Майда ақша

Oinet.kz 19-09-2019 1301

ruka.jpg

Бүгінгі күннің ең соңғы сабағы бітуге қоңырау шалынуға жақын қалған-ды. Оқушылар кітап, дәптерлерін жинап, қоңырауды сабырсыздана күтуде еді. Қоңырау үні естілісімен, барлығы есікке қарай асықты. Арман жайлап жиналып, ең соңғы адамның сыныптан шығуын күтіп, көзінің астымен мұғаліміне бір қарап қояды. Мұғалім де бұл кідірісін байқап тұр.

М: – Арман, сен үйіңе қайтпайсың ба?

Арман ең соңғы оқушының шығуын күтіп жауап қатты.

А: - Сізбен сөйлесейін деп едім, ағай.

М: - Жарайды, не айтпақшы едің, тыңдайын.

А: - Сыныптағы Айбек досым бар ғой...

М: - Иә, не болды Айбекке?

А: - Ол... ол біз бір үзілісте буфетке барып бір нәрселер жеп жүрсек, бізден қашқақтап жүреді, шамасы ақшадан қиналып жүр ғой деймін.

М: - Иә, солай ма?

А: - Мен оған жәрдем етсем деп едім, бірақ ол намыстанып, менің мұнымды білсе қабыл етпеуі мүмкін. Мен майда ақшаларымды жинап, аптасына сізге беріп тұрсам, сіз Айбекке бере аласыз ба?

Ол қалтасынан бір уыс майда ақшаларын шығарып, мұғалімнің үстелінің үстіне қойды. 

Мұғалім ақшаға тиіспей, орындығына отырды. Арман туралы ойлана бастады. Оның білуінше, оның бұл үздік оқушысының да жағдайы Айбектің жағдайынан алыс емес еді. Ол да ауқатты жанұяның баласы емес еді. Ниеті неткен керемет, досына көмектескісі келеді және мұны жасырын түрде жасамақ ойы бар.

М: - Арман, тұра тұр. Менің білуімше, сендердің жанұяларыңның да жаңдайы асып-тасып тұрған жоқ, әлде мен қателесіп тұрмын ба?

А: - Дұрыс айтасыз, ағай, әкем жұмысшы, кейде жұмыс болса, кейде болмай қалады. Мен де сабақтан кейін ақша табу үшін амал жасаймын.

М: - Не жасайсың?

А: - Сабақтан кейін шемішке сатамын.

Мұғалімі Арманның ниетінің жақсы екенін біледі, бірақ өзі қиналып қалмасын деп және оқушысын ренжітіп алмас үшін не істеу керек екенін ойлана бастады. Онымен біраз сөйлессе, мүмкін бұл ойынан қайтар деп ойлады.

М: - Арман, сен кейін өскенде кім болғың келеді? – деп сұрайды.

А: - Бай, іскер адам болғым келеді.

М: - Неге бай болғың келеді?

А: - Көп адамдарға көмектесе алуым үшін.

М: - Арман, тыңда. Айбектің жанұясының жағдайы жақсы емес, білем. Бірақ сендердің де олардан айырмашылықтарың аз. Сен ойлан, асықпай, кейін байыған кезде адамдарға көмектессең де болмай ма?

А: - Жоқ, болмайды. Қазірден жасауым керек.

М: - Неге болмайды?

А: - Үш себептен болмайды.

1) Бұл ақшалар менікі емес. Жасаған жақсылықтарым үшін Аллаһ мені жақсы көреді, адамдарға мені жақсы көрсетеді. Сондықтан жанымдағы сатушыларға қарағанда адамдар менен шемішкені көбірек алады;

2) «Ағашты шыбық кезінен отырғызу керек» деп айтады ғой. Кішкентайымнан жақсылық жасауды үйренбесем, үлкейгенде оны үйрену, жасау қиын болады.

3) Үлкейгенде бай, іскер адам болғым келеді. Уақтысында сауда жасай алмағандар ондай бола алмайды.

Мұғалімі қарсысындағы Арманды үлкен адаммен сөйлесіп отырғандай мұқият тыңдап отыр.

М: - Соңғысын жақсы түсінбедім...

А: - Онда анығырақ айтар болсам, қазір бай болмағаным үшін күніне тек бір стақан шемішкенің құнындай ғана  жәрдем ете аламын. Бұдан көп бере алмаймын. Ал Аллаһ жәннатты қолынан келгенінше жақсылық істегендерге береді. Қазіргі қолымнан келгені осы болғандықтан, жәннаттың бағасы мен үшін сондай. Егер байымай өліп кетсем, бір стақан шемішкенің бағасындай жақсылықпен жәннатқа кірем. Сауданың бұдан артық қандай сауабы болуы мүмкін?!

Мұғалімнің көзі жасқа толып, басын изеді, «түсіндім» деген ишараты еді оның. Арманды үйіне қайтарды. Өзі ұзақ отырды. Кетерінде Арманның үстел үстіне қалдырған тиын-тебенін көрді де, оны уысына алды. Ол қолына дүниенің ең қымбат маржан, жақұт, алмастарын ұстап тұрғандай сезілді.

Жо-жоқ, бұл олардан да қымбат. Бұл бір стақан шемішкеден түскен майда тиындар жәннатқа кіргізетін тиындар еді. Бұларды қолына қатты қысып отырып көп жылады.

Өз-өзіне келгенде ақшам уақыты болыпты. Сыныптан жайлап шығып, «бұл майда тиындармен жәннатқа кірмекші, бұл майда тиындармен жәннатқа кірмекші» деп қайталай берді.

Мектеп қарауылының «не дейсіз?» деген сұрағын да естімегендей аузы жыбырлап ақшам қараңғылыққа сүңгіп кете барды.

Уақытыңды сатып алсам бола ма?
Тоқаш ұрлаушы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу