Құдайберген Ержан: «Рогатка» атудың мергені болдым

Oinet.kz 10-08-2019 1174

Screenshot_19.jpg

Құдайберген Ержан, Мәжіліс депутаты

Өзбекстан Республикасы Жызақ облысы Октябрь ауданындағы  Тимирязев атындағы совхоз менің кіндік қаным тамған жер. Шұрайлы жер кезінде дархан қазақтың иелігінде еді. Кейіннен келте ойланған саяси келісімдердің салдарынан өзбек ағайындардың шекарасы аумағында қалып қойды. Осы бір кішкене ауылда қазақ, өзбек, татар, иран, болгар, кәріс, орыс балалары бірге өстік. Интернационалды ауыл тұрғындарының  арасындағы бірлік, достық, ынтымақ мықты болатын. Пәленшенің үйі киіз басып жатыр екен десе анамыздан бастап бала-шағаның бәрі сол үйге жиналады. Алдымен әйелдер қауымы киіз басу қамына кіріседі. Біздер арасында барып кел, шауып келге жарап жүреміз. Бірақ балалар асарға жұмыс істеу үшін емес, іс біткен соң жайылатын дастарханға қызығып баратын. Өзгенің асы дәмді болып тұра ма, әйтеуір, көпшілікпен таласып-тармасып тамақ ішіп, қалтамызға тәттілерден толтырып алатынбыз. Ауылдағы асар  осы көрінісімен қызық. 

Халық арасында мынау менікі, сенікі деген болмапты. Әлі есімде әкем су жаңа велосипед әкеліп берген. «Құдайбергеннің шайтанарбасы» деген аты болмаса бүкіл ауыл ауыл мініп алатын. Сонда да менде қызғаныш сезімі болмапты. Дегенмен балалар арасында онма-мұнша төбелестер де болып тұрады. Әсіресе, мектептен қайтқанда әр үйдің еркесі «өнерін» көрсетіп, жаға жыртысып қалушы едік. Кішкентай кезімде өте сезімтал болдым ба қайдам, мектепте бұзықтар қыздарға тиіссе жаным шығып кететін. Қыздардың «кесірінен» талай баланың тұмсығын бұзып, бетін көгерттім. Сонда бір баланы қаттырақ ұрып жіберген болуым керек, үйге анасын ертіп жетіп келіпті. Әлгінің анасы менің шешеме «сенің балаң бұзық,  ұлымды ұрып тастапты, неге қадағаламайсың?» деп безек қаққаны бар. Сонда анам «ұлым, тыныш жүр. Әкеңнің милиция қызметкері  екенін білесің. Ертеңгі күні көше бұзақыларына әкең  «мұның дұрыс емес деп ақыл айтса, олар «алдымен өз ұлыңды тәрбиелеп ал» десе, ұят емес пе?  Отбасымыздың абыройына сөз келтірме» деп ақылын айтты. Анамның бір ауыз сөзіне бола төбелесті қойып кеттім. Құрдастармен ерегесіп қалған жағдайда «мен бірінші ұрмауым керек» деген қағидамен жүрдім. Егер мені ұра қалса «таяқ жеп» тұра бердім. Кейіннен бір ыңғайы келгенде олардан ақымды алып жүрдім.  

Біздің сүйікті ойынымыз рогатка ату мен асық болатын. Доп, ләңгі  тебуді де ұнаттық. Ауыл арасында «рогатка атудың мергені» деген атағым болды. Бір үйдің жалғыз баласымын. Үш әпкем, үш қарындасым бар. Одан бөлек шаңырағымызда туыстарымыздың бала-шағасы тәрбиеленді. Әжеміз жетім қалған балаларды көшеге қаңғыртпай бауырына басқан.

Қызуқанды, жұдырық сермегіш болсам да сабағымды жақсы оқыдым. Төртінші сыныпта мені үлгілі оқушы ретінде «Артек» лагеріне жіберді. Бұл 1972 жылы болатын. Халықаралық лагерге ол заманда екінің бірі бара бермейтін. Сол орта менің болмысымды қатты өзгертті. Лагерде өзімді кәдімгідей ержетіп қалған азамат ретінде сезіндім. Онда балалар шетелдің түпкір-түпкірінен келетін. Оларға үлгі ретінде КСРО тұрғыны ретінде біз тәртіпті болуымыз керек еді. Себебі сол заманда идеология мықты болатын. Оқушыларды октябрять, комсомолға өткізу арқылы патриот болуға баулып отырды. Қызықты жаз мезгілі аяқталып, лагерден оралған соң  рогатка атуды да, асықты да,  төбелесті де қойып кеттім. Кейіннен пионер ұйымының төрағасы, сосын комсомолға өттім.

Мен және менің құрдастарым өз заманымыздың патриоты болған екенбіз. Өйткені «темір саясаттың» тәртібі солай болды. Қазіргі егеменді елдің жастарына да Қазақстанның патриоты болсын деген тілек білдіремін. 

Дайындаған Айнұр Асанқызы, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Баян Алагөзова: «Еркектерді жақсы көрем, бірақ, олардың алдында жығылмаймын»
Ұлту Қабаева: «Сиыр сауамын деп «таяқ жедім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу