Қорлан Кәртенбаева: «Түсімде жетігенді таңдадым»
Қорлан Кәртенбаева, жетігенші
- Қорлан, жасыратыны жоқ, қазақтың ұлттық аспаптарын өзге түгілі өзіміз толық танымаймыз. Алдымен жетігеннің ерекшелігін айта кетсең...
- Жетіген – киелі аспап. Түркі елдерінде оған ұқсас аспаптар көптеп кездеседі. Негізінен жетігенді зерттеп, халыққа таратқан музыкатанушы Болат Сарыбаев ағамыз. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваторияда оқып жүргенімде мен де оны біраз зерттеп, халықаралық ғылыми жобаларда ағылшын тіліне аударып, қорғап шыққанмын. Тембрі ерекше аспап әлі де зерттеуді қажет етеді.
- Жетіген жайлы аңыздар да көп дейді...
- Ия, әр халықта ауыздан ауызға жеткен аңыздар баршылық. Солардың ішінде хакас ұлтында тараған мына бір аңыз жиі айтылады. Ертеректе өте биік таудың ішінен мұңды, нәзік үн естіледі екен. Бұл не қылған дауыс деп көпшілік таңданып, құпиясын ашуға тырысады. Сонда «тау ішіндегі үңгірден шыққан дауыстың құпиясын тапқан адамға сыйлық беріледі» деген ханның бұйрығы шығады. Бұйрықты естіген батыл жүректер тауға қанша өрмелеп шықса да үңгірге жете бергенде құйын алып кетіп, опат бола берген екен. Сонда бір қарттың ұлы құйыннан аман қалып, үңгірдің ішіне кіріпті. Сөйтсе бір адам жеті ішекті аспапты ерекше толқыныспен тартып отыр екен.
Осы секілді аңыз қазақтарда да кездеседі. Қаһарлы қыстың қақаған аязынан мал қырылып, үлкен жұт болады. Қа¬зақтың ауылы ашаршылыққа ұшырайды. Онымен қоймай, ел ішіне сүзек ауруы тарап, көбейеді. Көпке әйгілі күйші қарттың жеті ұлы бірдей осы ауруға шал-дығып, бірінен соң бірі көз жұмады. Қайғыға душар болған қа¬ралы күйші көкірегін кернеген мұң-зарын күйге қосады. Үлкен ұлының дәм-тұзы таусылғанда – «Қарағыш», екінші ұлы өмірден қайтқанда – «Қанат сынар», үшінші ұлы қайтыс болғанда – «Құмарым», төртінші ұлы қаза тапқанда – «Ой сөнер», бесіншінің жүрегі тоқтағанда – «Бақыт көшті», алтыншының жамбасы жерге тигенде – «Күн тұтылды», жетіншісі жер жастанғанда «Жеті ұлымнан айырылдым» деп азалы күй шерткен екен. Содан арнайы аспап жасап алып, әр ұлы қайтыс болғанда бір шектен байлап, астына асықтан тиек қойып отырыпты.
- Жеті ішекті аспапқа бала күніңнен қызықтың ба?
- Мен аспаптың алғаш рет үніне ғашық болдым. Оның қоңыр үні адамға рахат сезім сыйлап, жаныңды тыныштандырады. Өз басым жетіген аспабына кездейсоқ келгенім жоқ.Консерваторияның прима қобыз сыныбын бітіргенмін. Шығармашылықта жолым болмай жүргенде бірде түс көрдім. Кең далада жалғыз жүр екенмін. Кенет көзіме бір қара көрінді. Жақындай беріп едім шебер ағаш жонып аспап жасап отыр екен. Ол жетіген болатын. Жанында дайын болған бес-алты аспап тұр. Әлгі шебер маған қарап «қызым, таңдағаныңызды ала қой» деді. Мен сонда қолымды жетігенге создым. Кейіннен күйбің тірлікпен түсіме мән бермедім. Сөйтіп жүргенде консерваторияда Нұргүл Жақыпбек деген ұстазыммен танысып, жетігенді үйрендім. Сол күннен бастап жеті ішекті аспапты серік етіп келемін.
- Қазір домбыра, қобыз секілді аспаптарды заманауи бағытқа бұрып, рок, дэкко секілді жанрлармен үйлестіріп жүрміз. Ал жетіген мұндай үйлесімділікке келе ме?
- Әрине келеді. Жетігенге заманауи аранжировка ауадай қажет. Өйткені тыңдарман аудиториясын жастармен толықтыру қажет. Алайда жетігеннің өз табиғаты бар. Қатты, даңғыра музыка аспабымен үйлеспейді. Аранжировканы жоғары кәсібилікпен жасамаса оның табиғилығын жоғалтып алуымыз мүмкін. Сондықтан дәстүрлі және заманауи бағытты тепе-тең ұстаған жөн секілді.
- Елімізде жетігенге арнайы күй жазатын авторлар бар ма?
- Өкінішке қарай жоқтың қасы. Кейбір туындыларды жетігенге салып орындайын десең қисынын таппай әлекке түсесің. Себебі олар фортепиано секілді аспаптарға лайықталған. Ал композиторларға арнайы жаздырайын десең олар орындаушы болуы шарт. Себебі жетігенге шығарма жазу үшін оның қыр-сырын меңгеруі керек. Сол үшін шамамның келгенінше композицияларды өзім жазып жатырмын.
- Қанша жетігенің бар?
- Үшеу. Біріншісін шәкірттерге дәріс беру үшін қолдансам, қалған екеуін дыбыс жазуға және орындауға алғанмын. Айта кетерлігі аспап өте қымбат және оны жасайтын шеберлер де аз. Өзім балаларға дәріс беремін. Кейде ата-аналардың аспапты сатып алуға қалталары көтермей жатады. Жетігеншілердің тағы бір проблемасы ол ауыр аспапты алып жүрудің қиындығы. Кейде көмекші табылмай концерттерге бара алмай қалған кездерім де болған.
- Шығармашылығыңды бұдан әрі қарай қалай дамытқың келеді?
- Балаларға арнайы сабақ беретін кішігірім болса да студия ашқым келеді. Ұлттық аспаптардан құралған ансамбль ашу да жоспарда бар. Арманым ұлттық музыка өнерін халықаралық деңгейге көтеріп, шетелдік, отандық кинокомпаниялармен бірлесе жұмыс істеп, саунтрек жазу.
Сұхбаттасқан: Айнұр Асанқызы,
Мұрағаттан, 2016 ж