Жамбылда аш қалған ағайынды бүлдіршіндер ауруханаға түсті
Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғындары көршілерінің төрт және екі жастағы баласы тойып тамақ ішпей, әкесінен оңбай таяқ жегенін айтып хабарласқан. Аштықтан бұратылып ауру тапқан екі бүлдіршін расымен ауруханада жатыр, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
«24ші қазан күні құзырлы мекмелердің келісімінен соң екі баланы бізге алып келді. Жағдайлары орташа болды. Екеуі де арып-ашып, әлсіреген. Балалардың дамуы баяу және салмағы аз. Тойып тамақ ішпегені көрініп тұр. Бірақ, денесінде еш жарақат немесе көгерген белгі жоқ»,- Қордай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Иван Черных.
Әкімдік өкілдері мен дәрігерлер әке-шешесінің қарсылық танытқан қолхатын жайып салып, ауруханадағы балаларды тілшілерге көрсеткен жоқ. Ауданның атқамінерлері бүлдіршіндердің «жағдайы жақсы» дегенімен, екі баланы жақын күндері Қордайдан Тараз қаласына ауыстырмақшы. Белгілі болғаны, ауруханада жатқан екі баланың еш құжаты болмаған. Ал қазір үшінші сәбиін босанып перзентханада жатқан анасы – Қырғызстан азаматы.
Ең сорақысы, тойып тамақ ішпеген ұл мен қыз әлі де тағдыр тауқыметін тартып жүре беруі мүмкін. Себебі, келіншектің Қырғызстандағы туысқандары «қызым хабарсыз кетті» деп арызданған соң құзырлы орындар іздеу салып, кейін отбасын тапқан кезде бүлдіршіндердің мүшкіл халін көріпті.
«Олар бір жерде тұрақты тұрмаған. Біресе Алматы облысын, біресе осы жақты мекен етіпті. Үлкен ұл мен жаңа туған нәрестенің туу туралы куәлігін жасадық. Екінші қызы Қырғызстанда дүниеге келген. Оның да құжаты қалпына келтірілді. Тіпті отағасыны әкелік құқығынан айыру мәселесін жоққа шығармаймыз. Ал анасы Қырғызстан азаматы болғандықтан, сол жақтағы комиссияға жіберіледі»,- Қордай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Иван Черных.