Ақмарал Ноғайбаева, дәстүрлі әнші: «Тойдан әкелетін «тобықтайды» түн ортасына дейін күтетін»
Адамның дүние есігін ашқан сәттен бастап әр жылы, әр кезеңі ол үшін тарих болып қала бермек. Сол өмір парақшаларында студенттік жылдардың орны қашан да бөлек. Менің де парақшама жазылған сол бір студенттік кезеңнің қызықтарын, сағышыштарын қалай ұмытарсың? Мен 1991-95 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Гуманитарлық университетінің "Музыка" факультетіндегі сол тұста жаңадан ашылған "Халық әні" кафедрасында оқыдым.
Жоғары оқу орнына түсер алдында мектепті бітіргенім туралы басты құжат--аттестатымды жоғалтуым бір қызық болған. Емтихан тапсыратын уақытым жақындап қалды. Ал мен аттестатты іздеумен біраз жүйкемді жұқартып, күшімді сарп еттім. Абырой болғанда емтиханға санаулы күндер қалғанда әлгі құрғыр құжаттың табыла кеткені. Оны көргенде жерден жеті қоян тапқандай қуандым-ау. Бұлай қуануымның өзіндік себебі бар еді. Мектеп бітірген жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің музыка факультетіне түсе алмай, бір жыл бойы өзім білім алған алтын ұяда музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Мектепті кеше ғана бітірген қыз қалайша мұғалім болып кетті деп таңырқап тұрған шығарсыздар. Негізінде музыка мектебінің аккардеон класында оқып жүріп, мектепішілік мәдени кештерде ән айтатынмын. 11сыныпта оқып жүргенде-ақ ән сабағынан дәріс беруге мектеп басшылығы тарапынан ұсыныс түскен. Мен бірақ келіспедім. Оқуға түсе алмай келген соң, ұсынысты қабылдауыма тура келді. Әуелі бастауыш сыныпқа, сонан соң жоғары сыныптарға дәріс бердім. Сол уақытта музыка маманы тапшы болатын.
Біз оқыған кафедра жаңадан ашылуына байланысты, ондағы студенттерге эксперимент жасалды деп айтсам болады. Себебі кафедраның дәріс оқыту тәсілі Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы мен Қызылорда Педагогикалық университетінің білім беру бағдарламасын өзара үйлестіріп бір ізге түсрігенше осы кезеңнен өтуге тура келді. Тиісінше консерватория бітірген жас мамандардан да дәріс алдық. Педагогикалық бағытта да гуманитарлық пәндер өте көп болды.
Оқуымыз аса қиын болды деп айта алмаймын. Бірақ философия пәнін жек көрдім. Себебі ұстазымыз Бермаханов өте қатал болды. Қанша оқып, тырысып келсек те үштен басқа бағаны қоймайтын. Группаның барлығы сол кісінің сабағынан үш алатын. Әрине ол баға кейіннен дипломға түсті. Біздер мұғалімге ызамыз келіп, біздің не жазығымыз бар деп кеийтінбіз. Кейін білдік, сөйтсек, сол уақытта кафедраның ашылып, дәстүрлі ән бағытында талантты балалардың жоғары білім алуына, оның белгілі бір мамандық ретінде қалыптасуына қарсылық танытқандардың бірі осы кісі болған екен.
Студент атанған соң жатақхана өмірін көргенге не жетсін. Иә, иә мен де жатақханада жаттым. Кейбір жоғары оқу орындарында төменгі курс пен жоғары курстың студенттері бір-бірімен қырық пышақ болып жатады ғой. Керісінше, олар бізге қамқор болатын. Жатақханада алғаш өзімнен бір курс жоғары оқитын Назгүл, Мираш деген қыздармен бір бөлмеде тұрдық. Көп ұзамай өз группаластарымызбен бөлініп шықтық. Бірақ,екі бөлменің қыздары тату тәтті қызыққа толы студенттік шақта бірге болдық. Бірінші курсқа түскендердің дауысын естиміз деп, жоғарғы курстың ұл-қыздары бөлмемізге арнайы келетін. Біз де олардың тілін тауып, қай мұғалімнің қандай сыры барын сұрап алушы едік. Жатақхананың одан басқа қызықтары көп қой. Біз студент атанған жылдар өте қиын кезең болатын, яғни Кеңес үкіметі құлап, тоқыраудың басталған кезі. Дүкенде зат жоқ. Теңгенің енді шыққан кезі. Ел есеңгіреп қалған. Жұрттар ескі затын көшенің бойында тұрып сатуға дейін барды. Есімде, қала бойынша нан сататын жалғыз дүкен болды. «Спутник» деген...Оған нан алуға бүкіл қала тұрғындары таң атпай келіп кезекке тұратын. Ал студенттерде нан алуға үміт те, ақша да болмайтын. Бірақ қол қусырып, аш отыруға тағы болмайды. Сол үшін жатақханамыздың 5 қабатында дене шынықтыру факультетінің студенттері тұратын. Олардың мінезі, дене бітімдерінің қандай екені айтпай-ақ түсінікті...Нан алуға сол жігіттерді жіберіп, ас атасына қол жеткізіп жүрдік.
Өнер саласында оқитын студенттердің бір артықшылығы оқып жүріп жыртықтарын жамауға шамалары келетін. Мен де университеттегі мәдени шараларда ән салдым. Аракідік тойға шыққанда бөлмедегі қыздар қолда бар сәнді киімнің барлығын кигізіп жіберетін. Сосын түннің қай уағында келсем де ұйықтамай күтіп отырады. Тойда нендей қызықтардың болғанын білу үшін ұйқылары келмейді-ау деймін. Оның үстіне той иелері студент екенімізді білгесін тәттілердің барлығын салып жібереді. Сол тәттілерді тойдан тобықтай деп вахтада отырған «кестапа» кемпірден бастап көрші бөлмеге дейін таратып шығасың. Жатақханадағы студенттердің бір-біріне деген сыйластықтарын, жанашырлық пен бауырмалдылықты осыдан-ақ байқауға болатын шығар.
Мұрағаттан, 2015 ж