Цветаеваның азапта өткен ғұмыры

Oinet.kz 22-04-2019 1001

Screenshot_37.jpg

Марина Цветаева - XX ғасырдағы орыстың атақты ақын қыздарының бірі. Оның ғұмыры кеңес өкіметінің шырғалаңы көп, аса ауыр кезеңіне тура келді. Қоғамдағы жайсыз жайлар Маринаның өміріне кері әсерін тигізбей қоймады. Ол бір қалада ұзақ тұрақтамай, үнемі көшіп-қонумен болды. Тұрмыс тауқыметін, азамат соғысының азабын да көп тартты. Бірақ, оның ойы мен қаламынан туындаған жырларына ешкім де, ешнәрсе де кедергі келтіре алмады.

Марина өлең жазуды алты жасында бастаған. Алғашқы жырларын орыс тілінде ғана емес, француз тілінде де керемет жаза білді. Оның тәрбиесіне анасы ерекше көңіл бөлді және ол қызының музыкант болғанын қалады. Маринаның балалық шағы Мәскеудегі Тарусада өтті. Анасының науқастығына байланысты оның отбасы біраз уақыт Германия, Италия, Швецарияда тұрды. 1906 жылы анасы қайтыс болған соң әпкесі Анастасиямен бірге әкелерінің қамқорлығында қалады. Осы кезден бастап ол түбегейлі шығармашылықпен айналыса бастайды. 

1910 жылы Марина Цветаева жиып-терген ақшасына «Вечерный альбом» атты алғашқы өлең жинағын басып шығарады. Осы кітаптан соң-ақ оның өлеңдері сол замандағы атағы жер жарған ақындар Валерий Брюсов, Максимельяна Волошин және Николай Гумилевтің назарын ерекше аудартып, жоғары бағаланды. Сөйтіп елге таныла бастады. Көп ұзамай Сергей Ефроновқа тұрмысқа шығып, Ариадна есімді қызды дүниеге әкеліп, ана атанады. Шығармашылығында да, өмірде де айы оңынан туады. Марина жүрген жерінде сый мен құрметке бөленді. Тіпті, 1916 жылы ол Александров қаласына әпкесінің үйіне қонаққа барғанын, кейіннен әдебиеттанушылар ол мезгілді «Марина Цветаеваның Александровтағы жазы» деп атап кетті. Әттең, дәурен баста мәңгі тұрсын ба?! 

_bio4.jpg

1917 жылы азаматтық соғыс басталады. Бұл жылдар Маринаға қатты соққы болды. Екінші қызына аяғы ауыр ақын жоқшылықтан дұрыстап тамақтана да алмады. Күйеуі ақгвардияшылардың құрамында қызмет етті. Ал Марина болса Мәскеуде тұрды. Кенже қызы Ирина үшке толғанда аштықтан көз жұмды. Соғыста жүрген күйеуінен де бір хабар болмады. Төрт жыл дегенде Марина Сергеймен шекарада жолығуға әрең рұқсат алады. Маринаның отбасын большевиктер қуғын-сүргінге ұшыратып, ол үлкен қызымен Берлинде, кейін үш жылдай Прагада өлместің күнін кешті. Сөйтіп жүріп «Поэма Горы», «Поэма Конца» секілді шығармаларын жазады. Шекарадан қайтқан күйеуі көп ұзамай отбасына оралып, олар Парижге көшеді. Георгий есімді ұлдары дүниеге келеді. Бақытқа енді қолымыз жетті дегенде бір айналдырған қырсық тағы да шыр айналдырды. Сергейді “марксизм теориясын жақтаушы, Қазан төңкерісін ұйымдастырушылардың бірі Лев Седовқа қарсы құйтырқы әрекеттер жасады” деген айып тағылады. Маринамен қарым-қатынас жасаған адамдар да түрлі жазаға тартылды. Осы кездері ол жазушы Борис Пастернакпен хат жазысып, рухани үндестік табады. Қанша кедергілер болғанымен, олар түрлі тақырыптарда хат жазысып, жағдай сұрасқандарын тоқтатпады. Айдауда жүргенде оның біраз шығармалары басылмай қалады. Тұрмыстары қатты нашарлайды. Ол жайлы Марина өзінің естелігінде былай дейді: «Біздің таршылықта өмір сүріп жатқанымызды ешкім көз алдына елестете алмайды. Менің жалғыз табыс көзім – жазған өлеңдерімнен түскен болмашы ғана қаламақы. Күйеуім науқас, сондықтан жұмыс істей алмайды. Ал, менің қызым бас киім тігіп, тиын-тебен табады. Одан басқа менің кішкентай ұлым бар. Оның жасы сегізде. Біз төртеуміз тірнектеп табылған осы ақшаға өмір сүрудеміз. Басқаша айтқанда, аштықтан баяу деміміз үзіліп барады». 1937 жылы Ариадна отбасында бірінші болып туған жерге оралуға рұқсат алады. Осы жылдың 10 қазан күні күйеуі Сергей адам өлтіру қылмысына қатысы болған соң, Парижден қашып шығады. 1939 жылы Марина ұлы мен қызының және күйеуінің соңынан КСРО-ға қайтып, Болшева қаласында НКВД-ге қарасты мекенде тұрады. Кіндік қаны тамған жерге зарығып жеткенде Маринаның көрген қорлықтары еселене түсті. 27 тамызда қызы Ариадна, 10 қазан күні күйеуі Эфронов қамауға алынады. 1941 жылдың 16 қазанында Маринаның күйеуі Сергей атышулы Лубянкада атылады. Жазықсыз он бес жылға жуық қуғында болған Ариадна 1955 жылы ақталып шығады.

 Күйеуі мен қызының ауыр тағдырынан кейін Марина өлең жазуды тоқтатып, тек аудармамен айналысты. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде М.Цветаева ұлы екеуі параход арқылы күштеп қоныс аударылған өзге де адамдармен Елабугаға (Татарстан) көшіріледі. Онсыз да қайғыдан көз ашпаған Маринаға туған жердің ауасын жұту тағы да бұйырмады. 1941 жылдың 31 тамызында қорлық пен азаптан әбден қажыған ол өз-өзіне қол жұмсайды. Оның өлімін зерттеушілер мына бір жәйтқа қатты таңырқаған көрінеді. Татарстанға аттанарда Маринаға жақын досы Борис Пастернак заттарын жинауға көмектеседі. Пастернак шабаданның аузын жақсылап бекіту үшін арқан жіп әкеледі, оны байлап жатып, әзілдеп: «Мына жіп бәріне де шыдайды. Тіпті, асылсаң да» деген екен. Маринаның өліміне дәл сол жіп себеп болып шыққан. Әрине, бұл жәй ғана сәйкестік шығар. Бірақ, халық «жақсы сөз жарым ырыс» деп текке айтпаған болар, сірә. Өлерінің алдында ол үш хат жазып қалдырады. Оның бірін көршісі Асеевке арнайды. Хаттың түпнұсқасы тергеу барысында милиция қызметкерлерінің қолына тиіп, жоғалып кеткен. Ұлы Георгийге қалдырған екінші хатында Марина былай деп жазған: «Құлыным! Мені кешір, бұдан әріге шыдай алмадым. Мен қатты науқаспын және бұрынғы Марина емеспін. Әкеңді және әпкеңді көрсең оларды соңғы минутқа дейін жақсы көргендігімді айт, тығырыққа тірелгенімді түсіндір». Үшінші хат өзімен бірге эвакуацияланған достарына арналған. 

Көзі тірісінде туған еліне, халқына сыймай кеткен ақын Марина 2 қыркүйек күні Елабуга жеріне жерленеді. Православие дінінде өз-өзіне қол жұмсағандарға жаназа оқуға тыйым салынған. Бірақ, 1990 жылы патриарх ІІ Алексей Маринаға арнап дұға оқуға келісімін береді. Сөйтіп, жер басып жүргенде жақсылық көрмеген Маринаға 50 жылдан кейін барып христиан дәстүрімен жаназа оқылған. Қазір оның тұрған үйі мұражайға, есімі аңызға, өлеңдері өшпес мұраға айналды.

А.АСАНҚЫЗЫ

Жұлдыз неге қайыршы?
Уолт Дисней әлемі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу