Әбілда Аймақ: «Көкем депутат болды»

Oinet.kz 18-03-2019 1042

Screenshot_1.jpg

Күндердің күнінде біздің ауылдан да бір ағамыз сайлауға түсетін болды. Облыс әкімдігіндегі бұрынғы қызметімен, алты қарыс азуымен бүкіл өлкені қалтыратқан ағамыз Мәжіліске депутат болмаққа ниет етіпті. Анау-мынау емес Мәжіліске. Ағайындардың сөзімен айтқанда, атам заманынан бермен қарай біздің ағайындардан бір адам да мұндай атаққа ие болмапты. Арамыздан шыққан ағамыздың қасында жүрсін, сенімді өкілі болсын деп мені ауылға шақырды. Ағайындар арасындағы сөзі тәуір, жазу-сызуы бары десе керек. Көл-көсір дастарқан үстінде арамыздан шыға қалған ағамызды жер-көкке сиғызбай мақтап, жеті ата, жеті пұстысынан бермен қарай малы үзілмеген байдың тұқымы екендігін айтып, ақсақалдарымыз ұзақ-ұзақ бата беріп, бәтуласып тарадық. Қалай болғанда да ағайындарыңның қолқасын жерге тастап кету сатқындықпен бірдей деп көне қалдым. Өмірімде көрмеген құқайым аз ба, азар түбі соның бірі болар дедім.

Ертеңіне жолға шығып кеттік. Астымыздағы желге жеткізбейтін ағамыздың аппақ мәшинесімен жер түбіндегі Ұзақ ауданына демде жеттік. Келе салысымен әмпейбайлар мен жәмпейбайлар бізді бір кәсіпорынның қонақжайына орналастырды. Бізге, шопыр екеумізге бір бөлме, ағамызға жеке бір бөлме тиді. Кейін білсем, ағамыз «Элита» деп аталатын өзгеше, бекзат тұқымнан екен. Біз қайдағы бір кәкір-шүкір, «Раб» («рабощий» деген сөзім ғой) деген тұқымнан болған соң ба, шопыр екеумізді қосақтай салыпты. Шопыр бала бір ғажайып жігіт болып шықты. Екеуміздің әңгімеміз жарасты. Кейде тіпті сағаттар бойы әңгімелесеміз. Шынына келгенде, бұл жерде шопырдан басқа менің әңгімемді тыңдайтын да ешкім жоқ еді. Бекзат тұқымнан шыққан ағамыздың айналасындағылар да шетінен атқамінер-белсенділер. Олардың біздің әңгімемізді ұрғаны бар ма? Ал маған шопыр баланың әңгімесінен артық ештеңе жоқ еді. Әлгі «Элитадан» бөлек кеткеніме қатты қуанғаным соншалық, кеудемді кере демалдым. Оның үстіне ағамыз осында келгелі мені көрсе тіксініп, өзін тым биік ұстайтынды шығарды. Сөйтсем, көрмегенім әлі алдымда екен. 

Бұрын етене болмаған соң ағамызды білмейді екенмін. Қарапайымдардың айтқанындай, дүниеқор, бұл кісіңіз тым қатал да, тықыр, есектің тұяғынан да қатты, алды тар, ызғары бетіне шығып тұратын адам болып қалыптасыпты. Жұмыртқадан жүн қырыққан ағамыздың күлкісінің өзі суық, ішіңді мұздатып жібереді. Қыстың күні қар бермейтін көкеміз әкімдікте қызмет жасады емес пе, сөйлеген сөздері де мірдің оғындай, жүрегіңе найза сұғып алғандай екен. Ал тықырлығы мен көріп жүрген адамдардың ішінде жоқ, елден ерекше сұмдық екен. Пайдасы тиетін адамның алдына түсіп, жалбақтап, жорғалап кетеніні өзгеше. Әгәркім, титтей де пайдасы тимесе, өлдім десең де жоламайды. Тек пайда үшін, ақша үшін неден де болса тартынбайды. Біреудің қаттырақ сөйлегенін көтере алмайтын мен мынаған қалай шыдар екенмін деп ойладым.

Менің орным – мәшиненің алдында, шорындың қасында. Біздің жаңа қазақтардың заңдылығы бойынша шопырдың қасында отыру «Элиталық» тұқымдастарға «за подло». Өйткені шопыр дегендер баяғыша айтқанда «кучерлер» ғой. Кучер дегенді қазақ «көшір» дейді. Ал кучерлердің қасында отыру -- тегі асыл, элита тұқымдастарға жататындар үшін обал емес пе? Олардың қасында мен секілді ақын-пақын, қаламын кеміргендер отырса жарасады да. Кеңес өкіметінің кезінде небір қарындары кебежедей-кебежедей совхоз директорлары, аудандың бірінші хатшыларының өзі шопырдың қасында, мәшиненің алдында отыратын. Тәуелсіздік алғалы бері биікке ұмтылған қазақтар, шіренуді шен көрген қазақтар, бірінен бірі асып түсуді мақтан көрген қазақтар анау-мынауды менсінбейтін болған. Әсіресе, облыс, аудан, ауылдардағы авторитеттер, жоғарғы эщалондағылар. Оның бергі жағында кейбір разборкалар мәшинеде жүргізіледі, соткаменен, кейде қасына аса маңызды бірулерді алып.. Сондайда шопырдың құлағы бірдемелерді шалып қалса, кешірілмейтін күнаға ұрынып та қалар. Сондықтан шопырмен бірге отырып жын қағып па?! Оның үстіне тәуелсіздік алғалы бері шопыр дегендер ең төменгі таптағы сіңірі шыққан екінші, бәлкім үшінші сортқа жатқызылған болса... Баяғыда. Октябрь революциясынан бұрын шенеуніктер пәуескемен жүретін болған ғой. Пәуескені екі ат тартады. Ат айдаушы – кучер пәуескенің алдында божыны ұстап отырады да. Ал шіренген немелер артында отырады бұйрық беріп, Біздің жаңа қазақтарға осындай кесапат солардың жұққан шамасы.  Біздің «Элитамыз да» шопырдың қасына емес, артқы жақта отырады. Қасында сусыны, мойынында сары түсті лентасы, бір емес, үш сотқасы, аса қымбат бағалы барсеткасы (сөмкесі дегенім ғой) қасында. Күн ыстық. Шөлдеп қаталап кетсең де. артқы жақтағы элитаның біздің заманға лайықтап бере салған тұқымы бір тамшы су да бермейді, берген емес. Өзі баппен ғана стақанына құйып рахаттанып ішіп отырады. Біз жұтынып-жұтынып, ернімізді жалаймыз.  Амал жоқ.  

Біздің элитамызға келіп жатқан адамдарда есеп жоқ. Күніге топырлаған адам. Қайтсін-ай, ертең Мәжіліске депутат бола қалса, пайдасы тиер дейді де.Бәрінің де есебі бар. Есепсіз күн көру -- бүгінде мәңгіүрттік. Олар ағамыздың тоңазытқышын толтырып, арақ-шарапқа дейін әкеліп тастайды. Сайлауға керек болар дегенсіп, қалтасына қаражаттарын тықпалайды. Ашықтан ашық қомпайтып конвертке, томпайтым қағазға орап береді қаражатты. Қанша дегенмен білікті адам емес пе, әлгілердің ұсынған қаражатын көргенде, тышқан көрген мысықтың көзіндей ағамыздың көзі жайнап кетеді. Конвертті ала сала, жалма-жан жатса-тұрса қолынан тастамайтын кішкене ғана құны қымбат барсеткасына сала қояды. Кей күндері түнімен ұйықтай алмай шыға ма, екі көзі қып-қызыл болып кетеді. Мен шопыр балаға қараймын, ол жәйлап қана «Бүгін ешкім келмепті» дейді. Мен екі жағама түкірініп аламын. Мәжілістен бұрын ағамыз осында қаражат жинау үшін келген екен ғой деймін, әрине, ішімнен. Аз күнде ағамыздың мінезіне қаныққан мен, шопырдың қасында түк білмегенсіп отыра беремін. Оған келіп жатқан тамақтарды, арақтарды шопыр бала ағамыздың бөлмесіне тасып, тоңазытқышына орналастырып жатады. Тамақ демекші, қонақ үйдегілер бізге үш мезгіл тамақ береді. Қонақ үйдің қожайыны бір айналайын жігіт екен, бізге шамасына қарай бар жағдайды жасауға тырысыпты. Сайлауда жеңіп шығуымызға ол да ділгір. 

Менің міндетім, кандидатпен бірге учаскелерді аралау, ол жерде қандай жағдайлар болғанын жазып, газетке, теледидарларға жіберіп отыру. Елдің алдына шығып сөйлейтін кадидаттың сөзін дайындау. Есебін жазу, оны аудандық сайлау округіне тапсырып отыру. Маған бәрінен де ауыр тигені, кандидаттың сөзін дайындау болды. Кандидатымыз кем дегенде күніге үш-төрт жерде кездесу өткізеді. Әр кездесуде әр түрлі мақамда сөйлеуі қажет. Оның үстіне Ұзақ ауданының бар жағдайын біле бермеймін. Күні бойы кандидатпен бірге ел аралап кетемін. Сол кездерде мәлімет жинап, Ұзақ ауданы туралы кітаптарды ақтарып, тыным таппаймын.  Түнге қарай компьютердің алдында отырамын. Келесі учаске туралы, ауыл адамдарының ахуалы жайлы ағамыздың сөзін дайындаймын. Кандидатымыз келген кісілерін қабылдап, арнайы қаладан қыздар алдырып сауналатып, думандатып жатады. Кейде әлдеқалай бір сұрақпен бөлмесіне бара қалсаң, қылмыскерді көргендей кірпішенше жиырылады келіп. Жерге кіріп кете жаздаған мен бөлемесіне бас сұқпаймын. Кандидаттың жасайтын баяндамасы құрығыр діңкәлатып, түнгі сағат 2-3-ке дейін бітпей зығырданымды қайнатады. Қонақ үйдің шақтап берген там-тұм тамағы жұмырыма жұқ та болмай, қарным ашады, әсіресе қинайтыны -- шай. Шайқор басым, ащы шай болмай, сақинасы бар адамдарға ұқсап басым сынып кете жаздайы. Ағамыздың шайы түгілі, тоңазытқышында толып тұрған тамағынан бізге бір мысқалы да берілмейді. Екі күнде бір рет шопыр бала тоңазытқышын тазалайды. Бізге қимаған ет-пет, шұжық,  майлары жарамай қалатын көрінеді.  Соны шопыр бала далаға шығарып тастайды. Дұрысы, кандидатымыз бізді тамақ ішеді-ау. немесе шай ішеді-ау деп ойламайды. Ол үшін біз роботтар секілдіміз. 

Маған шопырлар, қаруылдар құмар. Мен олар үшін Адаммын. Олар мен үшін Адам! Бір күні Коля деген шопырға бала базардан шәйнек, құрғақ шай әкеліп берді. 

Мен оған тап бір өлген шешем тіріліп келгедей қуандым. Қасымдағы шопыр баланың түкке қауқары жоқ. Ол байғұс авторитетіміздің айтқанын істеп зыр жүгіреді, қалтасында көк тиыны да жоқ. Ал мен ше, елден кеткелі оншақты күн. Қайбір жетісіп жүрмін. 

Ертеңіне Коля шәйнек әкеліп берді. Түн жарымында сол жердің завхозы бір корап шәймен ішетін оны-мұнысын әкеліп тастады.  Кандидатымыз секілді қыздарменен көңіл көтеріп, шұжық пен қазы жемесем де, шәйға қолым жетіп қарық болдым да қалдым. Адамның қарідін білетін айналайын «кучерлер-ай!»

Ауданның аумағы үлкен. Тарихи жер. Әсіресе, әулие-әнбиелер мол. Кандидатымыз палшыларға, әулиелерге құмар. Тіпті дұға оқып жолыңды оңғарады екен дейтіндерді құр жібермейді. Таңертең ерте палшыларды аралап, құшнаш, балгерлерді жағалап кетеді біздің кадидатымыз. Тым құдайшыл, намаз оқуға да шақ қалып жүр. Амал не, Кеңес одағының тәрбиесімен өскен, марксист, коммунист, атеист ағамызға әзірге намаз жұғатын емес. Барып жүрген құшнаштарының бірі «Бес уақыт емес, күніне он мезгіл намаз оқысаң, депутат боласың» десе құмалағын салып отырып, онда кандидатыңыз күніне он рет құбылаға жүзін бұрмақшы. Күндердің күнінде біздің авторитетімізге бір сәуегей «Осындағы әулиелерді аралап, атағаныңды бер» деген көрінеді. Сол күні түнімен түсіне аталары – Жарықбас, Жабағы дегендер кіріп шығыпты. Өмірі көрмеген аталарын түсінде қалай танығанын кім біліпті, әйтеуір, ертеңіне іріңдеңкіреуге жақындап қалған көзінің алдын сүртіп тұрып:

