тағайындалған Арман Сәбитовтың жылдық табысы 5 577 077 теңгені құрайды екен. Меншігінде Алматы қаласында үш бөлмелі пәтері бар. Облыстық Қаржы басқармасының басшысы Кеңесбек Меңдебаевтың жылдық табысы бұдан азырақ- 4 357 307 теңге. Басқарманың басшысы қызметіне тағайындалған 2015 жылға дейін Кеңесбек Нүсіпқұлұлы  Алматы облысында қызмет атқарған. Оның қазір Алматы қаласында  1 пәтері және меншігінде 2 көлігі бар екен. Облыстық Тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Нұрлан Шарафиевтің былтырғы жылдық жалақысы  3 232 628 теңге болыпты. Бірақ басшы бұдан бөлек Оңтүстік Қазақстан облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметкерлерді дайындау орталығында оқытушы ретінде оқыған лекциялары үшін қосымша  73 815 теңге табыс табады екен. Бастықтың осы уақытқа дейін жеке басында не тұрғын үйі, не жер телімі, не автокөлігі жоқ болып шықты. Обал-ай дерсіз, бірақ білдей басқарма басшысы ұзақ жылдан бері шенеуніктік қызметтің қызығын көріп жүріп әрі жас бала емес, жасы елудің бел ортасынан асса да осылайша ештеңеге жарымай жүр дегенге Сіз сенесіз бе?Тіпті елдің ішінде екінің бірі баратын қадамды жасамағаны, дәлірегі   банктерде ашқан есеп-шотының жоқ екеніне  дейін  мәлім етуді де ұмытпапты. Облыстық Кәсіпкерлік, индустриялдық инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаевтың да қағаз жүзіндегі жағдайы оңып тұрмағанын айтсақ, тағы бір обал-ай деп қоярсыз. Оның да жеке басында не үйі, не жері, не көлігі жоқ болып шықты. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбековтың жылдық табысы 3 701 503 теңге. Уақтысында облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімі қызметтерін атқарған азамат жеке басында бір үйінің барын жазыпты. 

Дін істері басқармасының басшысы Батырбек Жалмұрзаевтың уақтысында Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарғаны белгілі. Басшының қазір жеке басында Түлкібастағы бір үйінен басқа жылжымайтын мүлкі жоқ болып шықты.  Айлық жалақысы 204 249 теңгені құрайды. Басқарма басшыларының ішінде жалақыны ең көп алатын Құрылыс басқармасының басшысы Салыхан Полатов сияқты. Оның жылдық табысы 6 503 384 теңгені құрайды. Бірақ жалақысының көп болғанын қайтейік, бұл басшының да жеке басында ешқандай жылжымайтын мүлік жоқ.  Энергетика және тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым жеке мүлкі туралы мәліметтерді көрсетпепті. Ал жылдық табысы 3 352 834 теңгені құрайды екен. Оңтүстік Қазақстан облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы  Бастар Есқараевтың айлық жалақысы 198 000 теңге. Ол иелігінде Шымкент қаласында бір жер телімінің барын көрсетіпті. Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Еркін Жүсіповтың Түркістан қаласында бір үйі және 2014 жылы шыққан «Шевралет кобольт » көлігі бар. Ал жылдық табысы 1 814 287 теңге екенін көрсетіпті.

Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов Астана қаласында екі бөлмелі пәтері барын ғана жазып, айлық жалақысы туралы жақ ашпапты.  Жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұловтың жылдық табысы 2 522 530 және бұдан бөлек зейнетақы қорында жинаған 266 344 теңгесі бар екен.Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұхит Отаршиевтің жылдық жалақысы  2 888 220 теңге болса, Жер инспекциясының басшысы Марат Әлібеков жылдық жалақысының 2 958 180 теңгені құрайтынын, сонымен бірге Шымкент қаласында бір тұрғын үйінің барын көрсетіпті.

Өкінішке қарай, аудан, қала әкімдерінің ішінде Сайрам ауданының әкімі Самат Сапарбаевтың ғана табысын біле алдық. Аудан әкімдігінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша Самат Айдарханұлының жылдық табысы  5 435 000 теңге. Меншігінде Қарасу ауылында орналасқан бір үйі бар. 

Облыстағы үлкен лауазымды қызметтердің құлағын ұстаған, жұрт сырттай  шіріген бай деп ойлайтын шенеуніктердің тапқан табысы, тірнектеп жиған дүниесі құжат жүзінде осы ғана болып шықты. Ал енді бұған сену, сенбеу өз еркіңізде.  Күні кеше ғана «ештеңеге жарымай жүрген» әлгі басқарма басшыларының бірін шырт түкіріп қойып қымбат шетелдік көліктен шіренген қалпы түсіп келе жатқанын өз көзімізбен көрдік. 

Жәнібек Тархан,

«Рейтинг» газеті №14, 13 сәуір 2017 жыл

Аружан Саин педофилдердің аты-жөні мен суреттерін жариялауды талап етті
Құлдыққа түскендердің жанайқайына министр құлақ аспай отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу