Шымкенттегі қоғамдық монша заңды түрде білім ошағына айналды
Шымкенттегі оқушылар білім алып келген монша қарашадан бастап ресми түрде мектепке айналады. № 80 мектеп жалға алған нысанда балалар екінші тоқсаннан бастап сабақ оқиды, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі Астана арнасына сілтеме жасап.
Ғимарат дәл қазір балаларды қабылдауға 90 пайыз дайын. Бұған дейінгі ескертулер қаншалықты ескерілгенін билік партиясының өкілдері арнайы көз жеткізіп шықты. Айтуларынша таза ауыз су, әжетхана жағы санитарлық нормаларға сәйкестендіріліпті. Дегенмен, бір жарым мыңдай бала оқитын нысанда ыстық тамақ пен бейнебақылау камерасын орнату ісі шешілмеген. Бір айта кетерлігі, бұрынғы спорттық -сауықтыру орны ресми түрде әлі мектепке айнала қоймаған. Ауданның бас санэпидемиологы өздеріне әлі өтініш түспегенін жасырмады. Десе де тиісті талаптар толық реттелсе, өтінішті қанағаттандыруға болады деп отыр.
«Зертханалық зерттеулер жүргізілді. Ол барлығы санитарлық талаптарға сәйкес. Терезелерді ол мәселе бойынша келіп зертханалық тексерді, табиғи жарық және искуственный, оның бәрі санитарлық талапқа сәйкес»,-дейді Қаратау аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ералхасын Түктібай.
Еске салайық, жаңа оқу жылы № 80 мектепте үлкен даумен басталған. Осы маңда тұратын ата-аналар бұрын өздері талай жуынған моншада баламызды оқытпаймыз деп шу шығарған-ды. Тіпті алды баласын басқа мектепке ауыстырып жатқанын айтқанбыз. Алайда төрт мыңнан астам оқушысы бар лицей басшысы мұндай тығырыққа тірелуін мекемеде орын тапшылығымен байланыстырды.
Сонымен қатар, нысанды жалға алу құны - 2млн 800 мың теңге.