Нұрсадық Ергешбек: «Олимпиадалық лицензияларды жеңіп алу - қиынның қиыны»
Нұрсадық Ергешбек, Оңтүстік Қазақстан облыстық таэквондо федерациясының президенті:
- Олимпиадалық лицензияларды жеңіп алудың өзі қиынның қиыны. Себебі әр мемлекетке әрі кетсе төрт жолдама беріледі. Бұл мүмкіндікті таэквондоның отаны - Оңтүстік Корея ғана толық пайдалана алды. Осы спорт түрінен алдына жан салмайтын Иранның өзі бұл жолы үш жолдамамен шектеліп отыр. Сондықтан, Лондонға елімізден үш таэквондошының баратыны, оның ішінде екі спортшының Шымкенттен шыққаны біз үшін орасан зор, тарихта болмаған жетістік. Сонымен қатар өте үлкен жауапкершілік жүктейді. Нұрсұлтан мен Феруза жас болғанына қарамастан әрқайсысының потенциалы өте жоғары. Лондонда біздің артқан үмітті ақтайтынына кәміл сенемін. Келесі жылы шілде айында басталатын Лондон олимпиадасына олар нағыз бабында баруы керек. Сондықтан қысқа мерзімдік демалыстан соң қаңтар айында толыққанды дайындық жұмыстарына кірісеміз. Федерация тарапынан барлық қажетті жағдай жасалып, жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Мұрағаттан, 01.12.2011