- Біз осында келгелі әулиелерді араламаппыз ғой өзі. Олар маған қапа болып та жатқан шығар, -- деді осы жердің әулиелерін туған құдаларындай көріп.  – Ертеңнен бастап аралап шығайықшы. 

Оны есітіп:

- Енді жетпегені осы еді, -- деп күң етті шопыр бала.

Қасымыздағы «ләпбай тақсырлар» бастарын шұлғып, өмірде болмаған жаңалық ашқандай қабылдап жатты оның сөзін. Ертеңіне ерте тұратын болдық.

Таңертең сағат 6-да тұрып тысқа шықтым. Сөйтсем біздің авторитет әлдеқайдан келе жатыр. Үстінде өзі жақсы көретін спротивка, аяғында крассовка, басында күнқағары бар кепка., мойнында сары түсті лентасы. Бұрын біздің асыл тұқымдының, немісшелеп айтқанда арийліктің мұндайын байқамаған мен:

- Азанымен қайдан келе жатырсыз? -- деп қалдым ақылсыз адамдарша.

- Атамыздың басынан келе жатырмын, -- деп мені жақтырмай өте шықты элиталық тұқымның жүрәті. 

Мен аң-таңмын. Ауылымыз алыста. «Әлде өзі айта беретін Жарықбас атасы мәнәйі себепермен осында жерленген бе екен? Бірге бармағанымыз ұят болыпты-ау», деп ойладым. Күдігімді сейілткім келіп, қасымда ербиіп тұрған шопыр баладан сұрадым. 

- Көке, мына жерде бір үлкен әулиенің қабірі бар екен. Соған барған ғой, -- деді шопыр бала.  

«Бәсе, айдаладағы Жарықбас не жейді бұл жақтан» деп көңілім орнына түсті. Сол күннен бастап осы күнгі құшнаштар мен сәуегейлер, тәуіптерге ұқсап әулиешіл болып алдық. Құдай біздің авторитеттің жолын бере гөр деп шығамыз таңертең. Бұл дүниеде көмегі тимесе де, о дүниеде қамқор болар деп. Элиталық тұқымнан болған соң, кім біліпті о дүниеде де депутат бола қалса... Етекті шеңгел сыдырып, темір таяқ тебендей, темір етік теңгедей болғанша деп тәуекел—қайыққа мініп, жүріп кеттік. 

Сонау-сонау замандардан келе жатқан үлкен әулиенің басына келдік. Қасымызда Ұзақ ауданында тұратын бір жегжтымыз бар. Бәріміз соның «Джипіне» мінгенбіз.  Менен басқалары спрот костемдерін, ағамызды ұсынған партияның аты жазылған кепкаларын киіп алған. Әулиенің шырақшысы салған жерден: 

- Дәрет алмасаңыздар, әулие қабылдамайды, --деді.

Дайындап қойған құмғандарын алып, әжетханаға жөнелдік. Бұрын кім дәрет алып көріпті. Естігендерімізді қайталап, білген кәлимамызға тілімізді келтіріп, элиталық тұқымның тілеуін тілеп тазаландық-ау. Әулиенің жүрген жерлерімен жүріп отырып, сағанасына кірдік. Сағананың ішін күңірентіп, мақамына келтіріп шырақшы құранын заулатты. Бет сипап орнымыздан тұрдық. Анадай жерде садақа жәшігі бар екен. Бәріміз соған атағандарымызды тастап жаттық. Біздің авторитет садақа жәшігіне бұрылмады. Мен қайран қалып, тілегі қабыл болмай қалмаса болғаны деп тұрдым іштей. 

Мәшинеде келе жатырмыз. Алдында отырған мені иығымнан түркен элита:

- Сен көп оқығансың ғой. Айтшы. Жаңа әжетханада дәрет алып тұрғанымда, құдай ұрып алтын сақинам әжетханаға түсіп кетті. Салмақты, қымбат перстин еді. Үзын таяқпен қанша әрекеттенсем де ала алмадым. Содан кейін ештеңе тастамадым әулиеге. Бәлкім алтын перстин садақаға жарайтын шығар, ақыры әулиенің туалетіне түсті ғой, -- деді.  

Таяқпен әжетханадағы пәлекетті араластырып жатқан элитаның ұсқыны көз алдыма келіп, күлкі қыстаған мен алдыма қарап отырып секілдедім. Оның үстіне, алтын сақинасы бар болғыр ақымақ боққа түсіп кетсе, ол қалай садақа болып жарытпақ.  Не шайтан түрткенін білмеймін, элитаның ыпынына қарай алмай күлкі қысып әкетіп барады. Қарқылдап кеп күлейін десем, ағамыз ашуланып бұрқан-талқан болады.  Ішімді басып, өліп отырғанымда, қасымыздағы жегжат:

- Алла солай бұйыртқан шығар. Несі бар, шынында да әжетхана әулиенікі ғой, -- деді.  

Осы сөзден менің күлкімнің тоғаны бұзылды да кетті...

Құдай кешірсін мені.  Бұл заманда Құдай да элиталардың жолын беріп қойған, ғой. Бекзат тұқымдасқа күлемін деп Аллаға қарсы келіп қалармын деп тоқтаттым өзімді.  Кандидатымыз тіпті о дүниеде «сонда неге күлдің маған?» деп алдымнан шығып жүрсе, пәле ғой» деген ойдан иманым ұшты. Мен де пенде емеспін бе?! Дереу кәлимаға тілімді келтірдім. Құдай сақтап, мойнымдағы шайтаным қашып, күлкім тыйылды. Кейде элитаны кекетемін деп, Құдайға қарсы келіп қалсам, күнәмді кешірмес. Сақта Құдай, Әумин!

Біз бұл әуиенің басына қас қарая жеткенбіз. Алып келе жатқан қойымыз бар. Әулиенің басындағы шырақшы қақсап-сарнап қалған, жетпісті алқымдаған сары шал екен. Айтуына қарағанда, төрт қатыны бар. Әулиенің шарапаты тиіп әрқайсына бір-бір мәшине бітіпті. Айдалада жатып-ақ. Елден кем емес көрінеді. Қорасы толы мал. Мал болғанда да бұл маңайда жоқ асыл тұқымдылар екен. Осы есітіп тұрып, шалға «Біздің кандидаттан да асыл тұқымды ма екен» деп айтып қала жаздап барып тілімді тістеп отыра кеттім. Қойымызды жалаңдаған біреулер жайғастырып үлгерді. Төрт қатынның ең жасы оны қазанға салып жатты. Жаздың күні болған соң, маса да көп екен. Үп еткен жел жоқ. Қапырық қысып, буынып терлеп, өзімізді өзіміз шапалақтап масадан қорғанып отырмыз, жанды қоярға жер таппай. Түннің бір уағында қуырдақ келді буы бұрқырап, әндетіп самауыр келді қасымызға. Қуырдақты жеп, төрт қатынның егделеуі қайнатқан шайды қанып ішіп, әлдендік. Жататын кез келді. Керіліп-созылған біздің кадидатымыз:

- Шырақшының есігінің алдында жатқанша, әулиенің ішіне барып жатайық, -- деді.

- Ойбай-ау, көке, даладағы маса мынау. Ыстықтан буынып тұрған кесененің іші масаның ұясы ғой. Таланып не бар онда? – дедім мен.

- Сен түк те түсінбейді екенсің. Сонша жерден ниеттеніп келген соң, кесененің ішіне түнейміз. Сонда жолым болады менің. Кеше осында шығарда түсімде аян берген, -- деді Элита.  

