Қоржын неге бос?
OINET.KZ - Қытайда қысқы ақ олимпиаданың аяқталуына да аз қалды. Өкінішке қарай, Қазақстанның қоржынында әзірге жүлде жоқ. Осы орайда Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов айтулы жүлдеге қатысты пікірін білдірді.
«Әрине, спортшыларымызға патриоттық сезім туралы үнемі айтып отырамыз. Жалпы қысқы спорт түріне келсек, бізде 2 кешен бар. Бірі Алматыда, екіншісі Щучинскіде. Жалпы айтқанда, қысқы спорт түрі мен әр алаңның өзіндік қыр-сыры бар. Яғни спортшы сол жерге барып дайындалмаса болмайды. Демек отандық спортшылар шетелге жиі шығып, дайындалуы тиіс», – деді Елсияр Қанағатов Бейжіңнен тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, Бейжің олимпиадасынан кейін ұлттық құраманың өнер көрсетуіне қатысты қорытынды жасалады. Қысқы олимпиадаға 91 мемлекет қатысып отыр. Бұған дейін Елсияр Қанағатов Қазақстанда спорт саласы бойынша ғылыми зерттеу институтын құру керектігін ұсынған болатын.
Бейжің-2022 қысқы ойындарында шорт-тректен Қазақстан құрамасының атынан шыққан Абзал Әжғалиев 500 метр қашықтықтың финалында мәре сызығын төртінші болып кесіп, жүлдесіз қалды. Аталмыш дистанцияда Венгрияның атынан сынға түскен Лю Шаоан алтыннан алқа тақса, ресейлік Константин Ивлеев күміспен күптелді. Ал Канададан келген Стивен Дюбуа қола медальды қанағат тұтты.
Жарыстан кейін Абзал Әжғалиев журналистерге жүлденің не себепті бұйырмағанын айтты. «Шорт-трек спортын біздің елімізде көпшілік біле бермейді. Шорт-тректі тек қысқы ойындарда көрсетіп жатқандықтан, жанкүйерлердің басым бөлігі енді ғана осындай спорттың бар екенін біліп жатыр. Мысалы, бізде жазғы спорт түрлерін көп көрсетеді. Өз кезегінде біз де шорт-тректен әлем кубоктерінде жақсы нәтижелер көрсетіп жүрміз. Әлемнің ең үздік он құрамасының қатарына кіреміз. Менің арманым – шорт-тректі бәрі танып, қандай спорт екенін білсе екен дедім. Қазақтар қысқы спортпен айналыса алмайды деген стереотипті жойғым келді. Біз де коньки тебе аламыз және әлемдік ареналарда, Олимпиадада үздік командада топ жарамыз деп дәлелдегім келді. Жалпы алғанда дәлелдедім деп ойлаймын. Финалға дейін жеттім. Ширек финал мен жартылай финалда Олимпиаданың чемпиондары жарыстан шығып қалып жатты. Қолымнан келгенше барымды салдым. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысымды айтамын», – деді Әжғалиев. Еске салайық, Олимпиада тарихында 500 метр дистанцияда қазақстандық шорт-трекші бірінші рет жарысқа қатысты.
Айта кетелік, Олимпиада ойындарында үздік бестікке және төрттікке енген спортшыларға қаржылай жүлде қарастырылған. Шорт-тректен ұлттық құрама спортшылары 70 мың доллар сыйақы алады. Яғни, елімізде Олимпиада ойындарында алтын медаль алған спортшыға 250 мың, ал күміс пен қолаға медаль иеленгендерге 150 және 75 мың доллардан беріледі. Бұдан бөлек 4-ші, 5-ші және 6-шы орын алған спортшыларға да ақшалай сыйақы қарастырылған. Осылайша Абзал Әжіғалиев 4-ші орын үшін 30 мың доллар алады. Ал эстафеталық сында ел намысын қорғаған Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова және Яна Хан төрттігіне 10 мың доллардан беріледі.