Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Төрінен көрі жақын адамдар өткен-кеткенді айтып, кейде өздерінен кішілерге ақыл айтып жатады. Көпшілік арасында, жиындарда ру жайлы сөз қозғай қалсаң жас буындар «осы шалдар тарихты, қайдағы бір тайпаны айтып қоймайды екен. Менің сүйегі шіріп кеткен ата-бабамда не жұмысы бар?» деп айтқан сөздерін өз басым талай рет естідім. Сондағы жазығымыз «балам қай елсің, руың кім?» деп сұрағанымыз. Мейлі жастарға өкпелеуге болмас, бүгінгі заманның тәрбиесі солай болып тұр ғой. Менің қынжылатыным көзі ашық, көкірегі ояу жігіттердің, отызға, қырыққа таяғандардың қарияларды ұғына бермеуі. Яғни, «руың кім?» дей қалсаң «ақсақал рушылдыққа бөлінгенді қашан қоясыздар? Руды, ата-бабамыздың атын білгеннен не өзгереді, қазір жеті ата түгілі туған-туысының аты-жөндерін білмейтіндер бар. Ол да дұрыс шығар.Себебі адам жастайынан өзімен-өзі болып, дербес өмір сүруге үйрену керек» дейді. Жеті атасын білмей, ағайыншылықты білмей, дербес өмір сүргені құрысын. Қай қазақтың баласы жеті атасын білмей өскен еді. Мәселе рушылдықта емес, бәріміздің де қазақ екеніміз рас. Ешкімді алалап, бөлектеу ойымда жоқ. Мұны қазақшалап айтқанда жөн сұрасу дейді. Халқымыздың «о, текті елдің баласы екенсің ғой, елдеріңде ана адам бар ма, мына адамнан ұрпақ қалды ма, пәленшені танушы едім» деген сыңайлы әңгіменің сыйқына не жетсін шіркін. Әке-шешесі жеті атасының кім екенін, тіпті руының кім екенін айтпаған соң, мұндай диалогтардың аясы тарылып бара жатқанын сеземін. Жеті атасын былай қойғанда руының кім екенін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Қазақ «Жеті атасын білмеген ұл жетесіз» деген қанатты сөз тектен текке айтылмаған. Жеті атасын білу дегеніміз – ұрпақтың бойындағы генетикалық жады. Ал, жадысы жоғалған ұрпақ қайтеді: азады, тозады, тексізденеді, имани қуаты әлсірейді, осындай күйге түскен соң кәпір мен мұсылманның, ақ пен қараның, жаман мен жақсының арасын ажырата алмайтын делқұлы күйге ұшырайды.
Соңғы жылдары әлем ғалымдары қаны ең таза халық--қазақ деген тұжырымға келіп отыр. Генетиктердің пайымынша жеті ұрпаққа дейін ақуыз жасаушы амино қышқылдардың сәйкестігі дәл келеді екен. Соның салдарынан адамның жетінші ұрпағына дейін тұқым қуалаушылық сақталады. Демек, жеті атаға жетпей некелессе, адам генетикасындағы хромосомалар санының, құрамының қалыпты жағдайдан өзгеруіне және белгілі бір гендердің мутациясына байланысты адам ауруға душар болады. Қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі осындай тектілік пен дені сау ұрпақ өсірумізіге себеп болып отыр.
Ал болашақта аталарының кім екенін білмеген мәңгүрт ұрпағымыз өз атасының қызына көз салмайтынына кім кепіл бола алады? Жеті атасын білу тек өз абыройы, отбасы құндылығы ғана емес, ұлттың болашағына ықпал ететін қозғаушы күш. Сондықтан әрбір ата-ана ұлы мен қызына тәлімді тәрбиесімен бірге жеті атасын білуді де үйреткені жөн.
Төлтебай Жорабеков,
Жамбыл облысы
Дерек пен дәйек: Жеті атаның биологиялық ғылыми негізі бойынша (әке мен шешенің қан тегі ортақ, тең бөлінген жағдайда) әке қаны балаға 50 пайыз, немереге — 25, шөбереге —12,5, шөпшекке — 6,25, неменеге — 3,125, туажатқа —1,56, жүрежатқа — 0,78 пайыз дариды.