Жазира Жаппарқұл, Олимпиаданың күміс жүлдегері: «Әкем болмағанда мұндай жетістікке жетпес едім»

Oinet.kz 12-08-2019 2096

Screenshot_10.jpg

Жазира Жаппарқұл, Олимпиаданың күміс жүлдегері

Сәрсенбінің сәтті күнінде Рио олимпиадасының күміс және қола жүлдегерлері Жазира Жаппарқұл мен Галбадрах Отгонцэцэг баспаналы болды. Сонымен қатар, оларға көлік кілті табысталды. Қос спортшыны қабылдаған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов:

- Шыны керек, сендер жүлде алғанда бүкіл облыс қуанды. Отгонцэцэг Риода Қазақстан қоржынына алғаш болып жүлде салып, өңір абыройын асқақтатты. Жазира да олимпиада тарихында жүлде алған тұңғыш қазақ қызы атанып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл жеңіске тек біз ғана емес, бүкіл республика шаттанды деп ойлаймын. Еліміздің жалауы Рио төрінде желбірегенде ерекше сезімде болдық. Бізге осындай әсер сыйлаған сендерге өз алғысымды айтамын, - деп Жазираға қос бөлмелі пәтер мен «Тойота Ланд Крузер 200», Отгонцэцэгке бір бөлмелі пәтер мен «Тойота Прадо» көлігінің кілтін табыстады. Бұл сыйлыққа риза болған Жазира: 

- Бейбіт Бәкірұлы, мен де сізге өз ризашылығымды білдіремін. Сіз әрқашан біздің спортшыларға демеу болып жүресіз. Алдыңызға қандай мәселемен келсек те, жылы шыраймен қарсы аласыз. Сіздер бізге осыншалықты көмек көрсетіп жатқан соң, мен жарыста барымды салдым. Сенім артқан еліме ұялмай қарау үшін Риодан жүлдесіз қайтпауға бел будым. Осы еңбегімді елегендеріңізге көп рахмет, – деді. О.Галбадрах қысқа әрі нұсқа сөйледі.

Жиыннан соң Бейбіт Бәкірұлы спортшыларды әкімдік алдына алып шығып, темір тұлпарға өзі мінгізді. Осы жерде Жазира перзенттік парызын ұмытпай, әкесі Әбдірахманды көпшілік арасынан жетектеп алып шығып, көлікке отырғызды. «Мен аспаннан түскен жоқпын. Егер әкем болмағанда мен мұндай жетістікке жетпес едім» деп әкесін құшақтап, жиналған жұртты тебірентті. «Пәтерде өзіңіз тұрасыз ба? Көлікті кім айдайды? Жүргізуші куәлігің бар ма?» деп журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға Жазира: «пәтерді ата-анама сыйлаймын, ал көлікті өзім айдаймын. Жүргізуші куәлігім бар. Екі жыл бұрын алғам. Айтпақшы, екінші орынға берілетін ақшаны сіңлімнің еміне жұмсаймын. Сол аман болса болды» деп жауап берді. Сонымен қатар, халықты Отгонцэцэг пен Жазираның қарапайымдылығы сүйсінтті. «Олимпиада шыңынан көріндік» деп кеуделерін кермей, ешкімді алаламай, бәрімен емен-жарқын сөйлесіп, шаршап тұрса да «суретке түсейік» деген мың сан өтінішке мүлдем қарсылық білдірмеді. 

Осылайша, «сыйға сый, сыраға бал» демекші, Қазақстанға күміс және қола сыйлаған қыздарымызға халқы пәтер және көлік сыйлады.  

Мұрағаттан, 2016 ж

Футболдағы трагикомедиялар
Назым Қызайбай: «Жұлдызым жарқырайтын күн – әлі алда»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу