Нелли Ким Шымкент қаласының құрметті азаматы

Oinet.kz 23-03-2019 1268

Screenshot_15.jpg      

Әлемге аты мәшһүр спорт саңлағы, гимнастикадан Олимпиаданың 5 дүркін чемпионы, кезінде талай сында Қазақстанның абыройын асқақтатқан жампоз жерлесіміз Нелли Ким туған жері таяуда Шымкентке  ат басын бұрды. Соңғы жылдары АҚШ-та тұратын Нелли ата-анасымен бірге  Шымкентте тіршілік кешкендіктен  осында жиі келіп тұрады. Атақты спортшымен кездесу Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның концерт залында өтті. Спортсүйер қауым мен гимнастика шебері  арасындағы еркін сұхбатты Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Нұржан Сманов жүргізіп отырды. Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов спорт жұлдызына құрмет көрсетіп, «Сіздің спорт әлеміндегі жеңісті жолыңыз Шымкентте басталғанын білеміз. Қаламыздың атын әлемге танытып, еліміздің даңқын асырғаныңыз да ел есінде. Есіміңізді шымкенттіктер үлкен мақтанышпен айтады. Құрметтейді, мақтан тұтады. Туып-өскен қалаңызға жиі келіп тұрыңыз. Әрдайым қуана қарсы аламыз»,-деп «Шымкенттің құрметті азаматы» атағын тапсырды. 

   Ия, Нелли «Шымкент қаласының құрметті азаматы» деген  атаққа әбден лайық. Спорттық гимнастикадан еліміздің қыздары арасында әлемдік додаларда Нелли секілді нәтижелі өнер көрсеткен ешкім болмады. Спорттық додаларға 1970 жылдадан бастап қатысқан ол сол кездегі гимнастика жұлдыздары Надя Команечи, Людмила Турищева, Ольга Корбуттармен бәсекелес бола алды. 1975 жылы Еуропа чемпионы атағын алды. Ал бір жылдан кейін Монреалда өнер көрсеткен Нелли әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Ол Олимпиадалық ойындар тарихында гимнастика саласы бойынша жеңіл жаттығу мен секіруден алғаш 10 балл алған жалғыз гимнастшы қыз. 

   Қазір Нелли Ким АҚШ-та Халықаралық гимнастика қауымдастығының әйелдер арасындағы техникалық комитетінің президенті қызметін атқарып жүр. Жырақта жүрсе де қазақ елін ұмытпайтын спортшы, өткен жылы Алматыға келгенде Нелли Ким атындағы гимнастика академиясы ашылуына куә болған еді.  Көпшілікпен сұхбат беру барысында ол егер лайықты спорт залдары мен қаражат бөлініп, гимнатика академиясы ашылса, Шымкентке түбегейлі көшіп, облыстың гимнастика саласына үлесін қосуға даяр екенін жеткізді. Қатысушылардың түрлі сұрақтарына жауап беріп, өміріндегі, спорттағы қызықты жағдайларын да шолып өтті. Әсерлі жүздесу соңы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Қалалық спорт мектептерінің жас спортшылары мен қызметкерлері даңқты спорт жұлдызымен естелік суретке түсіп, жұмысына сәттілік тіледі. Олардың арасында жуырда ғана Лондон олимпиадасына қатысып қайтқан Мөлдір Әзімбай бастаған жас гимнастшылар да болды.  Енді «Шымкент қаласының құрметі азаматы» атанған Нелли Кимдей саңлақ елге оралып осы жас спортшыларды үлкен додаларға даярласа, қазақ спорт гимнастикасының деңгейі көтерілетіні анық. 

Мұрағаттан: 19.09.2012

Нелли Кимнің ізбасары
Ильин, Сәпиев, Рыпакова... Көзі тірі чемпиондардың есімін нысандарға беру дұрыс па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу