Ақсаусақ баладан қамқоршы перзент шықпайды

Oinet.kz 13-08-2019 1321

Screenshot_20.jpg

Балалық шағы Кеңес одағы дәуірінде өткен замандастарым еңбектің қадірін жақсы біледі. Ата-әже, әке-шешеміз жұмсауға жарап қалған баланы өз бетінше еңбектенуге ерте бастан баулитын. Малға қарау, отын жару, су тасу, шөп ору, бау-бақшаға күтім жасау секілді шаруалар баланы жалқаулықтан алыстататын. Ия, біздің заманның оқушылары үй шаруасына да араласып, сабақты да оқып, ойын ойнап та үлгеретін. Ал бүгінгі безбүйрек жаңа ғасырдың балаларына жаным ашиды. 

Әнеукүні денсаулығым сыр берген соң  қалада тұратын тұңғыш баламның үйіне барғанмын. Ауылдағы тіршілікті тастап кетуге қимасам да шыбынжан керек болғасын амал жоқ келгенмін. Ұлым қақсаған аяғымды емдетемін деп біраз аурухананың есігін тоздырды. Әйтеуір не керек, ел мақтаған дәрігерге көрсетіп шықты. Ол тізбектелген дәрілер жазылған бір парақты ұстатты да «Дедушка, все будеть хорошо!» деп шығарып салды. Ауылға қайтуға асығып тұр едім, келін «үйге барған соң дәрілерді уақытылы ішуді ұмытып кетесіз, қадағалайтын адам жоқ, тым болмаса бір аптадай осында жүре тұрыңыз» деп қоймаған соң жолдан қалдым. Тынысы тар көпқабатты үйде түске дейін жалғыз, түстен кейін немереммен қаламын. Санжар мен Керімайдың жеті жыл күткен ұлы Данияр биыл сегізінші сыныпқа аяқ басты. Жалғыз ұл деп төбелеріне көтерген немерем  еркелікті қойып, ақыл тоқтатқан шығар деп ем, керісінше... Немеремнің үйде менімен жұмысы жоқ. Сабақтан келгесін түстеніп алады да екі сағаттай ұйықтайды, одан кейін компьютерден бас алмайды. Осының іші пыспайды ма деп кейде таң қаламын. Не далаға шығып балалармен ойнағанын көрмеймін, не әке-шешесіне қолғабыс еткенін байқамаймын.

Өткенде Данияр мектептен ашуланып, бұрқан-талқан болып келді. Сөмкесін анда лақтырып, киімдерін мұнда лақтырып,  мыңғыр-мыңғыр етіп бірдеңе деп қояды өзі. Жанына жәй жақындап «әй, балам не болды, қабағыңа қар жауып тұр ғой» деп едім, «Апай ғой, Әділбек екеуміздің партаға сызғанымызды көріп, сабақтан кейін  жуғызып қойды, міне, қарашы, партаның теміріне саусағымды жырып алдым, ауырып тұр» деді. Жылауға шақ тұрған жігіттің мына сөзінен кейін  күліп жібердім. «Әй, ақсаусақ, парта жуғанға бола соншама өкпелеп тұрмысың?!» деп жөніме кете бардым. Кешкісін шәй үстінде немерем аттан құлап түскендей анасына жырылған саусағын көрсетіп, біраз арызданып алды. Қызықтың көкесі содан кейін басталды ғой. Ертесіне келінім мектепке шауып барыпты. Мұғалімді осы әрекеті үшін біраз сөккен көрінеді. Үйге келіп үлкен іс тындырғандай мұғаліммен дауласқанын мақтанышпен айтып қояды. Оның бұл ісін құп көрмесем де «қақпас шал тыныш араласпаса болмай ма екен» демесін деп,бір елі аузыма екі елі қақпақ қойдым.  Кешкісін ұлымның жұмыстан оралуын күттім. Тамақтанып болған соң Санжармен  ашық әңгімелестім. Ұлын тым еркелетіп жібергенін айттым. Жалқаулыққа бой алдырғаны болашағына шабылған балта емес пе? Перзент осы бастан еңбек етіп үйреніп, ата-анаға қамқорлық көрсетуді сезінуі керек. Әке-шеше жаныңда қашанғы жүрер дейсің?! Олардың көзі кетсе жалғыз ұл кімге арқа сүйейді? Осы жәйттерді ойласам, уайымның тұңғиығына батып кетем. 

Қазіргі жастарға ақыл айтсаң, «өтіп кеткен заманыңды жырлай бермей, тыныш отыршы» деп жақтырмайды. Сол өтіп кеткен заман бізді еңбекке баулыған заман. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде бізді мақта, картоп тергізуге шығаратын. Күннің ыстығында егістік басында жұмыс істеген сол кездегі оқушылардың шықпаған жаны-ай. Сонда деймін-ау, «неге менің балама жұмыс істеттің?» деп ешкім мұғалімді де, үкіметті де сөкпепті, керісінше балалардың уақытын бос өткізуге жол бермегені үшін алғыс айтатын. Ал қазіргі оқушыларың шүберекпен тақтаны сүртуге ерінеді. Дұрысы намыстанады. Еңбек ету – намыстанатын тірлік емес. Ол - тәрбие, ол – болашақ.

Жаппар Сегізбаев, 

Жамбыл облысы

Қорлан Кәртенбаева: «Түсімде жетігенді таңдадым»
Бітіру кешіне марқұм анасының қатты қағаздан жасалған көшірмесін алып келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу