Нұрсұлтан Назарбаев: «Қашанда адамның ең басты байлығы - оның денсаулығы»
Елордада өтіп жатқан Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінің қатысушыларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хат жолдады. Елбасының құттықтауын саммит барысында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев оқып берді, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан астанасында өтіп жатқан обырмен күрес көшбасшыларының Дүниежүзілік саммитiнде сіздерге зор ілтипатымды білдіремін. Қашанда адамның ең басты байлығы - оның денсаулығы. Бiрақ қоршаған орта ахуалының нашарлауы, аз қозғалудың өмір салтына айналуы, дұрыс тамақтанбау созылмалы дерттердің, соның ішінде онкологиялық аурулардың көбеюіне әкеп соқтырды. Қазақстан бұл жаhандық үрдістерге белсене үн қосып келеді», - делінген Елбасының құттықтауында.
Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Қазақстанда онкологиялық аурулармен күрестің 2022 жылға дейігі кешенді жоспары бекітілгенін атап өтті.
«Биыл Онкология ұлттық орталығының құрылысы басталды, онда обырды диагностикалау мен емдеудің ең озық технологияларын қолдану жоспарланып отыр. Алайда онкологиялық ауру ертерек анықталса, оны емдеу оңайырақ болады. Бұл ретте ауруды ертерек анықтаудың аса маңызды кезеңі – алғашқы медициналық-санитарлық көмек. Осыдан тура бір жыл бұрын әлемнiң 194 елі Дуниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Астана декларациясын бірауыздан қабылдады. Астана декларациясы медициналық қызметпен жаппай қамтуға, адам денсаулығын сақтауға қол жеткізу ушiн әлемдік қоғамдастық көшбасшыларын алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң рөлін күшейтуге үндеді. Дамыған Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көптеген аурудың, оның ішінде обырдың сапалы профилактикасына, дертті ерте анықтауға, тиімдi емдеуге септігін тигізеді»-дейді Елбасы.
Елбасы Қазақстан үшін халық денсаулығы - орнықты даму мен бақуаттылық негізі екенін атап өтті.
«Саммитке белсене атсалысқандарыңыз үшiн баршаңызға алғыс айтып, табыс тілеймін, жұмыстарыңыз жемісті болсын!» - деп түйіндеген Нұрсұлтан Назарбаев құтттықтауында.