Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
Ұлту Қабаева, әнші
Балғын балалық шақты еске алсам сол күндерге қайта оралғым келеді. Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылында кіндік қаным тамды. Әр есімнің өзіндік сыры болады дегендей менің есімімді артымнан ұл бала жалғассын деп әжем ырымдап қойған екен. Өйткені менен үлкен екі әпкем болды. Көптің тілеуі қабыл болып менен кейін өмірге ұл дүниге келіпті. Өкінішке қарай шетінеп кеткен. Осылайша үйдің кенжесі болып қала бердім. Алғаш рет мектеп табалдырығын аттау бала үшін де, ата-ана үшін маңызды сәт. Мен ауылдағы мектепке 1974 жылы қабылдандым. Бастауыш сыныпта «р» әріпіне тілім келмейтін. «Р» әрпі бар сөздер кездесе қалса оқымай аттап кетемін. Менің бұл кемшілігімді Пәнзат апайым сезіп қойды ма қайдам, сабақ үстінде тура сол әріпті өтіп жатқанда, «Ұлту, тақтаға шыға қой» деді. Үстімнен біреу тура сұп-суық су құйып жібергендей болды. Өзімше қобалжығанымды білдірмей аяғымды алшаң басым келемін. Тақтада ілулі тұрған ракетаның суретін көріп жүрегім одан сайын лүпілдей түсті. Мұғалім бетіме қарап «мынау не?» деді. Аузыма құм құйылғандай менде үн жоқ. Қазір айта алмай қалсам апай төмен баға қояды деп бар күшімді жинадым да «р-р-р-р-ракета» деп айғайлап жібердім. Ол сөзді қалай айтқанымды өзім де байқамай қалдым. Егер сол күні апайым мені тақтаға шығармағанда кім біледі «сақау қыз» атанып кетер ме едім?! Мектепте математика, алгебра пәндерін ұнатпайтынмын. Керісінше әдебиетті сүйдім. Түн көрпесін жамылып, үйдегілер ұйқыға кеткенде кітап оқып жататынмын. Кейде әкем түнде сыртқа шығу үшін оянып кететін. Сонда менің кітапқа қарап шұқшиып отырғанымды көріп «қызым, әлі жатпағансың ба?» деп таңқалатын. Бердібек Соқпақбаев ағамыздың «Менің атым Қожа» әңгімесі ең алғаш оқыған кітабым болғасын ба, ыстық көрінеді.
Құрбылармен бос уақытта қызыл жалау, қуаласпақ, тоғыз қалбыр деген ойындарды көп ойнадық. Әсіресе жүгіргенді жақсы көрдім. Шаң басқан көшенің бойымен жүгіргенде маған ешкім ілесе алмайтын. Қыз баласы болғасын ойынның соңына түсіп кеткен жарамайды, әрине. Біздің үйдің тәртібі бойынша таңертең ұйқыдан тұрып алдымен есіктің алдын сыпыратынбыз. Онша-мұнша үйдің тірлігін жасап, айналаны тазартамыз. Содан кейін ғана таңғы тамағымызды ішеміз. Анама жәрдемші болып жүретінмін. Бірде, төртінші сыныпта ғой деймін, анам үйде болмай қалды. Сонда бірінші уайымдағаным сиыр болды. Өйткені оны күн сайын сауу қажет. Үлкендердің жоқтығын пайдаланып, өзімше үлкен іс тындырып қояйын деп ойладым. Жуас сиырымыздың жанына келдім де, отыра кеттім. Енді саууға кіріскелі жатыр едім, сиыр бұрылды да мені бір тепті. Орындықтан ұшып түскенде қолымдағы шелегім басыма киіліп қалды. Сөйтсем теріс отырыппын. Қайдан білейін, баламын ғой әлі. Пысықсынамын деп, сиырдан таяқ жеген соң оған қайтып жоламайтын болдым.
Негізінен әншілік өнер анамнан дарыған. Ол кісі әнді сызылтып, жақсы айтатын. Әлі есімде төртінші сынып оқып жүргенімде Роза Рымбаева «Әлия» әнімен шықты. Сол «Әлия» мені әнші қыз атандырды. Мектептегі іс-шараларда ән айтып, соғысқа қатысқан аталарымызға концерт қойып беруші едік. Ал қазіргі теледидар, компьютерден көз алмайтын балаларды аяймын.
Мұрағаттан, 2016 ж