Біздің үніміз өшті. Осы кісі тәуіп болып кетпесе жарады дедім. Бірақ тәуіптерге ұқсап, түсінде аян берсе, берген шығар, кім біліпті. Әйтеуір әупілдеп кекірмейді. Бірдеңе қона қалса керікіп те қалар, бәлкім. Бәрібір мен кесененің ішіне бара алмадым. Шопыр екеуміз кең мәшинеге жайғастық. Әлгі жегжатымыз мен Элита кесененің ішіне жатамыз деп кетті. 

Таңертең ерте тұрсақ, Алла сақтасын, жегжатымыз бен Элитаның көздері күп болып ісіп кетіпті. Екеуін де түнде масалар ортаға алып, оларға құдай беріп қалса керек.  Біздің байқап тұрғанымызды көрген Элита:

- Баяғыда аталарымыз Меккеге барғанда бұдан жаман қиындықтарға кезіккен. Үлкен жолға ниет еткен соң, шыдау керек бәріне. «Шыдаған жетер мұратқа» деген, -- деп күлімсіреген болды. Ісіп кеткен көзі күлмей қалды бірақ. 

 Шынында да сонша жерден ниет етіп келген соң, қойымызды сойып бата жасаған соң, ниетті қабыл ететін Алла әулиенің басында далада жатсақ та қабылдай бермей ме екен?  Қаладан жап жас орыс қыздарды алдырып, саунада, болмаса шопырды шығарып жіберіп мәшиненің ішінде-ақ қызыққа батып жүрген ағамыздың демде тақуа бола қалғанына, тіпті фанатик бола қалғанына менің жыным келді. Бірақ үндемедім. Іштей «Алтыны боққа түсіп, масаға таланып жатса да, бұлардың жолы болады. Ақша билеген заманда не болмайды?» деп ойладым.

Әулиелетіп келе жатырмыз. Далада қаптаған мал. Құйрықтары тегенедей-тегенедей қойлар жайылып жүр. Байдың тұқымы емес пе баяғы, біздің авторитеттің көзі малда. Осыларға қарап тамсанып отырған Элита:

- Мына қойлар кімдікі екен? Соны біліңізші, -деді қасындағы жетжатқа.

- Бұл жақтың бәрін білемін ғой. Осы уақ малды Ұзақтың Ожар деген байбатшасы жақында ғана сонау Түркменстаннан әкелді, -- деді. 

Онан сайын ынтыққан Элита:

- Онымен сөйлесіп көріңізші, Сататын болса, мен бір 100 қой алайын. Ауылдағы малға қосып қойсам, менің малым да асыл тұқымданар еді, --деді. 

Жегжатымыз мақұл деген. Жолда қаталап, шөлдеп, шаршап, жататын жерге жеттік. Келе төсекке құлай кеттім. Көргендерім көз алдынан өтіп жатты. Бір сәт демімді алған соң, орнымнан тұрып Коляның шәйнегін токқа қостым. Ызылдап дыбыс берген шәйнек қайнай бастады. Тарсылдап кеткен басымды орамалмен таңып алған мен шәйді ұзақ сораптадым. Маған депутаттықтан гөрі, Коляның шәйнегі рахат еді. 

...Осындай машақатпен көкем депутат болды. Кейін есттім, депутат болып сайланған соң, элиталық тұқымның жүрәты өзіне әркім-әркім әкелген ақшаға сол қойлардан 100-ін сатып алыпты. Көптен бері қолы жетпей жүрген «Джип» дегенді ауыздықтап мініпті. Жанашырларының «Сайлауға жаратарсыз» деп берген ақшасы Элитамызға осылайша құт болыпты. Сөйтіп депутатыңыз дітіне жетіпті. Менің осы сайлауда ұққаным, «Депутатты халық қалайды, сайлайды» деген әшейін сөз, кандидатты депутаттыққа ақша сайлайды  екен. «Сайлау» деп елді шулату тек саясат үшін ғана керек нәрсе. Ой, Алла-ай, барлық мәселені ақша шешетін қоғамға тап келіппіз. Құдай қазақтың ақырын берсін!

«Өз ойым» бағдарламасына шүйліккен Нұрболхан Шарапов той жүргізгеніне 500 мың теңге алатынын айтты
Тайлақтың ғашығы Әмина Өмірзақоваға неге ренжігенін айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу