Бекзат Саттарханов - Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ боксшысы
Маңдайға сыймаған марғасқа ұл, небәрі жиырма жасында Сидней Олимпиадасының чемпионы атанып, тәуелсіз елімізді жұмыр жердің жұртшылығына танытқан, абыройын асқақтатқан Бекзат Саттархановтың әттең пәни дүниедегі талқаны тым ерте таусылды. Әйтпегенде «Үш дүркін Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алып, елімнің мәртебесін өсірсем» деген үмітін үкілеп жүретін бекзат болмысты бауырымыздың асқақ арманы орындалуы әбден мүмкін еді-ау. Түркістаннан шығып, Шымкент шаһарында жаңа жылды қарсы алуға асыққан спорт саңлағы жол апатына ұшырап, бақилыққа атанарынан бірер күн бұрын ғана сырласып, сұхбаттасқан едік. Қарапайым қалпынан аумай, табысқа дандайсымай, «жұлдыздық ауруға» шалдығып, шалқаймай-ақ ел аузында есімі аңызға айналған жанмен қол алысып,,құшақ қауыштырып, шат-шадыман күн кешкенім енді елес, көрген түс секілді. Абайсызда жоғалтып алған алтын асықтай азаматпен арадағы сол сұхбаттан қаз-қалпында қысқаша үзінді ұсынуды жөн көрдік.
Спортшы шерткен сыр
«АЛТЫННАН ДА ҚҰНДЫ ҚҰМЫРА»
- Бастапқыда ағаларым Бағдат пен Болатқа еліктеп, күреске қатыстым. Боз кілемдегі белдесу бойдың өсуіне кедергі келтіреді екен. Ата-анам осы жағын жаратпаған соң, бокс секциясына ауыстым. Бұл қадамыма сол мезгілде, яғни 1995 жылы Қанатбек Шағатаев, Нұржан Сманов сияқты былғары қолғап шеберлерінің Азия чемпионы атануы да түрткі болды. Бокстың «әліппесін» үйреткен бапкерім Нұрлан Жұмабаевтың баулуымен алғаш Түркістанда өткен облыстық біріншілікте оздым. Сондағы сыйға тартқан құмыра талай дүбірлі додаларда таққан алтыннан да құнды десем, қателеспеймін. Түркістан қаласында спортпен шындап шұғылдануыма қаражат жағы қолбайлау жасап жүргенде, білікті бапкер Александр Визирякинге жолықтым.
«20 ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚАЙТҚАН ҚАРЫМТА»
- Әуел бастан-ақ техникалық әдіс-айласы, сұлу қимылы шөліңді қандыратын саңлақ боксшы Серік Қонақбаевты үлгі тұттым. Сидней Олимпиадасына аттанар алдында Серік ағамның жекпе-жектері жазылған бейнетаспаларды қайта-қайта тамашалап, маған тиімді тұстарын көкейге түйдім. Олимп биігін бағындырғанымды телефон арқылы естіген анам Сырлан екі минут бойы жылап тұрды. Аузына ерелеткенде айтатын «Сарғалтайым-ай» дегеннен басқа сөз түспеді. Түсінемін. Мен жарық дүниеге келген 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиадада Серік Қонақбаев қолда тұрған алтыннан айырылғанда, анам өкініштен егілген екен. Шүкіршілік. Сондағы қарымта 20 жылдан кейін қайтарылып, шаттықтан анамның жанары жасқа шыланды.
Мұрағаттан, 15.12.2011 ж