Асылхан Шалқаров: «Халық әртісі болғым келеді»

Oinet.kz 08-09-2011 1272

   Шымкентте Шәмші Қалдаяқов атындағы дәстүрлі «Менің Қазақстаным» байқауы облыстық деңгейде дүркіреп өтіп, жұртқа жаңа таланттарды танытқанына көп бола қойған жоқ.  Қазылар алқасы 30-ға жуық үміткердің арасынан шымкенттiк Асылхан Шалқаровты  бас жүлдеге лайықты деп таныса, бiрiншi орынды созақтық Мархабат Бейсенова иеленді. Бағы шауып, бабы келісіп, жұлдызы жанғандармен жолығып сөйлесудің сәті түскенде олар былай деп сыр бөліскен  еді. 

Screenshot_24.jpg

Асылхан Шалқаров: «Халық әртісі болғым келеді»

  - Алдымен Чайковский атындағы  музыка мектебін бітірдім. Одан әрі Шымкент қаласындағы саз колледжінде білімімді шыңдай түстім. 2009 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясынының  вокал бөліміне қабылданып, қазір профессор, Қазақстанның халық әртісі    Ғафиз Есімовтен дәріс алып жүрмін.  Бұған дейін де бірқатар байқауларға қатысып үлгердім. Мәселен, Ашхабадта өткен  «Абаза-2010»  халықаралық байқауында бірінші орын,  «Арай» жас әншілер байқауында екінші орынды иелендім. Бұл жолғы фестивальдің жеңімпазы болмасам да,  жүлделі орынды иемденетініме сенімді едім. Бірінші турда Шәмшінің «Арыс жағасында» әнін оркестрмен орындасам, екінші турда рояльмен «Нурикамалды» айтып бердім. Бас жүлдегер ретінде Астана  қаласында өтетін Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық байқауға жолдама алдым. Дайындықты бастап та кеттім. Байқауға Шәмшінің «Бақыт құшағында» әнін апармақпын. Екінші тур еркін тақырып болса, халық әні «Бурылтайды» орындаймын. 

    Көп кешікпей Мәскеуде  өтетін  халықаралық байқауда бақ сынамақпын. Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев секілді халық әртісі болғым келеді. 

   Менің өнерде жүргенімді ата-анам қолдайды. Жалпы, әкем Әділхан  жастайынан әнге құмартқанымен атамыз оның өнерге келуіне  қарсы болды. Содан амалсыздан  автожол институтына оқуға түседі. Қазір техникалық қадағалау саласында қызмет атқарады. Әкем өзі армандаған жетістікке менің жеткенімді қалайды. Айнұр, Айжамал есімді қарындастарым да саз  мектебінің  фортепиано сыныбын  бітірген. 

Screenshot_25.jpg

Мархабат Бейсенова:

«Домбыраны үш жаста үйреніппін»

-Әншілік қабілет  бойыма ана сүтімен дарыса керек. Домбыраны үш жаста   үйреніппін. Төрт жасымда  ауыл сахнасында Тынышбай Рахимовтың «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін орындаған екенмін. Күні кешеге дейін Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда  «Мыңжылқы» мәдениет үйінде жұмыс  істеп келдім. 

   Мен үшін 2011 жыл сәттіліктерге толы болды. Ақпан айында «Арай-2011» байқауына қатыстым. Сол жолы талай талантты жасты тәрбиелеген белгілі әнші, ұстаз  Әбдіхан Нұрмағанбетов: «Шәмшіге арналған  байқауда  бағыңды сынап көр. Даусың ұлы композитордың  әндеріне келеді екен», - деді. Тәуекел етуге бел будым. Іріктеуден  өтіп, ақтық байқауға жолдама алдым. Шәмшінің  «Еркежан» әнін  және  Созақтың талантты сазгері Айтжан Нұрсейітовтің  «Созақ деген елім бар» атты әнін орындадым. Жүлдеге ілігуім  бір бөлек, ал «облыстық филармонияда оркестр әншісі боласың ба?» деген ұсыныс түскенде қатты толқыдым. Жұмысқа бірден кірісуге келістім.

     Анам әнді керемет шырқайды, той-думанның көркі. Сіңлім биыл Шымкент қаласындағы саз колледжіне оқуға түсті. 

Oinet.kz мұрағатынан

«Лениншіл жасымды» сағынамын» дейді суретші, фототілші Қасымбек Нұрбеков
Райм мен Артур рекорд орнатты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу