Әлия Юсупова жеті елдің өкілдерін жинады

Oinet.kz 19-03-2019 1204

Screenshot_8.jpg

Көркем гимнастика әлемінде Әлия Жүсіпованың жүлдесін сарапқа салатын халықаралық турнирдің беделі жылдан жылға өсіп келеді.  Әлемнің ең үздік гимнастшыларының бірі саналатын Әлияның әлемдегі беделі зор екенін аңғару қиын емес. Осыменен үшінші рет ұйымдастырылып отырған бұл турнирдің құрметті қонақтары ретінде Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы Ирина Чащина мен әлем және Еуропа құрлығының бірнеше дүркін чемпионы Ольга Капранованың келуі осының айғағы. Осы аптада түңлігін ашқан халықаралық додаға Ресей, Қырғызстан, Белоруссия, Өзбекстан, Израиль мен Грузияның спортшы қыздары келді. Барлығы дерлік өз елдерінің ұлттық құрамаларының мүшелері, кәсіби деңгейі өте жоғары спортшылар. Яғни, шымкенттік жас гимнастшылар өнерін ортаға салып, артылған үмітті ақтау үшін барын салады деген сөз. 

Аты әлемге әйгілі жерлесіміздің арқасында елімізде көркем гимнастикаға деген айрықша қызығушылық туындады. Атақты жаттықтырушы, талай чемпиондарды тәрбиелеп шығарған Ирина Винердің өзі Бейжің Олимпиадасының ал¬дында «Бейжіңде топ жаруға лайық төрт-бес көркем гимнасшы бар. Солардың бірі – Әлия Жүсіпова” деп жерлесімізге лайықты бағасын берген болатын. Қазіргі таңда еліміздегі гимнастика секцияларында бос орын жоқ  Азияның абсолюттік чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Афины Олимпиадасында төртінші, Бей¬жіңде бесінші орын алған, Әлия Жүсіпова үлкен спортпен қоштасқан кезде мыңдаған жанкүйер «қазақ  көркем гимнастикасының болашағы қандай болар» деп күрсінген еді. Дегенмен, елімізде Әлияның биігін бағындыруға талпынатын талантты жастар жоқ емес. Тек оларды тәрбиелеп, өсіру керек. Халықаралық аренаға шығуға дайындау керек. Осы аса жауапты да маңызды міндетті Әлияның өзі атқаруға ниет танытты. Соңғы жылдарда Шымкент еліміздегі көркем гимнастика орталығына айналып бара жатқаны жасырын емес. Олай дейтініміз, облыс орталығында бұрын-соңды көркем гимнастикадан дәл мұндай жоғары деңгейдегі жарыс болмаған. Демек, алдағы уақытта әлі-ақ Әлияның ізін қуып, әлем және олимпиада додаларында жасындай жарқылап, еліміздің намысын қорғайтын талантты қыздар шығатынына кәміл сенімдіміз. 

Әлия Жүсіпованың өзі ашқан көркем гимнастикадан жекеменшік мектебі жемісті жұмыс істеп келеді. Осыдан үш жыл бұрын мектептің ашылу  рәсімі   Әлия Жүсіпованың  жүлдесін сарапқа салған   бірінші  халықаралық   турнирге   орайластырылып еді. Сол жолы  турнирге  қатысу  үшін   Шымкентке  ТМД-ның  10 елінен жас спортшылар жиналған болатын. Мұның барлығы атақты жерлесіміз Әлияның әрі спортқа деген жанашырлығын, әрі гимнастика әлеміндегі зор беделін білдіреді.

Шымкент қаласындағы цирк аренасында өткен жарыстың  ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев Әлияға алғысын айтып, турнирдің болашақта қанатын кеңге жая беретініне сенім білдірді. «Биыл көркем гимнастикадан халықаралық турнирдің үшінші рет өтуі  -  тек гимнастшылар үшін емес, барлығымызға ортақ мереке, үлкен қуаныш. Ольга Капранова мен Ирина Чащина секілді әлемдік деңгейдеі жұлдыздардың  құрметті қонақ ретінде арнайы келуі де мерейімізді үстем етіп отыр. Шымкентті, Оңтүстікті, бүкіл Қазақстанды әлемге танытқан Әлия біздің мақтанышымыз» деп ыстық лебізін білдірген Әли Әбдікерімұлы қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Өзге спорт додаларынан тағы бір ерекшелігі – турнирдің ашылу салтанатында арнайы шоу-бағдарлама әзірленіп, жарысқа қатысушылар көрермендерді өнерімен тәнті етті. Жеңімпаз және жүлделі орынға қол жеткізгендер үшін қомақты ақшалай сыйлық беріледі. Айта кетерлігі, мұндай қомақты сыйлықтар тіпті Гран-при деңгейінің коммерциялық турнирлерінде де аз кездеседі. Ал бұл өз кезегінде Шымкенттегі жарысқа деген қызығушылықты анағұрлым өсіре түсірмек. Турнирдің өзі жаңадан салынған жеңіл атлетика манежінде өтуде. 

Айта кетерлігі, мұндай ірі жарыстарды демеушілердің қолдауынсыз жүзеге асыру қиынның қиыны. Сондықтан, жарысқа бірден-бір атсалысып, қол ұшын созған «ПетроҚазақстан» компаниясының қосқан үлесін ерекше атап өткеніміз абзал. Турнирді ұйымдастыруға қажетті негізгі шығындарды көтерген компания басшылығы Әлия Жүсіпованың жүлдесін сарапқа салған жарысты алдағы жылдарда да қолдауға ниет танытып отыр. Сонымен қатар, болашақта Шымқаладан гимнастика спортында талантты жастар шығып жатса олардың шетелдегі байрақты бәсекелерге баруына демеушілік көрсетуге әзір.  

 «ПетроҚазақстан» компаниясы көп жылдан бері, спорт пен өнерге жанашырлық білдіріп келе жатыр. Мұнайшылардың көмегі арқасында Оңтүстікте көптеген игі бастамалар мен жобалар жүзеге асып үлгерді. Мұндай меценаттық тасы өрге домалап келе жатқан өзге де компанияларға үлгі болса керек. Мәселен, Шымкенттегі балет мектебі көп жылдан бері «ПетроҚазақстан» компаниясының демеушілігінің арқасында талай талантты бишілерді тәрбиелеп шығарды. Мерекелік концерттік бағдарлама кезіндегі безендіру жұмыстары, ғимаратты жалдауға кететін шығындарды төлеу ісінде көп жылдан бері материалдық жәрдем беріп келе жатқан мұнай компаниясы демеушілік қызметін алдағы уақытта да жалғастыра бермек. Өнер ұжымы облыстық, республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, көпшілікті тәнті етіп жүр. Әр жылдарда «Балауса» өлкелік ән-би фестивалі, Түркияның Стамбул қаласындағы түркітілдес елдер арасында өткен халықаралық өнер фестивалі, Астанадағы «Шабыт» фестивалінде алдына жан салмаған мектептің шәкірттері бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресейдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында шеберлігін шыңдауда. Тәрбиеленушілердің сұлулыққа баулып келе жатқан ұжым директоры Болат Мейірбековтың «ПетроҚазақстан» компаниясына айтар алғысы зор. Өнер мен спортқа барынша қолдау көрсетіп келе жатқан «ПетроҚазақстан» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің нағыз үлгісіне айнала білді. 

Мұрағаттан, 24.05.2012 ж

Бекзат Саттарханов - Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ боксшысы
Біржан Жақыповтың соңғы мүмкіндігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу