Уолт Дисней әлемі

Oinet.kz 22-04-2019 1475

Screenshot_39.jpg

          Анимация саласы – киноөндірістің ең қызықты да, азапты саласы. Оның жолына тек нағыз таланттылар мен осы өнерге шын ғашық жандар ғана түсе алады. Сондай таланттының бірі, өз ісіне шынайы берілген, ғасырда бір туатын тұлға Уолт Дисней. Иә, бұл есімді естігенде езуіңізге күлкі үйіріліп, жаныңыз жадырап қала берді ме? Ол заңды да. Себебі құлағы қалқиған Микки Маус, аузы үрпиген Дональд Дак пен талай персонажды дүниеге әкелген Уолттың арманы да осы еді--балалар мен адамдарға кейіпкерлері арқылы қуаныш сыйлау. 

           Бүгінде жасы да, кәрісі де мультфильмнің атасына айналған атақты Уолт Дисней компаниясын біледі. Алайда осы алып ертегілер әлемінің қалай құрылғанын, оны жасау жолында Диснейдің қандай құрбандықтарға барғанын біле бермейміз. 

           Болашақ мультипликатор Чикагода көпбалалы отбасыда дүниеге келді. Әкесі балаларын асырау үшін түрлі ұсақ бизнестермен айналысып жүрді. Алайда ылғи да жолы болмайтын. Сондықтан болар оның мінезі күн сайын қатқылдана берді. Кішкентай Уолт болса әкесінің «таяғын жеген» күні анасы мен үлкен ағасынан пана іздеді. Бауырына тығылған анасы баласын жұбату үшін қиялынан түрлі  ертегілерді құрастырып, Уолтты ғажайыптар әлеміне жетелеуші еді. Міне, әлем балаларын аузына қаратқан оның алғашқы арман мұраттары осы сәттен бастау алды.  Уолт 5-ке толған кезде отбасы Миссури штатына қоныс аударады. Ол бұл өңірде өзін біршама еркін сезінді. Үй шаруаларымен айналысып, төрт-түлік малға қарайлады. Әлгі  үй жануарларының кейіннен өз туындыларында «қайта тірілетінін» ол сол сәтте әсте сезбеген болар. Бала Уолт үй шаруасын атқарып жүріп сурет салуға қабілетінің ерекше екенін байқайды. Алайда бұл қызығушылығын әкесі құптамады. Дисней өзінің  естеліктерінде әкесінің сол себепті бірде-бір рет қағаз, қарындаш сатып әпермегенін айтады. Дегенмен, талапты бала мұның да жолын тапты. Қағаз бен қалам бұйырмаса да ол таяқтың көмегімен суретті смоламен салды. Бірде оның салған сәйгүлігін көршісі 25 центке сатып алады. Бұл сауда Уолттың суретші боламын деген арманын одан сайын ұштап жіберді. Күндіз әкесінің фермасында еңбек етсе, кешкісін қиялындағы кейіпкерлерді салумен уақыт оздырды. 1917 жылы Дисней отбасы Чикагоға қайта оралады. Әкесіне біраз қолғабыс еткен ол Бірінші дүние жүзілік соғыстың өрті тұтанып тұрған Еуропа жеріне кетеді. Мұнда,  Францияда  «Қызыл крест» ұйымына тиесілі санитарлық көліктің жүргізушісі болып жұмыс істеді. Кейіннен Америкаға қайта келіп жергілікті басылымдардың бірінде карикатурашы, араға жылдар салып жарнама студиясында суретші болып жүрді. Есейген Уолттың бұл кездегі бар арманы анимациялық фильмдер түсіретін киностудия ашып алу еді.    Арман қуып Голливудқа жас аниматордың қолында бірнеше суреттері мен қалтасында небәрі 40 доллары  ғана болды.  

Disney02.jpg    

             Оның алға қойған мақсатына деген алғашқы қадамы 20-шы жылдары жасалды. Әріптесі Або Айверскиймен бірігіп 'Laugh-O-Gram' атты анимациялық студия ашады. Әрине оны студия деп атауға болмас. Себебі алақандай бөлмеде олардың бірнеше қарапайым жабдықтары болды. Тіпті, жас киноматографтардың қалталарында көк тиын да жоқ еді. Або мен Уолттың алғашқы туындылары  «Қызыл телпек» сәтсіз шыққан соң олар берешек адамдарынан құтылу үшін қаладан кетуге мәжбүр болды. 

              Жолы болмаған суретші Лос-Анджелестегі ағасының үйіне барады. Кезінде ертегімен еліткен ағасы Уолттың идеяларын қолдап, қаржылай көмек береді. Нәтижесінде бүкіл әлем мойындаған 'The Walt Disney Company' атты киноимперияның негізі қаланады. Ағалы-інілі фильмдермен аянбай жұмыс істесе, Айверкс бас суретші болады. Небәрі үш адамнан құралған компания алғашқы жылдары-ақ  жемісін бере бастады. 1924 жылы Диснейдің «Алисаның теңіздегі бір күні» атты мультфильмі  кішкентай балақайларға жол тартты.  Араға бір жыл салып мультипликатор компанияға хатшылыққа қызметке келген Лиллиан Боундспен көңіл жарастырып, отау құрды. Студияның туындылары өтімді болғанымен түскен қаражат компанияның тек қарыздарын жамауға ғана жетіп отырды. Он жылдай уақыт артық табыс көрмеген студия жабылудың шақ алдында тұрды. Тек Диснейдің табандылығының және анимацияға деген ынтықтығының арқасында ғана «Уолт Дисней компани» балаларға қуаныш сыйлай алды. Осындай қиын сәттерде Лиллиан күйеуін әрдайым қолдап отырды. Ол  Диснейдің табыстарға жетуінің кілті болды десек те болады.

              Бірте-бірте компания етек-жеңін жинап, Америкадағы белді студиялардың біріне айналды. Көп ұзамай Уолт Диснейдің атақты «Микки Маусы» дүние жүзін жаулап алады. «Микки Маус менің ойыма аяқ астынан келген кейіпкер емес. Қуыстай бөлмені жалдап отырғанда ары-бері жүгіріп жүрген тышқандарды көп көруші едім. Сонда оны мультик әлеміне жетелегім келген. Алайда ол кезде Миккиді жасауға қаражатым да, техникалық жабдықтарым да жеткіліксіз болды. Бірақ күндердің күнінде мен оны жарыққа шығаратыныма сенімді едім»,- дейді бір сөзінде режиссер. Микки Маус Уолтқа таудай атақ әпергенімен қатты шығынға батырды. Бірақ автордың  бұған тиіттей де көңілі құлазымады. Өйткені Диснейдің карьерасында атағы жер жарған мультфильмдерінің көбісі оны банкротқа ұшыратқан. Бұл жағдайды ол мына сөзімен түсіндіреді: «Мен мультфильмді ақша табу үшін жасамаймын, ақшаны мультфильм жасау үшін табамын» дейді. Дәл осындай қиындықпен түсірілген «Белоснежка и семь гномов» туындысы Оскар сыйлығын жеңіп алған болатын. Бас аяғы 200 жарқын кейіпкерді экранға шығарған Дисней Оскармен 29 рет марапатталыпты.     

waltforbio_3.jpg

                 Бәрі де Уолт қалағандай жүріп жатты. Компаниядан шыққан туындылар үлкен сұранысқа ие болып, Диснейдің атағы асқақтай берді. Алайда Уолтқа көкейінде жүрген тағы бір арманы маза бермеді. Ол әйгілі балаларға арналған бірегей «Диснейленд» кешенін құру еді. Мультфильмнің шебері өз ойын алдымен ағасына айтады. Мұны ағасы жас баланың тірлігіне балап, күлкіге айналдырды, ал сарапшылар ойын алаңының ешқандай пайда әкелмейтінін, бос әурешілік екенін айтудан жаңылмады. Қиялындағы ертегілер әлемін шындыққа айналдырудың мүмкін екеніне  Уолттың ғана көзі жетті. Сөйтіп ата-аналар балаларымен бірге қыдырып, түрлі ойындар ойнап, көңіл көтеретін кешеннің құрылысын бастау үшін үйін сатады. Алайда қаражат «Диснейлендтің» тек сызба жұмыстарына ғана жетті. Шегінуді ойламаған ол ақыры «АБС» телеарнасымен келісім-шартқа отырады. Яғни Уолт Дисней арнаға өз туындыларын көрсетуге рұқсатын береді, ал екінші жақ қаржылай көмек берді. Осылайша әлемдегі ең алғашқы үлкен «Диснейленд» ойын алаңы   1955 жылы Анахаймеде ашылады. «Бала күнімде көшенің бойында бір бай-бағланның өте үлкен, биік үйі болатын. Оның ішінде әсем бақ, неше түрлі ойын алаңдары, қызықты мүсіндер болатын. Алайда ешбір бала биік қоршаудан асып өте алмайтын. Менің де арманым оны көзбен бір көру еді. Қанша рет талпынып көргеніммен мен ішке кіре алмадым. Бірде мен қатты ашуланып есейгенде осындай зәулім сарайды өз қолыммен тұрғызып аламын және оның есігі әрдайым ашық тұрады деп өз-өзіме уәде берген едім. Мен уәдемді қырық жылдан кейін орындадым»,- деп еске алады ол. 

          Бар баланы бірдей көріп, жан-тәнімен сүйген Уолт бір қызығы өз перзентінің болғанын қаламапты.  Уолт пен жарының  арасында бірнеше жыл перзент болмады. Екі рет шаранасын түсіріп алған Лиллиан күйеуіне тұяқ сыйлай алмадым деп өз-өзін іштей мүжумен болды. Мұрагерім болса деген арманмен Уолттың да жылдары өтіп жатты. Әйелі үшінші рет бала көтергенде «барша балақайдың әкесі» атанған Диснейдің аяқ астынан перзентке, келіншегіне деген махаббаты су сепкендей басылады. Ол анасына жазған хатында былай дейді: «Лиллианның аяғы ауыр. Біздің қызымыз болады. Бір бөлмені қызғылт, көкшіл түске бояп, ойыншықтарға толтырып қойдық. Бірақ мұның бәрін қаламаймын. Менен әлемдегі ең нашар әке шығатын шығар». Көп ұзамай дүние есігін Дайана есімді періште ашады. Сонда да әкенің жүрегі жіби қоймады. Өйткені бұл уақытта хас талант иесінің  Голливудтың атақты жұлдызы Долорес дель Риомен ашыналас болып жүргенін ел көріп-біліп жүр еді. Сөйте тұра ешкім мұның бұл қылығын бетіне баспады. Себебі ол бүкіл әлемге керемет балалар әлемін тарту етті.  

Screenshot_40.jpg

           Қайталанбас мультфильмдер авторының ойында жүрген жоспарлары тым көп-ақ еді. Бірақ оларды жүзеге асыру оның маңдайына жазылмапты. Атақты аниматор 1966 жылы өкпе рагынан қайтыс болады. Дисней ішімдік пен шылымға қатты құмар болған деседі. Әкесінің өлімінен кейін компания жұмысын өз қолына алған қызы өз туындыларында ешқашан темекіні көрсетпеймін деп шешім қабылдады. 

           Уолт Диснейдің есімін миллиардттаған жұрт білгенімен ол ешқашан атаққа, байлыққа құмар болмады. Оның «материалдық кірісті ойламасаң ғана үлкен жетістіктерге жетуге болады» деген сөзі бүгінде көптеген адамдардың ұранына айналды.  Уолттың басты жетістігі ертегі әлемін шынайылыққа айналдыруға болатынын дәлелдеп кеткені шығар, бәлкім.      

          




Цветаеваның азапта өткен ғұмыры
Гандидің өмірінің соңғы күні
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу