Ата-анаңа не істесең...

Oinet.kz 05-09-2019 1111

 Screenshot_12.jpg                                                 

Ертеректе бір жігіт анасын ресторанға алып келген екен. Кейуана тап-таза киінген, салқиалы әйел болған екен. Алайда кәрілік бәрібір өзінікін алады емес пе? Үстелге жайғасқан анасы мен баласы дәмді асқа тапсырыс береді. Көп ұзамай даяшы ыстық тамақты қонақтардың алдына ұсынады. Дәмнен ауыз тие бастаған анасының қолдары дірілдей беріпті. Қасықтағы сорпасы киіміне тиіп, жас балаша үстінің бәрін былғапты. Кәрі кемпірдің бұл қылығына айналадағы адамдар жиіркенішпен қарап, өзара пыш-пыш етіп отыр дейді. Өздерін өсектеп отырғанын сезген баласы мән бермеуге тырысып, анасының тәбетін бұзбауды ұйғарады. Екеуі  тамақтанып болған ұлы  анасын ертіп, қол жуатын бөлмеге әкеледі де, киіміндегі тамақ төгінділерін тазалап, үсті-басын түзейді. Анасын жетекшеген жігіт рестораннан шыға бергенде біреу «тоқтаңыздар, мынаны қалдырып барасыздар» дейді. Орта жастағы ер кісінің сөзіне мойын бұрып қараған жігіт «жоқ, біз ештеңе ұмытқан жоқпыз» дейді де кетуге ыңғайланады. Сонда әлгі кісі «Жоқ, сіз мұнда отырған барлық адамдарға керемет үлгі қалдырып барасыз. Сіздің әрекетіңізден кейін ешкім анасын ренжітіп, кемсітпейтін болады» деген екен. 

Расында да бала жас күнінде ананың қамқорлығына, аялы алақанына қаншалықты зәру болса анасы қартайғанда баласының мейіріміне соншалықты зәру болады. Ата-анасын сыйлай білген ұл-қызды да өзгелер солай сыйлайтын болады. Сондықтан біз бейнет көрген ата-аналарымызға зейнет көрсету арқылы бірінші кезекте біз өз перзенттерімізге үлгі боламыз. Ата-анаңа не істесең, алдыңа соның келетінін ұмытпайық. 

Айқан Жүзбаев, 

Жамбыл облысы

Балаңызбен серуендей білесіз бе?
Балаңызды құммен ойнатсаңыз...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу