Гандидің өмірінің соңғы күні

Oinet.kz 22-04-2019 1059

1948 жыл, 30 қаңтар, жұма. Сағат таңғы 3-30. Ол өзінің соңғы күнін қарсы алу үшін ерте оянды. Оның соңғы күні әдеттегідей қарбалас тірлікпен өтті. Ол үй ішіндегі өзге де  адамдарды оятып, соңынан барлығы дұға оқыды.  Одан кейін Коституцияға енгізетін жаңа жобаларын түзетіп шықты. Ол ешқашан асты тойып ішкен емес. Сол әдетінен бүгінде танбай лимон және бал қосылған бір кесе ыстық су ішті.   Көп күндік аштықтан кейін оның тамағы ауырып, қатты жөтеліп  қалған еді. Ем үшін қалампыр қосылған пальма ұнтағын ішуші еді. Соны ішуге ыңғайланып еді, дәрі таусылып қалыпты.  

_5_GSOEdAe.jpg

Кешкі мезгілде ішу үшін қызметшісі Ману жедел дәрі дайындауға кіріскенде ол «Қазір емес, кешке дейін аман боламыз ба, жоқ па бір Құдай біледі. Алдымен кеш түссін, сол кезде-ақ дайындап үлгерерсің» деді ол салмақты үнмен. Ұйқыдан оянғаннан кейін қайта ұйықтауды ешқашан құп көрмейтін. Бұл жолы өзінің қатты шаршағанын сезіп, мызғып алуды жөн көрді. Бірақ екі сағаттан артық ұйықтамады. Сосын келісіп қойған бірқатар лауазымды кісілермен кездесіп, әлдебір мәселелерді талқылады. Сөйтіп жүргенде сағат  5 болды. Кешкі дұға оқитын уақты жетті. Әдетте ол дұға оқып, құлшылық етуге бірде-бір рет кешіккен емес және кешіккенді мүлдем ұнатпайтын. Қалта сағатын ұмытып кеткендіктен, өмірінде бірінші рет құлшылыққа кешігіп келді. Бұл ісіне өзі де қысылып келе жатқандай.  Шіркеуге жиналған адамның қарасы көп екен. Ол адымдап басып, екі алақанын теңестіріп, көпшілікке сәлем берді. Осы сәтте қалың жұрттың арасынан біреу шығып,  оның жанына барып, үнділерше аяғына жығылып, сәлем берді. Жұрт оған құрмет білдіріп, оның аяғын сүйгелі жатыр деп ойлады. Бірақ қас қағым сәтте әлгі кісі алдында тұрған адамға үш рет оқ жаудырды. Пистолеттің үні тыныш тұрған аспанды дүр сілкіндірді. Кеудесіне оқ тисе де оның екі алақаны бір-бірінен ажырамады және сол күйі жерге «Джей, Рам, Джей, Рам» (О,Құдай, О,Құдай) деп сыбырлап құлады. 

_4_hT7d6Iy.jpg

Әңгіме жәй адам туралы еместігін сезіп отырған боларсыздар. Бұл бүкіл үнді жұрты құрмет тұтқан, Үндістандағы мұсылмандар мен үнділерді бірліке шақырған ұлы тұлға Махатма Гандидің соңғы күні болатын. Махатманың атасы мен әкесі кезінде сол мемлекеттегі  жоғары қызметтің тұтқасын ұстаған кісілер болған. Ганди білімге құштарлығының арқасында   Еуропаға барып, түрлі кітаптарды оқып, әлем әдебиетімен танысады. Лондонда оқып жүріп, адвокат мамандығын алып шығады. Бірде оған білімді азамат ретінде Пробандаре қаласындағы ірі сауда үйі фирманың жұмыстарымен Оңтүстік Африкаға баруға ұсыныс жасайды.  Махатма бұл ұсынысқа келіседі. Оңтүстік Африкаға келген соң  ол сұмдық жағдайларға куә болады. Махатма іссапармен барған Наталь қаласында тұратын үнділердің жағдайлары аянышты еді. Билік оларға ешқандай еркіндік бермеген, көп жағдайға тыйым салып тастаған екен. Кез-келген нәрсеге салықтың мөлшерін көбейтіп жіберген, парктерге, қонақ үйлерге кіргізбейді, тіпті тратуар мен кешкі сағат тоғыздан кейін көшеге шығармайды екен. Осындай сорақылықты көрген Ганди шыдап тұра алмады. Дереу Наталь қаласынан отандастарының құқығын қорғайтын Үнді конгресін құрады.  Осы әрекетінен кейін оның аты бүкіл Африкаға, Үндістанға жайылады. Бұл оның халқының азат өмір сүруі үшін жасаған алғашқы ерлігі еді. 

Осылайша ол саясатқа араласа бастайды.  1899-1902 және 1906 жылғы ағылшын-зулус соғыстары кезінде М.Ганди сонда тұрып жатқан үнділерден ағылшындарға көмек көрсететін санитарлық жасақтар құрады. Бурлар мен зулустардың күресін әділ күрес деп есептегенімен, ол үнділердің ағылшындарға жәрдемі Үндістанға өзін өзі басқару құқығын беруге септігін тигізеді деп үміттенді. М.Ганди осы тәсілдің арқасында өз халқын ағылшындық отаршылдық езгіден аман сақтап қаламын деп те ойлады. Ол заманда үнді халқын аман сақтап қалудың бірден бір жолы осы тәсіл екені де даусыз еді.

07_zSQGeH5.jpg

1915 жылы қаңтарда Үндістанға қайтып оралғаннан кейін М.Ганди Үндістан ұлт-азаттық Конгресі партиясымен жақындасып, 1916 жылы оған мүше болып кіреді. 1917-1918 жылдардан бастап ол Ұлт-азаттық қозғалысында неғұрлым көрнекті қызметтер атқарады. Бұл тұста елде ағылшындарға қарсы бұқаралық қозғалыс кеңінен етек алған болатын. Сол жылдары М.Ганди өзі редакторы болған "Жас Үндістан" газеті мен жетісіне бір рет шығатын "Навадживан" журналы арқылы өз идеясын насихаттап отырды.

Алайда М.Ганди күресті қару күшімен емес, бейбіт жолмен жүргізуге тырысты, ұлы мақсат жолында қандай да бір күш қолдануға жан-тәнімен қарсы болды. Кейбір солшыл топтар оның бұл көзқарасын қолдамағанымен, тұтастай Үндістан халқы Махатма жағында еді. 1919-1948 жылдары Махатма Ганди Үндістан ұлт-азаттық Конгресі партиясының идеялық жетекшісі және беделді саяси басшысы, үл көсемі бола білді.

М.Гандидей ұлы тұлғаның арқасында Ұлттық халық Конгресі партиясы Үндістан халқының зор қолдауына ие болды. Үндістанның кемеңгер ақыны Рабиндранат Тагор қойған Махатма (Ұлы адам) деген құрметті атақ - М.Гандидің елі сүйген есіміне айналды.  Ағылшын отаршыларына қарсы күресте М.Ганди талай рет айдалып, неше қайтара сотталып, абақтыларға отырғызылды. Отаршылардың бұл әрекеті күрескер азаматты жасыта алмады, қайта шыңдай түсті. Ағылшындарға "Үндістаннан тайып тұрыңдар!" деп алғаш ұран тастаған да М.Ганди болатын. Бір қызығы ұлы тұлға 1946 жылғы үнді моряктарының көтерілісін айыптады. Себебі, М.Гандидің ойынша Үнді халқы тәуелсіздікке тек бейбіт жолмен жете алатынынына имандай сенуінде еді және өзі осы жолды мықтап ұстанды. Шын мәніндегі ұлт көсемі дәрежесіне көтерілген ол ұлы мұрат жолында титтей де солқылдақтық танытпады, таңдап алған жолына адал болды. Ағылшындардың құйтырқы саясатының нәтижесінде 1947 жылы Үндістан-Пәкістан болып екі мемлекетке бөлінген тұста да ол үнділер мен мұсылмандарды бірлікке шақырды. Өзара қырқысты тоқтату үшін қаншама  рет аштық жариялады. Осы аштықтың кесірінен оның денсаулығы тым нашарлап кетті. Ұлт көсемінің ағылшындықтардан бастап, өз ішінде де жаулары көп болды. Қайтыс боларынан 10 күн бұрын оған белгісіз біреулер оқ жаудырады. Бірақ бұл қауіптен аман қалады. Гандидің қарсылығына қарамай, қауіпсіздігі үшін оған мемлекеттен арнайы оққағарлар тағайындалады. Сонда Ганди былай дейді: «Егер маған ақымақтың оғынан өлу жазылса, мен оған қуана келісемін» дейді. Құдай сөзін аузына салды ма, әйтеуір 10 күннен кейін әңгіменің басында жазылғандай қастандықпен өлтіріледі. Кейін анықталғандай Гандиді атқан адам шовинвистік ұйымның мүшесі Годзе еді. Ол Гандиге үш рет оқ атқаннан кейін өз-өзін өлтірмек болады, бірақ оққағар оны тоқтатып, полицейлерге тапсырады. Қандықол қылмыскер және оның бірнеше сыбайластары темір торға қамалып, өлім жазасына кесіледі. 

Screenshot_41.jpg

Қастандықпен өлтірілген Гандиді бүкіл үнді жұрты жоқтап, ақтық сапарға шығарып салды. Оның туған халқына жасаған істері үнділердің саясат тарихында алтын әріптермен жазылып, миллиондаған адамдарға үлгі болды. Атақты француз жазушысы Ромен Роллан Гандидің өмірін, адамгершілік қасиетін ерекше бағалаған. Ганди туралы жазған кітабын мынадай сөздермен бастап, еске алады: «Көздері қара жайбарақат келген. Дене бітімі кішкентай ғана, бет әлпеті тым арық, ал құлақтары үлкен. Басында және үстінде   үнемі аппақ киім. Ол күрішті азық етіп, қара судан басқа ештеңе ішпейді. Қатты тақтайдың үстіне жатады, аз ұйықтап, дамылсыз жұмыс істейді. Бір қараған адам оның бойынан үлкен төзімділік пен махаббатты байқайды»,- дейді. Гандиді Француз жазушылары ғана емес, орыстың атақты жазушысы Л.Толстой да құрмет тұтқан. Ганди Лондонда оқып жүргенде Толстойдың шығармаларын оқып, ерекше әсер алады. Толстойдың шығармаларына әуес болатын. Кейіннен екеуі хат жазысып, рухани үндестік тапты. Толстой Гандиді «Үндістанның жүрегі» деп білді. 

Расында да ол  Үнді халқының Ұлы ұстазы мен рухы іспеттес еді. 

Уолт Дисней әлемі
Әбдіжаппар Әлқожа өзіне жазылған қандай пікірді оқығанда жылап қалғанын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу