Ұлттық құраманың деңгейі өспей тұр
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының алғашқы матчында Литва құрамасынан 2:0 есебімен басым түсті. Голдардың авторлары – Бахтиер Зайнутдинов пен Исламбек Қуат.
Ойынның алғашқы минуттарында Қазақстан құрамасы өте белсенді болды. Қапталдағы допқа бірінші жеткен Ғафұржан Сүйімбаев Бауыржан Исламханға пас шығарды. Ал құрама капитаны Бақтиер Зайнутдиновке керемет мүмкіндік жасап беріп, еді жартылай қорғаушы гол салды. Бұл Зайнутдиновтың құрама сапындағы 7 голы болатын. Гол жіберіп алған Литва құрамасы таразы басын теңестіру үшін шабуылға шықты. Алайда, 5 қорғаушымен ойнаған құрамамыз қателік жібермеді.
Михал Билектің шәкірттері екінші таймды да сенімді бастады. Гол салатын бірлі-жарым мүмкіндіктер қарастырып та көрді. Бірақ, алаң иелері допты көбірек ұстап позициялық шабуылдар жасады. Тіпті қақпашымызбен бетпе бет шығып та көрді. Алайда, литвалық ойыншы қақпадан қиыс тепті. Ал ойын соңында Ян Вораговскийдің пасынан кейін Исламбек Қуат есепті еселеп тастады. Бұл таза жеңіске жеткеніміздің белгісі болатын. Ойынның үздік футболшысы Ян Вораговский болғанын да айта кетейік. Сондай-ақ бұл ойында Бауыржан Исламхан, сол қапталдағы қорғаушы Нұрәлі Әліп, Марат Быстров, Гафуржан Сүйімбаевтың өте белсенділік танытты.
Айта кетелік, екі құрама өзара бір рет кездесіп (жолдастық кездесу), 1:1 есебімен тең тарқасқан болатын. ФИФА рейтингісінде Қазақстан ұлттық құрамасы – 121, Литва құрамасы – 132-орында.
Қазақстан құрамасы, өкінішке қарай екінші матчта жеңіліп қалды.
Белоруссия құрамасымен кездесуде Қазақстан құрамасы алғашқы 15 минутты жақсы өткізді. Қарсыласты айып алаңына қамап тастады. Бірақ, одан кейін Белорусь құрамасы еңсе тіктеп алды. Негізгі құрамда орталық жартылай қорғаушының рөліне шыққан Абзал Бейсебеков алыстан бір соққы жасап, қарсылас команданың қақпашысы Гутордың зәресін алды. Абзалдың соққысы биік кетті. Бірінші тайм 0-0 есебімен аяқталды.
Екінші таймда белорустар біздің қақпаның маңын торлай бастады. 53-минутта қапталдан шабуылдаған қонақтар Ғафұржан Сүйімбаевты алдап өтіп, айып алаңына пас асырды. Сол пас Максим Бордачевтың басына дәл келді де, ойыншы Стас Покатиловтың қақпасына гол салды. Гол жіберіп алған Қазақстан құрамасы таразы басын теңестіргісі келіп бірнеше шабуыл ұйымдастырып еді, нәтиже шықпады. Дегенмен 62-минутта Ян Вораговский алыстан жойқын соққы жасап еді, оны қақпашы Александр Гутор дәл алдына қайтарды. Қайтып келген допты екінші қайтара тепкен Абат Айымбетов таразы басын теңестірді. Есеп 1-1. Бұл Айымбетовтың ұлттық құрамадағы алғашқы голы болатын.
Алайда кездесудің 86-минутында қазақ футболшылары үлкен қателікке жол берді. Құраманың негізгі қорғаушысы, еліміздің соңғы 5-6 жылдағы үздік қорғаушыларының бірі, капитанның асистенті Ғафұржан Сүйімбаев қақпаға қарай ауттан доп лақтырды. Осы допты тосып ала кеткен Лисакович Покатиловты алдап, бос қақпаға гол салды. Сөйтіп Қазақстан құрамасы уыста тұрған бір ұпайды жіберіп алды.
Мамандар бүгінде екі ойынды саралап өз бағасын беруде. Құраманың қарсылас қысым көрсетсе, пастармен прессингті бұза алмайтыны, өздері де прессинг жасаймайтыны айтылуда. Белсенді ойыншы Исламханға ортада көмектесер жартылай қорғаушының болмай тұрғанына да қынжылушылар көп. Негізгі құрамдағы 3-4 футболшы шетел чемпионаттарында бақ сынап жүргені қуантқанымен, ұлттық құраманың деңгейі өспей тұр.