Гүлнәр Салықбай. «Қандай қызық көктем менен кездескен»
Қандай қызық көктем менен кездескен –
Бақыттан жылаған.
Күрсіндіріп, күз келгенін сезбестен,
Күнге ұнаған...
Қандай қызық көктемменен кездескен –
Қимай қарасқан.
Ақыл-ойдың ну орманын кез бестен,
Адасқан...
Қандай қызық орамалмен кездескен –
Сүрткен көзіңді.
Һəм шығару ертең ерер сөзді естен
Жəне өзіңді.
Қандай қызық орындық пен кездескен –
Теңізге қараған.
Тіршіліктің тізіміне енбестен,
Сағат санаған...
Қандай қызық ағын менен кездескен –
Алыс сүйреген.
Берекесіз дүниеден безбестен,
Қайта билеген.
Қандай қызық жапырақ пен кездескен –
Жаңа таңы атқан.
Көшелерде күндіз-түні көз көшкен
Күліп баратқан...
Қандай қызық қызғалдақ пен кездескен –
Саған терілген.
Содан кейін самал желге жолда ескен
Жақсы көрілген.
Қандай қызық теңіз бенен кездескен –
Тұзды су алған.
Ешкімгеде, ештеңеге сенбестен,
Қуанған...